Онда депутаттар экологиялық таза көлікті танымал ету және электромобильдер инфрақұрылымын дамыту мәселелері бойынша заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. Сондай-ақ Халықаралық су ағындарын кеме жүрмейтін пайдалану құқығы туралы конвенция мен ЕАЭО шеңберінде медициналық мақсаттағы бұйымдар айналымы туралы хаттаманы ратификациялады.
17 ЗАҢ ЖОБАСЫН ҚАРАДЫ
Жалпы отырыстың күн тәртібінде барлығы 17 заң жобасы қаралды. Олар – сот жүйесі, судьялардың мәртебесі, процестік заңнаманы жетілдіру, Құрылыс кодексі, Су кодексі, Әкімшілік құқықбұзушылық, денешынықтыру, аумақтық қорғаныс сияқты құжаттар. Осы тақырыптардың ішінде депутаттар үш мәселеге баса назар аударды деуге болады. Олардың алғашқысы экологиялық таза көлікті танымал ету және электромобильдерге арналған инфрақұрылымды дамыту жайы. Заң жобасына бастамашы болған депутаттың бірі – Самат Мұсабаев әріптестеріне заң жобасына түзетулерді таныстырды.
– Заңның алғашқы жобасын дайындаған кезде электромобильдерді кеңауқымды қолдануға тежеуші фактор ретінде арнайы инфрақұрылымның болмауы және «мұнай өнімдерімен» жүретін көліктер құнының төмендігін атап өткен едік. Қазір елімізде жағдай түбегейлі өзгерді. Мысалы, 2023 жылдың 1 қаңтарында электрқозғалтқышпен 812 жеңіл көлік тіркелсе, он екі айдың қорытындысы бойынша 7 793 электр көлігі тіркелген, бұл дегеніміз электромобиль санының 9,5 есеге өскенін көрсетіп отыр, – деді ол.
Оның айтуынша, «жасыл» көліктерге сұраныстың көбеюі қажетті инфрақұрылымды дамытуды ілгерілетуді талап етеді. Заң жобасының қабылдануы осы қажеттілікті өтеуге мүмкіндік береді. Қосымша баяндамашы Экология мәселелері және табиғат пайдалану мәселелері комитетінің мүшесі Арман Қалықов та заң жобасында «электромобиль» және «электрмен қуаттау стансасы» деген жаңа ұғымдар енгізілгенін айтты. Электромобильдерді тұрақ пен паркингтерде арнайы орындармен қамтамасыз ету жоспарланған, ал олардың иелері автотұрақ ақысын төлеуден босатылады. Жолдарды жобалау кезінде электрмен қуаттау стансаларын орналастыру үшін резервке қою, оларды тұрғын және қоғамдық аймақтарда орналастыру көзделген.
Жиында сондай-ақ «Әкімшілік құқықбұзушылық туралы» кодекстегі ілеспе түзетулерде электр қозғалтқыштарымен жабдықталмаған көлік құралдарының жүргізушілеріне электр зарядтау стансаларымен жабдықталған орындарда тұрақтауға тыйым салатын норма енгізу ұсынылды. Талқылау қорытындысы бойынша депутаттар екі заң жобасын да бірінші оқылымда мақұлдау туралы шешім қабылдады. Құжаттарды одан әрі талқылау жұмыс тобының отырыстарында жалғасады.
Сондай-ақ Мәжіліс екі халықаралық құжатты ратификациялап, Сенаттың қарауына жіберді. Біріншісі – Халықаралық су ағындарын кеме жүрмейтін пайдалану құқығы туралы конвенция. Ол туралы Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов баяндама жасады.
– Конвенция бүкіл әлем бойынша трансшекаралық өзендерді, көлдерді және олармен байланысты жерасты суларын тең құқықты және тұрақты басқаруға ықпал ету үшін жаһандық құқықтық негізді қамтамасыз етеді. Оған қосылу Қазақстанның халықаралық құқық қағидаттары негізінде трансшекаралық өзендерді пайдалану және қорғау бойынша көрші елдермен ынтымақтастықтағы ұстанымын нығайтады, – деді министр.
