Нақтырақ айтқанда, UTC+6 сағаттық белдеудегі Астана, Алматы, Шымкент, Абай, Ақмола, Жамбыл, Жетісу, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Түркістан, Ұлытау және Шығыс Қазақстан облыстары уақытты бір сағат артқа жылжытады. Тиісінше, Атырау, Ақтөбе, Маңғыстау, Батыс Қазақстан және Қызылорда облыстарында бұрынғы сағаттық белдеу сақталады.
Бүгінге дейін қордаланған мәселені ғалымдар ой таразысына салып, уақыт белдеуінің қалыптан тыс өзгеруі биологиялық ритмнің бұзылуына алып келетінін айтып дабыл қаққан еді. Әлем тарихының қойнауына үңілсек, 1859 жылдары күллі жер шарын біртұтас жүйеге енгізу туралы алғашқы идеялар ортаға салынды. Зерттеушілер бұл өз кезегінде қозғалыстарға байланысты қиындықтарды шешіп әрі сауданы жеңілдетеді деді. Ал 1870-1871 жылдары барлық мемлекет үшін бір нөлдік меридианды таңдау мәселесі талқыланды. Дәл сол тұста Гринвич жүйесінің ыңғайлы тұстары айтыла бастады. Дерекөздерге сүйенсек, ашық судағы кемелердің көпшілігі осы жүйені қолданған деседі. Нәтижесінде, 1884 жылы қазан айында 25 мемлекеттің өкілдері АҚШ-тың Уашингтон қаласында кездесіп, әлемге Гринвич жүйесін енгізді. Қазір біз қолданатын UTC+5 және UTC+6 сағаттық белдеуі де аталған жүйеге негізделген.
1930 жылы Кеңес Одағы тұсында Сталиннің жарлығымен уақыт 1 сағат ілгері жылжытылды. Уақыт белдеуін өзгертуге табиғи жарықты тиімді пайдалану, сондай-ақ электр энергиясын үнемдеу мәселесі себеп болған. Мамандар елімізде наурыз айынан бастау алатын бірыңғай уақыт белдеуінің тиімді тұсы көп екенін алға тартады. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры, биология ғылымдарының докторы, хронобиолог Сұлтан Төлеуханов «декреттік уақыттан шығып, сағаттық белдеуді қалпына келтіру – Қазақстанның қалыпты жағдайына жақындауға жасалған қадам», – дейді.
– Табиғаттағы барлық құбылыс пен болып жатқан өзгерістер ырғақты. Бір уақытта күн шығады, бір уақытта күн батады. Бұл – күнделікті қайталанатын процесс. Қазақстанның жер аумағы үлкен. Кезінде Кеңес Одағы тұсында геофизиктердің талқылауының нәтижесінде уақыт белдеуі төртке бөлінді. Ал 1930 жылы «уақыт декреті» қабылданды. Сол шешімнен кейін біздің сағаттық белдеуіміз табиғи уақыттан бір сағат алға озып кетті. Мамандар бір сағатты алға жылжытқанда орта есеппен уақыт біркелкі болып тұрады деген пікірді ұстанды. Бұл – әлеуметтік көзқарас. Ал әлеуметтік фактор – объективтілікке жатпайды. Яғни, табиғаттан туындаған дүние емес. Субъектив болған соң уақыт белдеуін өзгерте беруге болады, – дейді ол.
Тағы бір атап өтерлік маңызды жайт, 2014 жылы Ресей декреттік уақыттан бас тартып, қайтадан 1 сағатты қайтарып алған. Осы қадамнан кейін елде уақыт өз қалпына келе бастаған көрінеді. Хронобиолог уақыт белдеуін өзгертудің ең маңызды тұсы адам денсаулығына тигізер әсері екенін назарға алды.
– Уақыт белдеуі ауысқанда солтүстіктен оңтүстікке қарағанда, батыс пен шығысқа қарағанда айырмашылық жарты сағат болады. Кейбірі «біз ұйқыға ерте жатып, ерте тұрамыз» деп наразы болып жатады. Түптеп келгенде, мұның барлығы табиғи уақыттан ауытқып, әлеуметтік уақытты пайдаланып отырғанымыздың себебі. Хронобиология, хрономедицина тілімен айтқанда, «десинхроноз». Бұл – ырғақтың шайқатылуы. Мұндай жағдай адам денсаулығының нашарлауына, психологиясына кері әсер етеді. Белгілі бір істі атқаруға деген ынтасы төмендейді. Заңдылық бойынша барлық қоғамдық ырғақты процесс табиғидан шығып тұру керек. Дамыған мемлекеттерді алып қарасақ, мәселен, Германияда сабақ таңғы 07:00-де басталса, оқушылар сол уақытта аудиторияда отырады. Бұл – тәртіп. Тәртіп болмай ештеңе де жүйелі түрде жүзеге аспайды. Ғылыми көзқараспен қарасақ, тәртіп бұл – реттік. Реттік – ырғақ. Ырғақ – сапасы бар қуат. Біздің сапалы қуатымыз көп болса, денсаулығымыз да мықты болмақ, – дейді хронобиолог.
