Бүгінгідей ақпараттың да­мыған заманында бала тәр­бие­леу оңай болмайын деп тұр.
Құлының қия баспасын
834
оқылды

Әлеуметтік желідегі небір қатыгез көріністер мен келең­сіз ақпараттарды ауыздықтау мүмкін болмай тұрған уақытта «баланы кім бұзды?» деген сауалға жауап іздеудің өзі қиындау. Мұны текке айтып отырғанымыз жоқ. Батыс Қа­зақстан облысында балалар мен жасөспірімдер арасын­дағы қылмыс 30 пайызға өс­кен. Жасөспірімдер негізінен ұрлау, тонау секілді құқық­бұзу­шылықтарға барып отыр.

Бұрынғылар тентектеу бала көрсе, «бала емес, пәле болды» деп кейіп жататын. 2023 жылдың күзінде Батыс Қазақстан облысында 16 жасар бала өз шешесін өлтіріп алды. Ана мен бала арасындағы әдеттегі кикілжің осындай қайғылы жағ­даймен аяқталды. 

– Жасөспірім қазір тергеу изо­ля­­торында отыр. Тергеу әлі жүріп жа­тыр, – деді БҚО Полиция де­пар­таменті Жергілікті полиция қыз­ме­тінің бастығы Ернар Сұлтанғалиев. 

Мектеп жасындағы жасөспірім оқушылардың қылмысқа бой ұруы жақсы құбылыс емес. Оларды мұн­дай теріс іс-әрекеттерге итерме­лей­тін нендей күш? Қай кезде де жа­с-өспірімдер қылмысы қоғамдағы өткір, көкейкесті әрі өзекті мәселе­лердің қатарында болып келеді. 

Сандар сөйлесін...

Батыс Қазақстан об­лысында жасөспірімдердің қатысуымен 2022 жылы 96 қылмыс тіркелсе, 2023 жылы 125 қылмыс жасалыпты. 

Бұл туралы БҚО ПД ЖПҚ-ның бастығы Ернар Тимурұлы: 

– Өкінішке қарай, өткен жыл­дармен салыстырғанда, 2023 жылы жасөспірімдер арасындағы қылмыс 30,2 пайызға өсіп отыр. Барлығы 120 бала түрлі қылмыс бойынша жауап­қа тартылды. Олардың ішінде мектеп оқушылары да, колледж студенттері де бар. Кәмелетке тол­маған балалар мүліктік сипаттағы 98 қылмыс жасады. Олардың қата­рында 6 ұсақ ұрлық, 44 ұрлық фактісі, 26 алаяқтық қылмысы, 15 тонау, 3 бопсалау, 4 көлік құралдарын ұрлау фактісі тіркеліп отыр. Поли­ция департа­ментінде кәмелетке тол­маған 125 бала есепте тұр, – дейді.

Әдетте, балалар арасында қыл­мыс туралы айтылғанда, оның өс­кен ортасы туралы сөз болады. Көп жағдайда әлеуметтік аз қамтылған отб­асының балалары қылмыс жасайды деген түсінік бар. Жалпы, облыс бойынша полиция есебінде 139 қолайсыз отбасы тіркеуде тұрса, ол отбасыларда 160 бала тәрбие­ленуде. 

«Қазір құқықбұзушылықты тек әлеуметтік осал топтардың балала­ры жасамайды. Толық отбасында тәрбиеленіп жатқан, жағдайы жақ­сы отбасының балалары керісінше қылмысқа көп барып отыр», – деп қынжылады тәртіп сақшылары. 

– Қылмыстың көбі түнде жасалады. Бала түнгі 23.00-ден кейін жүрмеуге тиіс қой. Осы үшін төрт мыңнан астам ата-ана жауап­кершілікке тартылды. Қазір жастар­дың ішінде суицидке баратындар да көбірек. 2022 жылы 2 суицид тір­келсе, 2023 жылы 5 суицид фактісі тіркелді. Балалар суицидке көбіне ата-анасын қорқыту мақсатында барады. Өкінішке қарай, кейде баланы құтқарып үлгере алмай қалатын жағдайлар болады. Ма­ни­пу­ляция соңы қайғылы аяқтала­тыны өкінішті, – дейді БҚО ПД ЖПҚ-ның бастығы Ернар Сұлтанғалиев. 

Балалар арасындағы қылмыс­тың алдын алу ювиналды полиция­ның міндетіне кіреді. Осы ретте «ювеналды полиция өз міндетін толық атқарып отыр ма?» деген сұрақ туындайды. 

БҚО бойынша тек 70 ювеналды полиция қызметкері бар. Оның 48-і Орал қаласының өзінде жұмыс істейді. «Кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі полиция жетпеген мек­тептерді сол аймақтың учаскелік полициясы қарайды», – дейді Полиция департаменті өкілдері. 

