Сотталушылардың кінәсі толығымен дәлелденді.
Ақмола облысында Құрылыс басқармасы тұрғын үйден 50 миллион теңге жымқырған
Фото: gov.kz
678
оқылды

Көкшетауда 50 млн теңгеден астам астам ақша жымқырған Құрылыс басқармасына қатысты сот үкімі шықты,  деп хабарлайды Aikyn.kz

«Тапсырыс берушінің өкілі ретінде үйді қабылдап, мердігерге іс жүзінде аяқталмаған жұмыс үшін төлеген Құрылыс басқармасы бастығының орынбасары 8 жылға, мердігер ұйымның басшысы 7 жылға, сондай-ақ нысан құрылысына техникалық қадағалауды жүзеге асырған сарапшы 2 жылға бас бостандығынан айырылды, –  деп хабарлады облыстық прокуратурадан.

Үкімге Ақмола облысы прокуратурасы  Құрылыс басқармасының қызметін тексеру нәтижелері негіз болды.

«Осылайша, жоғарыда аталған тұлғалар Щучинск қаласында 50 млн теңгеден астам сомаға жобалық-сметалық құжаттамадан көптеген кемшілігі мен ақауы бар 100 пәтерлі тұрғын үйді пайдалануға қабылдағаны анықталды. Прокуратураның тексеру материалдары тергеп-тексеру сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке тапсырылған Қылмыстық кодекстің 189-бабы  4-бөлігі ("Сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иемденіп алу немесе талан-таражға салу") бойынша СДТБТ-да тіркелді», –  делінген ведомство хабарламасында.

Сотта соттталушылардың кінәсі толығымен дәлелденіп, іс бойынша айыптау үкімі шығарылды.

Сонымен қатар  үкімге облыс прокуратурасы наразылық білдіріп, сотталғандарға мемлекеттік қызметте қызмет атқару құқығынан өмір бойына айыру түрінде қосымша жаза тағайындалды.