Бір жылдан бері Алёна Малькова-Солопова партия ғимаратына келіп, кешкі уақытта тегін сабақ беріп жүр.
Мемлекеттік тілді жетік меңгерген орыс қызы Зеренді өлкесіндегі Троицк ауылында дүниеге келген. Бұл ауылда негізінен өзге ұлттың өкілдері тұрады. Мектеп те орыс тілді болған. Алёнаның мемлекеттік тілді тез меңгеріп алғанына бойындағы тіл үйренуге деген қызығушылық әсер етсе керек.
Алёнаның бірінші мамандығы – биология пәнінің мұғалімі. Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау университетін қызыл дипломмен аяқтаған бойжеткен екінші рет қазақ тілі мен әдебиеті мамандығына түскен. Бүгінде Көкшетау құрылыс-технологиялық колледжінде сабақ бере жүріп, кешкілік партия жанынан ашылған «Сөйле» клубында қазақ тілін үйретеді.
«Біз Қазақстан Республикасының азаматы болғандықтан мемлекеттік тілді білу міндеті-міз деп ойлаймын. Қолымнан келгенше қазақ тілін үйренемін деушілерге мемлекеттік тілді меңгертуге тырысамын. Тіл үйренуге келушілердің дені өзге ұлт өкілдері. Олардың қатарында мұғалімдер, студенттер, дәрігерлер мен зейнеткерлер де бар», – дейді Алёна.
Тіл жанашыры пауэлифтингтен 13 дүркін Қазақстан және үш дүркін Азия чемпионы. Осы арада, пауэрлифтинг ауыр атлетика спортының бір түрі екенін, онымен айналысу екінің бірінің қолынан келе бермейтінін айта кеткеніміз артық болмас. Осындай батыл қадамға барып, онымен қоса халықаралық жарыстарда еліміздің абыройын асқақтатып жүрген Алёнаға тек сәттілік тілейміз.
Айта кететін болсақ, жалпы ел аумағында партияның бастамасымен мемлекеттік тілді үйретуге арналған 12 клуб ашылған. Бүгінде онда 2 000-ға жуық адам қазақ тілін үйреніп жатыр.