Келесі құжат 2014 жылғы 23 желтоқсандағы Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде медициналық мақсаттағы бұйымдар айналымының бірыңғай қағидаттары мен қағидалары туралы келісімге өзгерістер енгізу туралы хаттамаға қатысты. Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғинияттың айтуынша, хаттамаға сәйкес мүше мемлекеттің ұлттық заңнамасының талаптары бойынша медициналық бұйымдарды тіркеу құқығын беру 2025 жылғы 31 желтоқсанға дейін ұзартылады.
– Бүгінде Қазақстан Республикасында 1 820 медициналық бұйымды өндіретін 118 отандық өндіруші бар. Ұлттық заңнама бойынша 12 мыңға жуық медициналық бұйым тіркелген, оларды Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде қайта тіркеудің қажеті жоқ, – деді министр.
Осы күні Мәжіліс комитеттері «ҚР Сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» Конституциялық заңға енгізілетін өзгерістер туралы заң жобасын, Құрылыс және Су кодекстерінің жобасын, сондай-ақ бірқатар жаңа заң жобасын жұмысқа алды.
АЛТЫННЫҢ ИГІЛІГІН КӨРМЕГЕН ҚАЛАШЫҚ
Жалпы отырыс соңында мәжілісмендер өзекті әлеуметтік-экономикалық мәселелер бойынша жауапты мемлекеттік органдарға 18 депутаттық сауал жолдады. «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Жарқынбек Амантайұлы Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр мен Бас прокурор Берік Асыловқа жолдаған депутаттық сауалында жыл басында Павлодар облысының Баянауыл ауданындағы «Майқайың Алтын» акционерлік қоғамы аумағында болған апат жайын қозғады.
– Ең өкініштісі, құлаған жердің астына бұрын шахта болғанын ешкім ескертпеген. Тіпті, үстінен жол салған және сол жолды қызметкерлер осы күнге дейін пайдаланып келген. Ал техникалық қауіпсіздік шараларына сай ол жерді қоршауға алып, қауіпті аймақ ретінде оқшаулап тастау керек еді. Бұл мәселенің басы ғана. Сорақысы, Майқайың кентінің «Шанхай» шағынауданының асты да шахтаға айналып кеткен. Апаттан кейін өміріне төнген қауіпке алаңдап отырған тұрғындар кен қазу барысындағы жарылыстардан үй іргесі солқылдап кететінін айтып отыр. 100-ге жуық шаңырақ орналасқан аумақ қазіргі опырылып құлаған жерден небәрі 500 метр қашықтықта орналасқан.
Бүгінде 10 мыңға жуық халық тұратын елді мекеннің негізгі тіршілік көзі де осы кен орындарында. Тек «Майқайың Алтында» мыңнан астам жергілікті тұрғын еңбек етеді. «Майқайың Алтын» ресми сайтындағы мәліметтерге сүйенсек, кәсіпорын құрылған уақыттан бері мұнда 16,7 млн тонна кен өндірілген. Бұл дегеніміз – 80 тонна алтын, 1 240 тонна күміс, 204 мың тонна мыс, 300 мың тонна мырыш. 13 млн тоннадан астам кен кәсіпорынға қарасты кен байыту фабрикасында қайта өңделген. Сөйте тұра, «Майқайың Алтын» өз қаржысына кентте ешқашан тұрғын үй салмаған, балалар алаңы, спорттық немесе әлеуметтік нысандар тұрғызбаған. Тек жылына жергілікті бюджетке барды-жоқты алым-салық төлеп келген.
Ал енді осы акционерлік қоғамның 100 пайыз акциясы Кипр Республикасында орналасқан Rence Enterprises LTD компаниясына, Милан Попович деген бизнесменге тиесілі. Еліміздің байлығына кенелген бұл бай-патшалардың ісін кім қадалауға алады? Осыған байланысты бірінші комиссияның жұмысын ашық әрі жұртшылықпен, жергілікті тұрғындармен бірлесе отырып үйлестіру керек. Екінші, осы маңдағы барлық шахталық жұмыс жүргізілген аумақты анықтап, оларды қауіпсіздік ережелеріне сай оқшаулау керек. Үшінші, шахтаның маңында орналасқан шағын ауылдың тұрғындарына барлық қауіпсіздік жағдайын қарастыру қажет. Төртінші, еліміздің байлығын пайдаланып, бірақ әлеуметтік көмекті дер кезінде көрсетпей отырған шетелдік компанияларға заң жүзінде қатаң шаралар қолданылып, ескерту жасалуы қажет. Бесінші, орын алған апатқа және техникалық қауіпсіздіктің сақталмауына түрткі болған жағдайға Прокуратура әділетті бағасын беруі қажет», – дейді аманаттық депутат Жарқынбек Амантайұлы.
