Парламент палаталардың бір­лес­кен отыры­сында депутаттар Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақ­стан Рес­пуб­ликасы Қарулы Күш­терінің бітім­гершілік контингентін БҰҰ мис­сия­ларына қатысуға жіберу туралы ұсынысын қолдап дауыс берді.
Бітімгершілік күштерін жіберу туралы ұсынысты қолдады
539
оқылды

Мәжіліс Спикері Ерлан Қошанов­тың төрағалығымен өткен палата­лардың бірлескен отырысында Мәжіліс пен Сенат депутаттары Мемлекет бас­шысы­ның Қазақстан Қарулы Күш­терінің бітімгер­шілік контингентін Біріккен Ұлттар Ұйымы миссияларына қатысу үшін жіберу туралы ұсынысын қарады.

Мемлекет басшысының Парламентке үндеуін Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықов оқып берді. Ұсынысқа сәйкес резервтегі рота, штаб офицерлері, әскери бақылаушылар және мамандан­дырылған бөлім­шелер саны 430 адамға дейінгі бітімгершілік контин­гентін мына бағыттар бойынша жіберу жоспарлануда: «Голан биіктеріндегі БҰҰ-ның бөлуді байқау күштері» (UNDOF, Сирия–Израиль), «БҰҰ бітімге келу шарттарының орындалуын байқау жөніндегі органы» (UNTSO, Палестина–Израиль), «БҰҰ-ның Оңтүстік Судан Республикасындағы Миссиясы» (UNMISS, Оңтүстік Судан), «БҰҰ-ның Абьейдегі қауіпсіздікті қамта­масыз ету жөніндегі уақытша күштері» (UNISFA, Судан).

2014 жылдан бастап 67 Қазақстан офицері БҰҰ-ның Батыс Сахарадағы, Кот-д’Ивуардағы, Малидегі, Орталық Африка Республикасындағы және Ли­ван­дағы миссияларына әскери байқаушы және штабтық офицер ретінде қатысты. 2018 жылдан бастап 538 Қазақстан әскери қызметшісі бітімгершілік бө­лімше құ­рамында «БҰҰ-ның Ливандағы уақытша күштері» миссиясына қатысты. Қазіргі уақытта Қазақстан әскерилері БҰҰ-ның миссияларында: Батыс Саха­рада 6 офи­цер, Орталық Африка Рес­пуб­ли­касында 2 офи­цер, Конго Демо­кратиялық Рес­публикасында 2 офи­цер, Ливанда 9 әс­кери бар.

БҰҰ-ның миссияларына қатысу Қазақстан Қарулы Күштеріне әскерлердің жауынгерлік машықтарын жетілдіру үшін пайдаланылатын бітімгершілік операция­ларға тән қажетті жауынгерлік дағдыларға қол жеткізуге мүмкіндік береді.

Мәжілістегі Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Айгүл Құспан Қа­зақстан өзін БҰҰ-ның жаһандық бейбітшілік пен қауіп­сіздікті қамтамасыз ету жөніндегі миссияларының жауап­ты қатысушысы ретінде таныта білгенін, аз уақыт­та халық­аралық бітімгершілік процестерде озық позицияларға ие болғанын атап өтті.

– Бүгінгі ел Президентінің ұсынысы мемлекеттің  тәуелсіздік алған алғашқы күндерінен бастап жүргізіп келе жатқан бейбітшілік пен халықаралық қауіп­сіздікті нығайту жөніндегі ел саясатының сөзсіз жалғасы екені анық, – деді А.Құспан.

Талқылау қорытындысы бойынша Парламент депутаттары Мемлекет басшысының БҰҰ миссияларына қатысу үшін Қазақстан Республикасы Қарулы Күш­терінің бітімгершілік контингентін жіберу туралы ұсынысын қолдау туралы шешім қабылдады.