Жасөспірімдер арасындағы қылмыстың алдын алу ісіне облыс­тағы білім беру орындары да үлес қосуға тиіс. Себебі негізгі тәрбие мен білім мектептен беріледі. Алай­да әзірге білім беру ұйым­дарындағы тәрбие негіздері әлсіздеу болып тұрғанға ұқсайды. Әйтпеген күнде жасөспірімдер арасындағы қылмыс осыншалықты көбеймес еді. 

– Бүгінгі балалар рухани аш, қуыскеуде болып өсуде. Біз ұлттық менталитетімізден ажырап қалдық. Тым заманауи боламыз деп асыра сілтеп жібердік, – дейді біздің тағы бір әңгімелесушіміз Светлана Дүйсенбиева.

Светлана – бірнеше бала тәрбиелеп отырған ана, «Зерек» оқу орталығының әдіскері, «Білгім келеді» клубының жетекшісі.

– «Қазіргі бала неге тәрбиеге көнбейді?» деген сұрақ бәрімізді мазалайды. Біз – 90-жылдардың қиындығын, жоқшылығын көрген ұрпақпыз. Аталарымыз ашаршы­лық­ты көрді. Осыдан келіп, біз ба­лаларымызға барлық жағдайды жасауға тырысамыз. Олар жоқшы­лық, қиындық көрмей өссін дейміз. Ата-ананың «балам мен көрген бейнетті көрмесін» деген шектен тыс қамқорлығы балаға кері әсер етеді. Біз мұндай кезде балаға шы­нымен керек нәрсесін бермейміз. Біз тек баланың физикалық қажет­тілігін өтейміз. Киін­діреміз, жылы-жұмсақтың бәрін аузына тосамыз. Баланың бетінен қақпаймыз, ұрыс­паймыз. Осыдан келіп еш­теңеге басын қатырмайтын, ойлана біл­мейтін рухани аш, қуыс­кеуде бала шығады. Оған үйдегі ата-анасы да «саған біреу тиіссе, аяма, ұрып таста» деп жел береміз. Содан қатыгез бала қайдан шықты деп таңғалады. Негізі, ба­ланы кәдімгі қазақтың өз мәдение­тімен тәрбиелеу керек. Үлкенге ізет, кішіге құрмет көрсете білетін қа­рапайым қазақтың қоңыр тірлігіне баулу керек. Бала кезден үйге келген ағайынға қызмет көр­сету дегенді білдік. Отбасында жүріп-ақ көп нәрсені түсіндік. Ал қазіргі бала ағайынмен араласпай­ды, ортаға түспейді. Сондықтан да қоғамға тез сіңісіп кете алмайтын меңіреу ұрпақ шығады. Мен көпке топырақ ша­ш­паймын. Бірақ қазір көп ата-ананың баласын осындай әдіспен тәрбиелеп отырғаны қын­жылтады. Оны ата-аналар чатынан анық аңғаруға бо­лады. Бала күнінен рухани мүгедек, эгоист болып өскен бала біреудің еңбегін бағалауды, табиғатты қор­ғауды, адамзатқа құрметпен қарауды түсінбей өседі. Міне, балалар ара­сындағы қылмыс неге көбейді де­генге жауап осында жатыр, – дейді «Зерек» оқу орта­лығының әдіскері Светлана Дүйсенбиева.

Сондай-ақ ол бала тәрбиесінде кінәрат кетсе, көбіне мектептен, ортадан, көшеден көріп жатады, бірақ ешкім неге орта, көше осын­дай болды деп бас қатырмайды дегенді алға тартады. Асылында, баланың дұрыс тәрбиеленіп, тұлға болып қалыптасуына баланың ата-анасы жүз пайыз жауапты екені анық. 

Тәрбиесіз берілген білім...

Балалар жасайтын қылмыс туралы дерек қолымызға тиген бойда біз БҚО Балалар құқық­тары жөніндегі жедел уәкіл Жанат Нұр-мағамбетоваға хабарластық. 

Жасөспірімдер арасында қыл­мыстың көбейгені ол кісіні таңғал­дыра қоймады. 

