Ұсталғандар алаяқтықтың 6 фактісіне қатысы бар деген күдікке ілінді.
Павлодар облысында алаяқтықпен айналысқан қылмыстық топ ұсталды
1,243
оқылды

Павлодар облысында алаяқтықпен айналысып, азаматтардың 25 млн теңгесін жымқырған қылмыстық топ ұсталды,  деп хабарлайды Aikyn.kz Polisia.kz-ке сілтеме жасап.

Алаяқтықпен айналысқан қылмыстық топ ұзақ уақыт бойы Ақсу қаласы тұрғындарының, оның ішінде Ақсу ферроқорытпа зауыты қызметкерлерінің сеніміне кіріп, үлкен көлемдегі қаражатты иемденген. Қылмыстық топтың құрамында Ақсудың екі тұрғыны болды.

Ұстау шараларын Павлодар облысы прокуратурасының үйлестіруімен облыстық полиция ведомствосының Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының жедел қызметкерлері жүргізді.

«Ұсталған азаматтар алаяқтықтың 6 фактісіне қатысы бар деген күдікке ілініп отыр. Шығын көлемі 25 млн теңгеден асады. Сондай-ақ күдіктілердің Павлодар облысының аумағында болған басқа да қылмысқа қатысы бар-жоғы тексеріледі. Алаяқтық фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Күдіктілер Ақсу қалалық ПБ УҰИ-ға қамауға алынды», –  деді облыстық ПД ҰҚҚКБ бастығының міндетін атқарушы Диас Қадыров.

ҚР Конституциясының 77-бабы 3-тармағының 1-тармақшасына, ҚР Қылмыстық-процессуалдық кодексінің 19-бабы 1-бөлігіне сәйкес адам өзінің кінәсі соттың заңды күшіне енген үкімімен танылғанға дейін қылмыс жасағаны үшін кінәсіз деп есептеледі.