Маман табиғи ырғақпен өмір сүру – ұзақ ғұмыр кешудің басты «формуласы» екенін атап өтті.
– Бір стаканға ыстық суды ақырындап құйып, шайқатып отырсақ, ыдыс жарылмайды. Ал стаканға ыстық суды бірден құйып жіберсек, жарылып кетуі мүмкін. Сонда қараңызшы, бір сағатта қандай өзгерістер болады?! Ерте жатып, ерте тұру қандай жақсы. Бұрын ата-балаларымыздың кезінде өмір сүру қаншалықты қиын болса да, ұзақ өмір сүретіндер көп болған. Себебі біз табиғаттың ырғағымен жүрген едік. Олар табиғатқа жақын болды. Жастың ұзақ болуы – осының арқасы. Табиғаттың барлық факторы бізге әсер етпей қоймайды. Мида эпифиз безі орналасқан. Күн сәулесінің әсерінен триптофан мида серотонин түзеді. Серотониннен мелатонин туады. Ал мелатонин шайқатылған ырғақтарды ретке келтіреді, – дейді С. Төлеуханов.
Әлеуметтік сағат ауысуы синдромы
Қолданбалы хронобиология маманы, Сауда және интеграция министрлігі жанындағы уақытты есептеу тәртібі бойынша ведомствоаралық жұмыс тобының мүшесі Болат Нұрқожаев қазіргі қолданыстағы уақыт өлшемінің зиянды тұстары бар екенін соңғы 5-10 жыл ішінде әлемдегі ғылыми зерттеулер дәлелдеп отырғанын айтады. Өзінің табиғи уақытына мейлінше жақын стандарттық уақытпен өмір сүру – адамдардың, әсіресе буыны қатпаған балалар мен жасөспірімдердің денсаулығы үшін тиімді.
– Өзіңіз де 9 ай оқудың 5-6 айында, яғни қыста балалар түгілі ересек адамдардың ұйқыдан тұра алмауын байқайтын шығарсыз. Себебі біз тап қазір қыста да жазғы уақытпен өмір сүріп отырмыз. Ал ұйқы мен иммунитет егіз ұғым болса, ағзадағы, тіпті клеткалық деңгейдегі жаңару, тазару, емделу процестері тек түнде өтеді. Бұл өміріміздің 3/1 уақыты жұмсалатын ұйқы мезгілі босқа кететін уақыт емес екені дәлелденген. Ал қазіргі декреттік уақыт қараңғы мезгілді әлеуметтік уақытпен кеш түсіріп немесе кеш жатып белгіленген оқу, жұмыс уақытына ерте тұрғаннан кейінгі ұйқы қысқаруына соқтырады. Ол, әсіресе 1 сағаттық белдеудің шығысынан гөрі батысында жақсы көрініс табады, – дейді маман.
Болат Нұрқожаев белдеулік уақыттан озық уақыт қолдану «әлеуметтік сағат ауысуы синдромына» шалдықтыруы мүмкін екенін айтады. Оның сөзінше, аурудың негізгі симптомдарының бірі – ұйқы жетіспеушілігі. Бұл рак, диабет, қан тамырлары, семіздік секілді әлеуметтік қауіпті аурулардың бастауы екенін медицина ғалымдары да жоққа шығармайды.
– Біз мәселені табиғи уақытқа сәйкестендірсек, физикалық, психикалық денсаулықтың қорғалуына ғана емес, экономика, қауіпсіздік, еңбекке қабілеттілік пен өмір сүру ұзақтығының артуына, тіпті жол-көлік оқиғаларының төмендеуіне, қоғамдық, отбасылық қатынастарға, мінез-құлықтың өзгеруіне тек оң әсер етеді. Мұның әрқайсысына әлем ғылымдары зерттеулерінің нақты ғылыми дәлелдері бар. Мысалы, 2018 жылы Қызылорда облысында уақытты бір сағат өзгерткеннен ешқандай қиындық бола қойған жоқ. Бірінші күні-ақ балалар «ұйқыдан өзіміз тұрдық» деп мектептеріне күлімдеп кетіп бара жатты, – дейді қолданбалы хронобиология маманы Б.Нұрқожаев.
