Қазақстанда отандық өндірушілердің мүддесін қорғауға және еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған сауда саласын реттейтін заңдарға түзетулер енгізілетін болады.
Сауда қызметі туралы жаңа заң жобасы әзірленеді

Бұл туралы «AMANAT» партиясының агроөнеркәсіптік кешені бойынша Республикалық кеңесінің отырысында жарияланды. Қолданыстағы заңнамалық актілерге түзетулер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасын Қазақстанның тамақ өнеркәсібі саласындағы салалық одақтар ұсынған. 

Отырыста қазіргі уақытта отандық азық-түлік өндірушілер мен сауда компанияларының өзара қарым-қатынасы өздігінен қалыптасып, тек нарықтың өзімен реттелетіні атап өтілді. 

Сонда да жағдай отандық өндірістің пайдасына ыңғайластырылмайды. Ресей және Беларусь өндірушілерінде өндірістің өзіндік құны қазақстандық компанияларға қарағанда 10-25%-ға шығады. Бұл бірнеше себепке байланысты болып отыр. Біріншіден, Ресей мен Беларусь аграрлық өндірістердің шикізат базасы Қазақстанға қарағанда жақсы дамыған. Бұдан басқа, шаруашылықтар нысаналы субсидиялар түрінде елеулі мемлекеттік қолдау алады. Нәтижесінде, ресейлік және беларусь  фермерлері өзге де тең жағдайларда өздерінің қазақстандық әріптестерімен салыстырғанда ұтымды экономикалық және қаржылық жағдайға тап болады.

 

Көрші елдердегі тамақ өнеркәсібі өндірісінің ауқымы да маңызды. Ресей мен Беларусь өнім шығару көлемі қазақстандық компаниялардың көлемінен бірнеше есе асатын көптеген ірі кәсіпорын бар. Нәтижесінде, ірі ойыншылар Қазақстан нарығына шығып, басып алудың экономикалық стратегиясын оңай пайдалана алады. Яғни, қазақстандық кәсіпорындарға бәсекелестікке қолайсыз жағдайлар жасай отырып, мақсатты түрде демпинг жасай алады. Көбінесе бұл, әсіресе, Ресей Федерациясымен шекаралас аймақтарда, қазақстандық өндірушілердің нарықтан мүлдем кетуге мәжбүр болуына әкеледі. Себебі олар өнімді өзіндік құнынан төмен бағамен сата алмайды. Отандық өндірушілердің жағдайын сондай-ақ өз кезегінде сауда желілеріне тиімді болып келетін  ірі шетелдік жеткізушілердің тауар үшін төлемді  кейінге қалдыра отырып, Қазақстан сауда желілерімен жұмыс істеуге мүмкіндігінің болу фактісі нашарлатады. 

Мұндай зиянды бәсекелестік Қазақстанға сапасыз арзан импорттық өнімдерді көптеп жеткізу жағдайын жоғарылатады. Импорттаушылар тауардың бір партиясын тексерумен шектеліп, содан кейін ингредиенттердің құрамы мен сапасын тексермей, өнімді бір жыл бойы әкеле алады. Ал қазақстандық тамақ өнімдерінің сапасы үнемі және қатаң тексеріледі. Мұндай жағдай Қазақстан азық-түлік нарығындағы импорттың басым болуына, ал қазақстандық өнімдердің үлесі тұрақты түрде төмендеуіне алып келеді. Бұл тәжірибе біздің еліміздің азық-түлік қауіпсіздігіне қауіп төндіреді және заң жобасы авторларының пікірінше, мемлекет жергілікті және шетелдік өндірушілерге бәсекелестік үшін тең жағдай жасап, араласуы керек.

– Біз мұндай заңның қажеттілігі баяғыда пісіп-жетілді деп есептейміз. Өйткені жылдан-жылға отандық нарықта қазақстандық азық-түлік өнімдерінің үлесі азайып келеді. Мәселе қазақстандық өндірістердің мүмкіндіктерінде емес. Мәселе мынада, Қазақстандағы сауда компанияларына көбірек ақша таба алатын импорттық өнімдер экономикалық жағынан қызықтырақ. Бірақ бұл жергілікті өндірушінің есебінен. Бұл – мүлдем қолайсыз жағдай. Біздің ойымызша, ішкі нарықта қазақстандық өндірушілер үшін әділ жағдайларды бекітуге  сауда саласындағы қолданыстағы бірқатар заңдарды түзету қажет. Дәл осы мәселені шешуге жаңа заң жобасы жолданды, – деп түсіндірді Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясының АӨК жөніндегі кеңесінің басшысы Нұржан Әшімбетов.