ҮШҚОҢЫР АЛАТАУДЫҢ БАУРАЙЫНДА...
«AMANAT» партиясы фракциясы мүшелері атынан Премьер-Министрдің орынбасары Серік Жұманғаринге және Бас прокурор Берік Асыловқа депутаттық сауал жолдаған Мақсат Толықбай «Үшқоңыр» жайлауының «түйені түгімен, биені жүгімен жұтқан» ескі Қазақстанның жұмырында кеткенін ашына жеткізді. Біз де сауал мәтінін мұртын бұзбай жариялағанды жөн көрдік.
– Тау – жаратылыстың жарты бөлшегі. Ол қанша асқар, асқақ болса да, аспанның астында екенін ешкімнің естен шығаруға қақы жоқ. Бірақ ел аман, жұрт тынышта, «тау-тасты қойын-қонышына тығып, меншіктеп алыпты» дегенді естідіңіздер ме?! Ендеше айтайын.
Үшқоңыр деген таудың барын бәріңіз білесіздер. Талайлардың кіндік қаны тамып, тірлігіне арқау болған сол тау бүгінде сай-сала, қырат-жоталарымен түгел бір азаматтардың ғана меншігінде. Алматы облысындағы Үшқоңыр үстіртіне барар жолды басынан-аяғына дейін мұздай қаруланған топ күзетеді. Жол жоқ емес, бар. Бірақ жабық. Көзіммен көріп, сол таудың етегіндегі елмен тілдескен соң депутаттық сауалға арқау болып отыр.
Бірінші. Үшқоңыр Іле Алатау паркіне қарайтындықтан, ол аумақты Ұлттық парктің күзетшілері күзету керек емес пе? Әлде бұл тау «ДүниеАгро» компаниясына атасынан мұра болып қалған ба? Қыратқа кіреберістен 8 шақырым қашықта орналасқан резиденцияның аумағы ғана қоршалып, шлагбаум қойылса тағы бір сәрі... Ал жан баласын жуытпай, тауды айналдыра қоршап тастау – барып тұрған бассыздық. Қарасай ауданының тұрғындары өз жеріне өз малын жая алмай, пұшайман күйде отыр.
Біз «AMANAT» партиясы жайылым тапшылығын шешу үшін арнайы «Жер аманаты» комиссиясының тікелей араласуымен республика бойынша 9 миллион гектардан астам жер қайтарсақ, ал оның осы аймақтан 1 400 гектары ел игілігіне берілді. Сөйтсек, онымыз бекер екен, «аманаттық» ағайын! Жұртқа қажет жайылым жердің бәрі жаңағы қоршауда қалып қойған. Осылайша, жұрттың өз жеріне кірмек түгілі жаңағы қарулы бекеттен өтуге дәті жетпей жүр.
Анығы, «ДүниеАгро» ЖШС-ға 2004 жылы «Үшқоңыр» үстіртінде орналасқан жүздеген гектар жерге меншік құқығы заңсыз берілген. Өйткені заң талаптары бойынша, (23-бап, 50-бап, 8 және 43-бап) арнайы мақсаттағы жерлерді заңды тұлғалардың жекешелеп алуына құқығы жоқ. Тіпті, оны бөлуге де келмейді. Бұл нормаларды жергілікті прокуратура жақсы біледі. Бірақ жердің заңсыз берілу фактісі бойынша прокуратураның талаптарын сот қанағаттандырмай тастаған. Сорақысы да сол болып тұр. «Сонда Қазақстан Республикасының заңына шекесінен қарайтын бұл не қылған шектен шығу?», – деген халықтың базынасына қалай жауап береміз?!