Қытай халқы бір уақыт белдеуімен өмір сүреді
«Сіз үшін уақыт белдеуінің ауысуы тиімді ме?» Біз дәл осы сауалымызға оқырмандардың көзқарасын анықтау мақсатында арнайы сауалнама жүргізген едік. Бір қызығы, пікірлер ағыны екіге бөлінді. Сауалнамаға қатысушылардың 60 пайызы «иә, тиімді» деп жауап берсе, қалған 40 пайызы сағаттың артқа жылжуы күнделікті қалыптасқан тұрмыс-тіршілікке қиындық алып келуі мүмкін деп алаңдайды.
Ақтөбе өңірінің тумасы Ернұр Бақберген қазір Алматы қаласындағы жоғары оқу орындарының бірінде білім алады. Ол – уақыт белдеуінің өзгеруін қос қолдап қолдайтындардың бірі. Кейіпкеріміз, әсіресе демалыс уақытында Ақтөбеден Алматыға, Алматыдан Ақтөбеге қатынау кезінде жергілікті уақыт тұрғысынан қолайсыздықтар туындайтынын айтады.
– Бұл – мен үшін өте тиімді шешім. Себебі Батыстан Алматыға қарай жол жүретін болғандықтан, уақыттан шатасу жиі болады. Үлгермейсің немесе кешігіп қаласың. Елімізде бірыңғай уақыттың енгізілуі батыстықтар үшін ғана емес, жалпы Қазақстанға тиімді деп ойлаймын. Мәселен, Қытайдың жер көлемі бізден едәуір үлкен болса да, UTC+8 сағаттық белдеумен жүрсе де халқы бір уақыт белдеуімен өмір сүреді. Одан өзге тағы бір мәселе, қазір Алматыда кешкі 17.00-де қараңғы түседі. Ал батыс аймақтарда күн 22.00 шамасында батады. Осындай қарама-қайшылықтар бар. Егер сағатты бір сағатқа кемітетін болса, сәйкесінше Алматыда жаздың уақытында күн 20:00-де бататын болады. Ал қысқы уақытта 19:00-де батады. Сондықтан уақыт белдеуін өзгерту дұрыс шешім деп қабылдаймын.
Ал Мерей Маханбетова уақыт белдеуінің өзгеруіне келіспейді. Өйткені биологиялық сағаттың өзгеруі адам денсаулығына кері әсерін тигізуі мүмкін деп алаңдайды.
– Мәселен, бізде күн ерте батса, батыста кеш батады. Егер мұндай өзгеріс енгізетін болса, адамдардың тұрмыс-тіршілігі, балалардың сабаққа, үлкендердің жұмысқа баруы кезінде қиындық туындайды деп ойлаймын. Адамның өмір сүру дағдысына әсер етеді. Тым қараңғыда сабақтан, жұмыстан қайту әрі қауіпті. Қалай алып қарасақ та, бастапқыда қолайсыз болатын секілді, – дейді ол.
Сауалнама барысында жиі байқағанымыз, сағаттық белдеудің өзгеруін қалыпты қабылдайтын тұрғындар жиі ұшырасты. «Сағат өзгерсе де, тіршілік сол баяғыша жалғаса береді», – дейді алматылық тұрғындар. Қаың топтың қатарында Динара да бар.
– Меніңше, жаңа уақыт белдеуіне ауысқанда тұрған ештеңе жоқ секілді. Бастапқыда үйреніспеуіміз мүмкін, әрине. Бірақ бұл өзгеріске де үйреніп кетерміз. Уақыт белдеуінің ауысуы өзім үшін аса маңызды дүние емес. Күнделікті атқарып жүрген ісім, уақытым сол баяғыша өте беретін сияқты көрінеді. Керемет айырмашылық күтпеймін. Иә, бастапқыда кейбірі үшін ұйқы режимі жағынан қиындық туғызуы мүмкін. Себебі жаңа дүниені бастапқыда қабылдау қиынға түседі. Кейін үйреншікті дағдыға айналады. Адамдардың өмірі үшін қолайсыздық тудырады деп ойламаймын, – дейді Динара.
Естеріңізге салайық, адамзат өмірінің ажырамас бөлшегіне айналған уақыт белдеуі мәселесін реттеу ісін Сауда және интеграция министрлігі жанынан құрылған арнайы топ пысықтаған еді. Жалпы саны 60-тан астам мүше қатысқан топта Парламент депутаттары, қоғам қайраткерлері, ғылыми институттар, медициналық жоғары оқу орындары мамандары, орталық және жергілікті орган өкілдері бар.
Алтынай БАУЫРЖАНҚЫЗЫ,
Алматы қаласы