Алматы облысында бес ауданды су басу қаупі бар, – деп хабарлайды Aikyn.kz Sputnik порталына сілтеме жасап.
Алматы облысының Қарасай, Талғар, Кеген және Райымбек аудандарында биыл қар мөлшері жылдағыдан көп түскен. Әсіресе Райымбек пен Нарынқол аудандарында топырақтың беткі қабаты 64 см-ге дейін қатып кеткен. Қазіргі күні су тасқыны жағдайын бағалайтын 42 гидропост қойылып, су тасқыны болуы мүмкін аумақтар үшке бөлінді, олар: жоғары, орташа және елеусіз қауіптілік.
– Жамбыл, Қарасай, Талғар, Еңбекшіқазақ және Іле аудандары су тасқыны болуы ықтимал аудандар ішінде жоғары тәуекелге ие. Ал Райымбек, Кеген және Ұйғыр аудандары орташа тәуекелге ұшырайды. Балқаш ауданы мен Қонаев қаласы су тасқыны елеусіз ғана болатын аумақтар, – дейді Алматы облысы ТЖД төтенше жағдайлардың алдын алу басқармасының бастығы Дәурен Азаматов.
Оның айтуынша, күн күрт жылынса бірнеше емес, Алматының барлық аудандарында су тасқыны болуы ықтимал.
– Жыл сайын су тасқынына бейім аумақтарда арық-канал желілері мен су бұру арналары орнатылады. Қорғаныс бөгеттерін салу және жөндеу, жағалауларды нығайту, өзен арналарын тереңдету және түзету бойынша кезең-кезеңмен, алдын алу іс-шаралары жүргізіледі. Су басу қаупі бар 27 учаскенің саны қазір 7-ге түсті, – дейді ведомство басшысы.
13 км арық қазылып, 153 км су бұру арналары орнатылған.
– Қызыл судан тұрғын үйлерді аман алып қалу үшін 0,150 мың м3 астам қар шығарылды. Су тасқынының алдын алу және оның салдарын жою үшін 58430 қапшық, 2989 тонна инертті материалдар, 75,81 тонна ЖЖМ көлемінде қорлар дайындалды, – дейді Дәурен Азаматов.
Алматы облысында 5 ауданды су басу қаупі бар.
Жалпы облыс бойынша 310 гидротехникалық құрылыс бар. Оның мемлекеттік меншікте 50, коммуналдық меншікте 143, ал 113-і жекеменшіктің қолында. 47 гидротехникалық құрылыс жөндеуді қажет етеді.
Ведомствоның мәліметінше, каналдар мен өзен арналарын қамыс пен қоқыстан тазартып, қызыл су ағатын арналарды тереңдету керек.
– Әсіресе елді мекендерде еріген су ағатын арық, тоғандарды тазартып, тереңдетіп қазу керек. Сондай-ақ су өтетін құбырлар мен көпір өткелдерін тазарту қажет. Қазірден бастап халық жаппай құлақтандырылса нұр үстіне нұр болар еді. Сонымен қатар республикалық, облыстық және аудандық маңызы бар жол учаскелеріндегі барлық құбырларды тексеру керек, – дейді ТЖД мамандары.