Әзірлеушілер атап өткендей, жаңа заң белгілейтін негізгі жаңалықтардың бірі қазақстандық азық-түлік өнімдерін қою үшін сауда сөрелерінде басым орындарды міндетті түрде ұсыну болады. Бұл елдің барлық сауда нысандарына әсер етуі керек. Біз қазақстандық тауарларға барлық дүкендер мен супермаркеттердегі сауда сөрелерінің жалпы алаңының кемінде 50%  туралы айтып отырмыз.  Бұл сатып алушының ең көп көрінетін аймағындағы  жақсы сөрелер болуы керек.

 

Сауда желілерінің отандық өндірушілерден түрлі сыйақылар алуын нақты реттеу және ретке келтіру ұсынылады. Оларға ретробонустар деп аталатындар, сатып алу келісімшарттарындағы жеңілдіктер талаптары, сондай-ақ әртүрлі «қосымша», бірақ іс жүзінде жоқ қызметтер кіреді. Олар сауда фирмалары жеткізушілермен келісімшарт талаптарына үлес қосады. 

Заң жобасының маңызды жаңалығы өндірушілер жеткізген тауар үшін сауда кәсіпорындарының төлемдерін нормалау болады: мұндай төлемді кейінге қалдыру 30 күннен аспауы керек екені анықталады. Қазір сауда желілері сатылған тауар үшін үш айдан кейін, алты айдан кейін және одан кейін төленетін жағдайлар жиі кездеседі. Осыған орай, республикалық кеңестің отырысы барысында қазақстандық ірі сүт өнімдерін өндірушілердің бірі елдегі белгілі сауда желісінің сөрелерінен наразылық ретінде өзінің барлық тауарларын алып тастауға мәжбүр болған кезде айқын факт айтылды. Себебі, сауда желісі жеткізілген және сатылған өнімдер үшін бір жылға жуық уақыт бойы төлемеді, өндірушіге шамамен 1 миллиард теңге қарыз болды.

Жаңа заң шеңберінде елдің өңірлеріндегі сауда нарығындағы белгілі бір компанияның монополиялық жағдайын айқындайтын өлшемшарттарды өзгерту жоспарлануда. Егер қазір монополияға қарсы ведомство еліміздің барлық өңірлеріндегі және сауда объектілерінің барлық санаттары бойынша (шағын дүкендер мен ірі супермаркеттерді қоса алғанда) нарықтағы желінің үлесін есептесе, онда жаңа нұсқада бір елді мекен шеңберіндегі нақты сатушының үлесін есептеу ұсынылады.

– Салалық одақтар жаңа заң Қазақстанның сауда желілерімен отандық азық-түлік өнімдерін сатуды ретке келтіруге және осы салада қалыптасқан әділетсіз жағдайды түзетуге көмектеседі деп үміттенеді. Әзірге саудаға отандық өндірісті қолдаудан гөрі импорттан ақша табу тиімдірек. Бұл диспропорцияны отандық экономика мүддесі үшін реттеу – мемлекеттің міндеті. Заң жұмыс орындарын құратын, салық төлейтін, ең бастысы елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудің стратегиялық міндетін шешетін отандық өндірісті дамытуға көмектеседі. Бұл заң жобасы біздің елімізде өндірісті дамыту үшін өркениетті жағдай жасауға мүмкіндік береді деп сенеміз, – деді «Қазақстан құс өсірушілер одағы» ЗЖТБ президенті  Руслан Шарипов.

Жаңа заң жобасын әзірлеуге парламентаризм институтының сарапшылары қатысады. Олар барлық ережелердің заңнамаға сәйкестігін тексереді. Сондай-ақ жоба ережелерін дайындауға Парламент Мәжілісінің АӨК комитетінің депутаттары мен Заң қызметі тартылатын болады. Дамыған елдердің ішкі нарықты қорғау және сауда саласында бірыңғай өркениетті нормаларды қалыптастыру жөніндегі тәжірибесін егжей-тегжейлі талдау жоспарлануда.

«Сауда қызметі туралы» заң жобасының алдын ала редакциясы 1 наурызға дейін аяқталып, одан кейін құжат Парламентке одан әрі қарауға жіберілетіні хабарланды.