Жуырда Шымкенттік полицейлер 29 жастағы бикештің сөмкесінен 6 бір реттік доза салынған «синтетика» тауып, тәркіледі. Ол тағы екеуін жасырып үлгерген. Сондай-ақ күдіктінің өзі де есірткі шегіп алған. Анықталғандай, ол есірткі салынған пакеттерді Шымкентте тарату үшін Тараздағы жасырын жерден алып кеткен екен. Сонымен бірге түнгі клубқа барған 22 жастағы бойжеткен мен қасындағы 19-дағы досы екеуі есіртікінің бір реттік дозасын шұлықтарына жасырып алып кірген жерінен ұсталды. Сараптама қорытындысы тәркіленген заттардың мефедрон екенін растады.
Мәжіліс депутаты Болатбек Әлиев өткен аптада Шымкент қаласына іссапары кезінде осы мәселеге қатысты бірқатар өзекті жайттың бетін ашты. Шымкент полицейлері мәжілісмен қатысқан жиында есірткі қылмысымен күрес бойынша атқарған жұмыстары туралы есеп берді. Ресми мәлімет бойынша, былтыр бұл салада 612 қылмыстық құқықбұзушылық ашылған. Бұл бір жыл бұрынғыдан 34,5 пайызға артық. Заңсыз айналымнан 139 келі 191 грамм есірткі және 15 келі 379 грамм синтетикалық есірткі заттары тәркіленген. Шымкент қалалық ІІД бастығының орынбасары Серік Ергешов ұсталғандардың 70 пайызы 35 жасқа дейінгі жастар екенін, тіпті кәмелетке толмаған екі бала болғанын атап өтті.
Алайда осыншалықты көрсеткіштің өзі Мәжіліс депутаты Болат Нәжметдинұлының көңілінен шықпады.
«Есірткі қылмысының 33 пайызға көбейгені Құқық қорғау органдарының жақсы жұмыс көрсеткіші дей алмаймыз. Бұл Шымкент қаласында есірткі саудасының артқанын білдіреді. Синтетикалық есірткіні қалай, қайдан сатып алуға болатыны туралы жарнамаларды оп-оңай кезіктіруге болады» , – деп қатаң ескертті Мәжіліс депутаты.
Болатбек Әлиев бұған дәлел іздемей-ақ наркограффитиді көпқабатты үйлерде, гараждарда, мектептер мен балабақшалар маңындағы қоршаулардан табуға болатынын, тіпті көптеген трафареттік әріп бүріккіш бояумен боялғанын еске салды.
Мәжіліс депутаты есірткінің заңсыз айналымымен тосқауылдың түр-түрін жасап көру керек екенін ескертті. Шымкент қаласы орталығындағы қоршаулар мен бағаналар, тіпті жылу құбырларының үстіне де траферетпен жарнамалар ілінгенін атап өткен Болат Нәжметдинұлы тіпті Майлықожа көшесінің бойында есірткі тасымалдаушыларға арналған бос орындар туралы хабарландырулар әрбір 5 метр сайын ешқандай кедергісіз ашық түрде ілініп тұрғанын ашына жеткізді. Өкініштісі, тәртіп сақшыларының көз алдында орталық көшелердің бойында болып жатқан бұл жағдайды қалай түсінуге болады?!
«Біз ең алдымен осындай есірткі граффитилерін таратып, есірткі қорын жинайтындарды іздеуіміз керек. Оның үстіне бұл бейнебақылау орнатылған көшелерде де болып отыр. Осыдан 11 жыл бұрын құрылған Жедел басқару орталығы қаладағы 10 500 және 3 600 ішкі бейнебақылау камераларын тұрақты бақылап отыра алмайды. Бұл тиімді емес. Орталықты кеңейту бойынша жасалып жатқан жобалық-сметалық құжаттамаға қаланы бақылау үшін жасанды интеллект қосылып, жаңа құрал-жабдықтар сатып алу қажет», – дейді депутат.
Осылайша, бұрын есірткі тасымалы қолдан-қолға өтіп жүрсе, енді заман ағымына қарай есірткінің де электронды тасымалы кеңге жайылып, оның қоғамға қаупі артып отыр. Оның үстіне синтетикалық есірткі жас ұрпаққа дерт болып жабысты.
Назгүл НАЗАРБЕК,
Шымкент қаласы