Бұдан басқа, «Үшқоңыр» үстіртінде Steppe AgroMeat, Breeding Company сияқты екі-үш компания 13 597 га жерді әлі күнге дейін мақсатсыз пайдаланып отырғаны анықталды. Шұғыл қайтару керек! Алайда алпауыттармен алысуға әкімдік пен аудан прокурорларының пәрмені жетпей, тағы да дәрмені құри ма деген күдік те жоқ емес. Сондықтан Алматы облысының Қарасай ауданында болып жатқан заңсыздықтарға Бас прокуратура мен Үкімет шұғыл назар аударып, арнайы комиссия құрып, жоғарыда мен келтірген мәселелерге тиісті құқықтық баға беруі тиіс деп есептеймін. Президенттің ел игіліне қайтарылуы қажет жайылым жерлер бойынша тапсырмасын нақты орындауымыз керек, – деді депутат.
СУБСИДИЯ МЕН ҚАРЫЗ
Келесі сауал Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаровқа арналды. Асылтұқымды мал шаруашылығының өнімділігін және өнім сапасын арттыруды субсидиялау жайын сөз еткен депутат Бақтықожа Ізмұхамбетов азыққа жұмсалатын шығындарды субсидиялау гидрометеорологиялық қызмет растаған, өңірде азық дайындауға теріс әсер еткен төтенше жағдай жарияланған немесе қалыптан тыс ауа райы басталған кезде ғана жүзеге асырылатынына назар аудартты.
– Мал азығын субсидиялаудың тәртібін біржола бекітетін уақыт болды. Жылдар бойы өзгертіп, үлкен қиыншылықпен азық-түлік қауіпсіздігі үшін жүзеге асқан инвестициялық жобаларды сергелдеңге салуды қою керек. Бұл тәртіп бірнеше рет ашылып, жабылып, өзгеріп, нәтижесінде табиғаты ауыр аймақтардағы асылтұқымды сауын сиыр шаруашылықтары қиналуда. Мысалы, Атырау облысының мал азығын сырттан сатып алатыны баяғыдан белгілі. Бұл туралы министрлікке жылдар бойы жазылды. Бұндай жағдай басқа аймақтарда да бар. Соған қарамастан осыдан 10 жыл бұрын ашылған «Первомай» ЖШС қаланы сүтпен, сүт өнімдерімен қамтамасыз етіп келеді, – деді Қазақстанның Еңбек Ері, депутат, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Бақтықожа Ізмұхамбетов.
Ал депутат Қайрат Балабиев Бас прокурор Берік Асыловқа жолдаған сауалында Түркістан облысы Арыс, Түркістан, Кентау қалалары мен Қазығұрт, Отырар, Сауран, Сайрам және Шардара аудандарының жеке кәсіпкерлері мен шаруа қожалықтарының «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ Түркістан филиалы басшыларына заңсыз әрекеттері үшін қойған талап-өтініштерін жеткізді. Жоғарыда аталған азаматтар 2015-2018 жылдарда мал шаруашылығын дамыту үшін топтарға бірігіп, Түркістан облыстық филиалынан делдал «Арыс несие», «Наурыз-несие»», «Отырар несие» және «Яссы-несие» кредиттік серіктестіктері арқылы 5 жылға 6%-бен несие алып, кепілге өздерінің жылжитын және жылжымайтын мүліктерін қойған. Бүгінде 300-ден астам адам алған несие қарыздарын толық өтеген. Бірақ кепілге қойылған мүлік құжаттарын рәсімдей алмай, көптеген қиындыққа тап болған.
– Көпшілігі берешектерін 3 жыл бұрын жауып тастаса да, әлі борышкерлер есебінен шығарылмаған. Сондықтан басқа банктер мен несие ұйымдарынан қаражат ала алмай немесе мүліктерін де сата алмай отыр. Тіпті, несиелерін толық өтесе де, кепілге қойған мүліктерінен себепсіз айырылып қалу қаупі де бар. Оған себеп, делдал мекемелердің «Аграрлық несие корпорациясы» алдындағы қарызы. Мәселен, «Яссы-несие» КС қызметкерлері Түркістан облыстық филиалынан алынған 8 млрд теңге мөлшеріндегі қаражатты бірнеше адамнан құралған белгісіз топ болып кепілсіз несие ретінде таратып, аса ірі мөлшерде жымқырған. Қазір заңсыз несие беру фактісіне қатысты Экономикалық тергеу департаменті ҚК-нің 190 бабы 4-бөлігі 2-тармағымен сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізуде. Осы орайда, халыққа бір көзден несие берудің орнына корпорация мен оның Түркістан облыстық филиалы жеке тұлғалармен жұмыс істемейтін делдалдық және күмәнді кредиттік серіктестіктердің көмегіне неліктен жүгінгені түсініксіз. Олардың осындай ұшқары әрекеттерінен адамдар зардап шегуде. Азаматтардың конституциялық құқықтары шектелуіне наразылық білдіруі орынды. Олар алған несиелерін толықтай өтеген және делдалдық кредиттік серіктестіктердің жұмысы мен қарыздары үшін жауап бермейді, – дейді «AMANAT» партиясы фракциясының депутаты Қайрат Балабиев.
