Cалон д’Отомн деп аталатын мәдени іс-шарада әлемнің түкпір-түкпірінен келген мыңнан аса әртіс өз шығармашылықтарын паш етті.
Әсел Сабыржанқызының өнерімен әлеуметтік желі қолданушылары жақсы таныс. Жас талант иесі кілем үстіне қылқаламмен сурет салады. Шебер Ұлы даланың батыл қыздарын бейнелеген кілем-картинасын көпшілік назарына ұсынды.
– Менің шығармашылығым ел тарихындағы ұлы тұлғаларға арналады. Өз замандастарымды елге еңбегі сіңген кейіпкерлермен таныстырсам деймін. Сол себепті туындыларымды әлем деңгейінде жарыққа шығарғым келеді, – дейді суретші Ә. Сабыржанқызы.
Көрме басшылығы Әселдің көз тартар туындыларына ерекше қызығушылық танытты. Сол себепті келушілердің көз алдында Франция саясаткері әрі гуманист Симон Вейльдің портретін бейнелеуін өтінген. Ал картина Париж көрмесіне табысталады.