Мемлекет басшысы 19 қаңтарда Рим Папасының шақыруымен Қасиетті Таққа алғашқы ресми сапарын жасады. Қасым-Жомарт Тоқаев Ватиканда Рим Папасы Францискпен кездесті.
Қазақстан Президенті Рим Папасымен кездесті
1,179
оқылды

Қазақстан Президенті сөзінің басында әлемдегі адамзаттың игілігі жолындағы қажымас қайраты мен қажырлы күш-жігері үшін Католик шіркеуінің Жоғарғы Понтификіне ризашылығын білдірді.

– Сіздің дүниежүзі халқына бейбітшілік тілеген дұғаларыңыз мыңдаған католиктің ғана емес, басқа діндерді ұстанатын көптеген отанда­сы­мыздың жүрегінен орын алып, саналарына сенім мен үміт ұялатты. Бүгінде өркениеттер тоғысында орналасқан көпұлтты және көпконфессиялы Қазақстан Орталық Азиядағы ең ірі католик қауымының өз үйіне айналды, – деді Президент.

Мемлекет басшысының айтуын­ша, барлық діндердің өкілдері Әділетті Қазақстанды құруға елеулі үлес қосуда.

– Біз «бірлігіміз әралуандықта» қағидатына негізделген бейбітшілік пен ұлттық диалогтың өзімізге тән моделін қалыптастыра алдық. Елімізде түрлі діннің өкілдері өздерінің ғибадатханаларында құлшылық ете алады. Діни сенім бостандығы құқығын қорғау – менің саяси бағдарымның ажырамас бөлігі, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қазақстан Президенті Рим Папасы Францисктің «Қалаға және әлемге» атты дәстүрлі Жолдауын еске сала отырып, оның «Бейбітшілік – ең алдымен Құдайдың сыйы. Бірақ бұл – бәрімізге жүктелген үлкен жауапкершілік» деген сөздерін толық қолдайтынын жеткізді.

– Сіздің ұстанымыңызды толы­ғымен құптай отырып, біз көптеген айырмашылығымызға қарамастан, бейбітшілік идеяларын, мәдениеттер мен діндер арасындағы тұрақты диалогты, әртүрлі дінді ұстанатын адамдардың игілігі жолындағы дамуды ілгерілету үшін баршамызға бірлік керек екеніне сенімдімін. Ізгі ниет білдіруге уақыт жеткілікті, келіссөздер жүргізуге кеңістік те бар, даналық танытуға әлі де мүмкіндік мол, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев екіжақты қатынастар аясында Қазақстан шынайы достыққа, келісім мен өзара құрметке негізделген Қасиетті Тақпен арадағы бұрыннан келе жатқан серіктестік байланыстарды жоғары бағалайтынын атап өтті. Сондай-ақ белсенді саяси диалог жүргізіліп отырғанын, құқықтық базаны ретке келтіру, кеңейту үшін дәйекті жұмыстар атқарылып жатқанын жеткізді.

Қазақстан Президенті әлемдегі текетірестер мен алауыздық ошақтарын тоқтатуға бағытталған белсенді күш-жігері үшін Рим Папасы Францискке ризашылығын білдірді.

– Шын мәнінде, қазіргі геосаяси тұрақсыздық бүкіл жаһандық қауіпсіздік архитектурасына нұқсан келтіруде, сондай-ақ халықтарды үлкен қайғы-қасіретке ұшыратып, экономикалық қиындықтар тудырып отыр. Қазақстан ізгілікті жақтайтын мемлекет ретінде жаһандық бейбітшілік пен қауіпсіздікті қолдауға іс жүзінде елеулі үлес қосуда. Біз әлемнің түрлі қақтығыс ошақ­тарындағы БҰҰ-ның бітімгершілік миссияларына атсалысамыз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Өз кезегінде Понтифик бей­бітшілік пен келісімді қам­тамасыз ету ісіндегі күш-жігері үшін Қазақстан Президентіне алғыс айтты.

Кездесу соңында Мемлекет басшысы мазмұнды кездесу үшін Рим Папасына алғыс айтып, Қазақстан алдағы уақытта толе­ранттылық, үйлесімділік, бауырластық идеяларын дәріптеу ісінде Қасиетті Тақпен ынтымақтастық жасауға ниетті екенін растады.

Президент ресми сапар барысында Қасиетті Тақтың мемлекеттермен байланыс жөніндегі Хатшысы Пол Ричард Галлахермен кездесті

Қасиетті Тақтың Хатшысымен кездесу барысында Қасым-Жомарт Тоқаев Рим Папасы Францискпен өте мазмұнды әрі нәтижелі жүздесу болғанын атап өтті.

Мемлекет басшысының айтуын­ша, Ватиканның дәйекті қолдауының арқасында Қазақстан өткізіп жатқан Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съездері діни қауымдар арасында өзара түсіністік пен құрметті нығайтатын маңызды алаңға айналды.

Президент Католик шіркеуі басшысының елімізге жасаған тарихи сапарының бейбітшілікті насихаттау, бірлікке шақыру тұрғысынан символдық мәні болғанын еске салып, бұл сапар тек Қазақстандағы католик қауымының ғана емес, өңірдегі басқа да дін өкілдерінің арасында кең қолдау тапқанын атап өтті.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы еліміздің Қасиетті Тақпен білім беру, денсаулық сақтау және климаттың өзгеруіне қарсы күрес салалары бойынша өзара байланысты нығайтуға айрықша мән беретінін жеткізді.

Қасым-Жомарт Тоқаев қазақ­стандық ғалымдардың Ватикан кітапханасы мен Апостол архивіндегі тарихи материалдарды тегін зерттеуіне мүмкіндік бергені үшін архиепископ Пол Галлахерге ризашылығын білдірді. Сондай-ақ Президент Ана мен бала ұлттық ғылыми орталығы және Ватикан Bambino Gesu педиатрлық госпиталі арасындағы ынтымақ­тастықты құптады.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақ­станның бейбітшілікті, өзара құрметті нығайту үшін этносаралық және конфессияаралық келісімге бейілді екенін тағы да растады.

Кездесу соңында Президент Қасиетті Тақтың басшылығын Астанадағы Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының кезекті съезіне қатысуға шақырды.

Ватиканға ресми сапары бары­сында Қасым-Жомарт Тоқаев Сикстин Капелласын, Әулие Петр мен Па­велдің Капелласын (Паолина Ка­пелласы) және Апостол сарайындағы Король залын аралап көрді.

Президент экскурсия барысында Микеланджело мен басқа да көрнекті шеберлердің өнер туындыларын тамашалады, сондай-ақ Ватиканның бай тарихымен танысты.