Осы айтылғандардың негізінде депутат Бас прокурордан «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ-ның Түркістан облыстық филиалы мен «Арыс несие», «Наурыз-несие»», «Отырар несие» және «Яссы-несие» кредиттік серіктестіктерінің Түркістан облысының халқына несие беруінің заңдылығын тексеріп, оның қорытындысы бойынша құқықтық баға беруін, берілген несие бойынша өз уақытында қарыздарын толықтай өтеген азаматтардың кепілдікке қойған мүлік құжаттарын қайтару мүмкіндіктерін қарастыруын сұрап отыр.
БАТЫСТА ЖЕР ЗАҢНАМАСЫ
ЖИІ БҰЗЫЛАДЫ
Депутат Абзал Құспан болса Бас прокурор Берік Асыловқа жолдаған сауалында Батыс Қазақстан облысы, өкінішке қарай, жер заңнамасы өте жиі бұзылатын аймақ екеніне назар аудартты. Ең сорақысы, ол заңбұзушылықтарды жергілікті әкімдердің судьялар арқылы оп-оңай заңдастырып алатыны. Осы ретте ол сөзіне дәлел етіп Жоғарғы Соттың азаматтық істер бойынша екі шешіміне сілтеме жасады.
– Біріншісі, былтыр АШМ Жер ресурстары комитеті тексеру жүргізіп, Орал қаласы әкімінің 20.02.2015 жылғы №605 қаулысын заңсыз деп тану туралы талап арызбен сотқа жүгінді. Бұл құжатқа сәйкес, қала тұрғындарына бағбандықпен айналысу үшін «Венера» бағбандық серіктестігі арқылы жер учаскелері заңсыз берілген. Заңсыздығы сол, аталған жер учаскелері Жайық өзенінің рекреациялық су қорғау аймағына жатады. Ол аумақта қалың ағаш өсіп тұр, соған қарамастан ол жерлер Жайық-Каспий бассейн инспекциясының келісімінсіз берілген. Нәтижесінде, қолданыстағы Жер кодексі, Су кодексі, Экология кодексімен, 200 мыңға жуық жер кезегінде тұрған оралдықтың конституциялық құқығы бұзылған.
Алайда сотта қала әкімінің өкілі заңбұзушылықпен толық келісе отырып, соттан ескіру мерзіміне, яғни жер берілгеніне 3 жылдан астам уақыт өтіп кетуіне байланысты уәкілетті органның талап арызын қанағаттандырудан бас тартуды сұрайды. Заңдылықты қадағалауы тиіс прокуратура өкілі де қалалық әкімдікті қолдап қорытынды береді, судья да олармен келісіп талап арызды қанағаттандырусыз қалдырады. Ал Жоғарғы Сот өзінің 01.12.2023 жылғы қаулысымен бұл шешімді заңды деп табады.
Ал екінші жағдайда керісінше. БҚО Жаңақала ауданы әкімінің бірнеше шаруа қожалық иесіне 2015-2017 жылдар аралығында ауылшаруашылық мақсатындағы жерлерді конкурстық процедурасыз бергені үшін қарау туралы уәкілетті органның талап арызын Жоғарғы Сот 13.12.2023 жылғы қаулысымен ескіру мерзімі өткеніне қарамастан, қанағаттандырып береді. Екі жағдайда да ескіру мерзімін қолдану туралы өтініш негізі бірдей, тексеруші де, сотқа жүгінген уәкілетті орган да бір орган, бірақ Жоғарғы Сот екі жағдайда екі түрлі шешім қабылдайды. Екі шешімнің арасы бар-жоғы 12 күн, ол аралықта жаңа заң қабылданып, азаматтық-процестік кодекс талаптары өзгеріп кете қоймағаны түсінікті, маған және менің сайлаушыларыма Жоғарғы Сот қалыптастырып отырған сот тәжірибесі түсініксіз, – дейді депутат.
