Дүниежүзілік көшпенділер ойыны қарсаңында республикалық «Құлагер» әдеби байқауы жария­ланады.
Ең қастерлі өнер – көркем әдебиет
1,008
оқылды

«Қазақстан Жазушылар одағы» мен «Қазақстан Республикасының Ұлттық спорт қауымдастығы» ЗТБ бірлесіп ұйымдастырған әдеби байқаудың ресми ашылуы Алматыдағы Жазушылар одағының бас  ғимаратында өтті. 

Қазақстан Жазушылар одағы басқарма төрағасы Мереке Құлкенов көркем әдебиетте мүддеге сай келетін туынды­лардың үлесін арттыру қажет екенін атап өтті.

«Ұлттық өнердің ішіндегі ең бір қас­терлісі – көркем әдебиет.

Сондықтан шығармашыл зиялы қауым өкілдері мен жазушы қауым үшін «Құлагер» әдеби байқауының маңызы зор болмақ. Сонымен бірге өскелең ұрпақтың кітап оқуға деген қызығушылығын оятуға бар күш-жігерімізді саламыз», – дейді МерекеҚұлкенов.

Ұлттық спорт қауымдастығының президенті Исламбек Салжанов респуб­ликалық әдеби байқаудың ұлттық спорт саласының дамуына  үлкен үлес қоса­тынына сенім білдіріп отыр. 

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттық идеология мен жаңа қоғамдық этиканы қалыптастыруға баса назар аударғаны белгілі. Бұл ретте, биыл өтетін V Дүниежүзілік көшпенділер ойын­дары қарсаңында қаламгерлер арасында «Құлагер» республикалық байқауының жариялануы қуанышты жаңалық болып отыр. Әрине, байқау атауы кездейсоқ таңдалған жоқ. Ілияс Жансүгіровтің «Құлагері» – ешқашан ескірмейтін, мәңгі жас поэзия. Қазақ әдебиетіне жаңа есімдер мен тың туын­дылар қосылып, ұлттық құндылық­тарымыздың маңызын асқақтатады деген сенімім мол», – деді Исламбек Салжанов.

Жиынға Қазақстан Жазушылар одағының басқарма төрағасы Мереке Құлкенов, Ұлттық спорт қауымдастығының президенті Исламбек Салжанов, сондай-ақ Жазушылар одағының мүшелері мен зиялы қауым өкілдері қатысты. 

Сонымен байқау төмендегідей номинациялар бойынша өткізілетіні белгілі болды. 1. Үздік поэзия,  2. Үздік проза, 3. Балаларға арналған үздік шығар­ма, 4. Үздік комикс,  5. Үздік драма, 6. Үз­дік деректі проза, 7. Үздік фантас­тикалық/мифологиялық шығарма.

Байқауға бұрын еш жерде жариялан­баған, тек қана осы жылғы қаңтар мен маусым аралығында жазылған жаңа туындылар ұсынылады. 

Бердібек ҚАБАЙ