– Өзім өмір бойы осы салада жұмыс істедім. Балалар арасындағы қылмыс 2019 жылы өсті, кейін 2020-2022 жылдары төмендеді. Ал 2023 жылы қайтадан өсіп отыр. Кәмі­летке толмаған балалар арасында қылмыс неге көбейді? Себебі қа­жетті талдау жүргізілмей отыр. Ба­ла­ның отбасы жағдайы, мектептегі мінез-құлқы қандай? Осындай жан-жақты жүргізілген талдау қорытындысына қарап, балалар арасындағы қыл­мыстың алдын алу бағытындағы жұмыстарды жүргізуге болады. Егер жеке көзқарасымды айтатын болсам, құқықбұзу­шы­лыққа көбіне махаб­батқа зәру, ата-ана мейірімін көр­меген, мектепке қажетті көңіл бө­лінбеген балалар барады. Екіншіден, өте пысық балалар болады, күші көп. Ондай баланы спортқа, биге беріп, күшін сыртқа шығармаса, бала бойындағы күш-қуатты жаман нәр­сеге жұмсайды. Балалар арасындағы қылмысты азайту үшін оны дұрыс ортаға бейімдеген жөн. Мәселен, білім беру ұйымдары мен атқарушы билік бірлесіп жұмыс істеуі керек. Балаларды тегін бассейн, спорт зал, би үйірмелері секілді пайдалы шаралармен қамтамасыз ету керек. Нашар, талантсыз бала болмайды. Біз әр баланың бойындағы талантты ашуымыз керек. Сонда бала құқық­бұзушылыққа бармайды. Энергиясы дұрыс бағытқа жұмсалған бала отбасына, қоғамға пайдалы болады. Бала неге ұрлық жасайды? Ең бі­рінші, оның материалдық жағдайын қарау керек. Ересек адамның өзі сәнді, бренд дүкендердегі дүниені көрсе көзі жайнап, қызығып кетеді. Ал баланың мұндай жарқыраған дүниеге арбалуы, оны сатып ала алмағасын ұрлауы немесе тонауы осыдан шығады, – дейді Жанат Жандоллақызы. 

Жанат Жандоллақызының БҚО Ба­лалар құқықтары жөніндегі жедел уәкіл қызметіне кіріскеніне әлі ай тола қойған жоқ. Әңгіме барысында облыстағы қамқоршылық кеңесінің жұмысына жан бітіру керек екенін айтып қалды. «Мектеп, полиция, қоғамдық ұйымдар бірігіп жұмыс істегенде ғана балалар арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алуға болады. Біз мектептердегі буллингті тоқтатуымыз керек. Ешбір бала өзін сол ортада артық сезінбеуі қажет. Баланың құқығы бірінші орында қорғалуға тиіс. Бала өзі қорлық көріп, құқығы тапталып өспеуі керек. Сонда ол да ешкімнің құ­қығын бұзбайды», – дейді Жанат Нұрмағамбетова. 

Ал полиция майоры Диляра Сатарова балалар арасындағы топ болып құқықбұзушылық жасау фактісі көбіне еліктеуден шыға-тынын айтады.

– Қылмыс жасайтын баланың бәрін нашар отбасыдан шыққан деуге болмайды. Кәмелетке толма­ғандар арасындағы қылмыс негі­зінен бәріміз біргеміз деген тү­сі­ніктен шығады. Яғни, біреу бір идеяны айтса, ол сол достарынан қалмай ілеседі. Себебі ол топтың ішіндегі «сатқын», «тоқылдақ» атанғысы келмейді. Осыдан келеді де, жасөспірімдер арасында топ болып тонау, ұрлау секілді қылмыс­тарға бірге барады. Бұрын әлеу­меттік аз қамтылған отбасылардың балалары ғана қылмыс жасайды деген түсінік болды. Яғни, өз керегін алу үшін бала қылмысқа барды деп ойлайтынбыз. Бірақ қазір толық отбасыдан шыққан, жағдайы жақсы отбасының балаларының қылмысқа баруы жиілеп тұр. Олар көбіне ата-анасының көңілін аулау үшін сондай әрекетке барады. Не ішем, не киемі жоқ балалар махаббатқа зәру болып өседі. Себебі ата-анасы үнемі жұмыста. Бала сол ата-ананың махаббатын аулау үшін әдейі қылмысқа ұрынады, – дейді Диляра Сатарова. 

Баланы бос ұстасаң да, қатты ұстасаң да қиын. Бұрын үлкендер «Енесі тепкен құлынның еті ауыр­майды» деп баланы қатты ұстауға үндейтін. Ал қазіргі балалар қатты­лықты көтермейтінін күнделікті көріп жүрміз. Еркіне жіберген ба­ланың әрекеті де жақсы нәтиже бермей тұр. Шамасы, бүгінгі ата-анаға да, білім беру ұйымдарына да басқа әдіс, басқа тәсіл іздеу керек шығар. Немесе жоғарыда кейіпкері­міз айтқандай, бәрі ұлттық тәрбие­нің тіні үзіліп кеткенінен де болуы мүмкін. Қалай болғанда да ешкім үкілеп өсіріп отырған баласының күні ертең ұры, қарақшы болғанын қаламайтыны анық. Бірақ бесіктен белі шықпай жатып, темір торға тоғытылып жатқан тағдырлардың күні ертең сол өмірге еті үйреніп, оңай олжаға қарай бүйрегі бұра бермесіне кім кепіл. Бала болашағы­мыз дейтін қазақ үшін ертеңгі ұр­пақтың қылмысқа үйір болғаны жақ­сы емес. Мұны әр ата-ана түсі­ніп, ұғынып әрекет етсе игі.

Жанат ҚАЙЫРҒОЖИНА,

Батыс Қазақстан облысы