Бұрын адвокат қызметін атқарған Абзал Құспан мұндағы заңсыздықтардың себебін де айтып берді. Екі істің салдары да бірдей. Бірінде экологияға нұқсан келсе, енді бірінде шаруалар жерінен айырылып қалып отыр.
– Бірінші жағдайда Орал қаласының сол кездегі әкімі А.Көлгінов қол қойған қаулы бойынша, заңсыз жер учаскесін алған жер иелерінің алдағы көктемде Жайық өзені жағасындағы ағаштарды қырқып, табиғатқа өлшеусіз зиян келтіре отырып құрылыс жұмыстарын бастауына кеңінен жол ашылды, себебі қолдарында Жоғарғы Соттың шешімі бар. Ол өз кезегінде қала тұрғындары мен табиғат жанашырларының ашу-ызасын тудыратыны түсінікті, алайда ол жер иелерінің құрылыс жүргізуіне ендігі жерде ешкім тосқауыл қоя алмайды!
Сонымен қатар осы іспен айналысу барысында қолыма «Венера» бағбандық серіктестігінің арызы бойынша жергілікті Антикор тарапынан жүргізілген тергеу материалдары түсті, оған сәйкес 2019 жылдан бастап осы факт бойынша тіркелген қылмыстық іс екі рет қысқартылған! «Жайық» өзені бойындағы жерлер әу баста жергілікті әкімдік, гипрозем және прокуратура қызметкерлері ұсынған тізім бойынша өз кісілерінің, орысша айтқанда «подставной» адамдардың атына рәсімделіп, кейін басқа адамдарға ауыстырылған. Бұл фактілер тергеу барысында анықталса да, қылмыстық іс бүгінгі күні тоқтатылған. Ең қызығы, дәл осы қылмыстық іс тергеліп жатқан тұста, 30.12.2022 жылы, яғни жаңажылдық қарбаласты пайдаланып әлдекімдер гипрозем мекемесінің архивіне қасақана өрт қойған, соның салдарынан жер кадастрының мәліметтер базасы орналасқан сервер жанып кеткен. Қазір бұл қылмыстық істе күдіктінің анықталмауына байланысты тоқтатылған. Неге екені белгісіз, бұл қылмыстық істер өзара тығыз байланысты болса да, бір өндіріске біріктірілмеген.
Ал екінші жағдайды алып қарайық, ондаған жыл бойы табан ақы, маңдай терімен жерлеріне малға қора, өздеріне үй-жай салып, ең бастысы мыңдаған бас мал жайып отырған қожалық иелері процедура бұзылды деген желеумен сол жерлерінен Жоғарғы Соттың шешімімен айырылып отыр. Ол өз кезегінде шаруа қожалықтары мен өз күнін өзі зорға көріп отырған ауыл тұрғындарының ашу-ызасын тудыратыны түсінікті жағдай. Сонда Жоғарғы Соттың көздегені не? Ол жергілікті әкімдер мен ауыл шаруашылығы министрлігінің жетегінде кетті ме, әлде мақсаты әлеуметтік жағдайды шиеленістіре түсу ме? – дейді депутат.
Абзал Құспан бұл мәселені қазіргі облыс прокуроры және антикор басшысына арнайы жолығып жеткізген. Қызметтеріне бұл оқиғалардан кейін тағайындалған бұл басшылар істі қайта жандандырып, әділдікті қалпына келтіреді деп сенеді. Жоғарғы Сот заңдастырып берген шешімнің артында осыншама заңсыздық жатқаны, тіпті қылмыстық фактілер болғаны еліміздегі құқықтық қатынастар ахуалының ушығып кеткенін білдірсе керек. Ендеше депутаттық сауалда көтерілген кейбір мәселелердің ендігі бір инстанциясы Конституциялық Сот болуы керек сияқты.
Нұрлан ҚОСАЙ