Отандық киноиндустрияның бүгінгі беталысы әлдеқайда дамып келеді.
Кинотеатрда кино көп, замана терісін илемек...
1,090
оқылды

Кинотеатрлардағы лық толы залдар, жаңа жанрдағы кинолардың прокатқа шығуы және көрермен сұранысының көптігі қазіргі қазақ киносының дамуына ықпал ететін тетіктердің бірі. Кино саласының майталмандары көрермендерін тәнті етуге құмар. Байқасақ, соңғы уақытта отандық киноөнімдерге көрерменнің тұрақты көзқарасы қалыптасқанын аңғарамыз.

Қазіргі отандық кинолар прокатқа шықпай тұрып-ақ жарнамасымен кө­­рерменін жинап үлгереді. Сұраныстың арқасында бірнеше отандық комедияның екінші бөлімі де түсірілімін аяқтап, көрерменімен қайта қауышып жатыр. Әлі күнге дейін кинотеатр экранына шық­қан қалжыңы көп комедиялардың сейілмей, керісінше көбеюі сұраныстың артқанынан болар, бәлкім. Қазақстанда комедия жанрындағы кинолар әдетте ең көп касса жинайды. Ауқымды қаражат тапқан фильмдердің үштігінде комедия жанрындағы өнім көп. Бір жағынан комедия – прокатқа берілетін ең ұзақ жанр. Мазмұны жағынан ұқсас келсе де, көрерменге бір ойды тастағысы келетін киноөнімдер кинотеатрдағы сеанстар­дың қатарын ұлғайтып отыр. Мысалы, дәл қазіргі уақытта кинотеатр сеанста­рының тізімінде тұрған «Жыным сол-2», «Ұялам но үй алам», тұсауы енді ғана ке­сілген «Родной-2», «Сәлем, Европа!» киноларына билет іздеген жұрт көп. Ақпан айы басталысымен екінші су жаңа қазақстандық кино көрермен назарына ұсынылып отыр. 

Бұлардың бәрі – отбасылық коме­дияны алға тартқан, керемет көңіл күй сыйлайтын кино. Анығырақ айтқанда, Мерей Махановтың режис­­серлігімен түсірілген «Жыным сол-2» киносының негізгі мазмұны жас отбасындағы қар­жылық мәселеге кеп тіреледі, осы сияқ­ты бір апта бұрын Nazar Audar Production ұсынған «Ұялам но үй алам» киносы да дәл осындай оқиға желісімен түсірілген. Оны көрген көрерменнің әрқайсысы «өтіріктің құйрығы бір-ақ тұтам» бола­тынын жадына түюі керек. Қазір жаңа киноларға жарнаманы халықтың өзі жасайды, талқыға түсіп отырған кино кө­рерменнің сарғая күткеніне айналады да, алғашқы күнінен бастап билеттердегі аншлагқа алып келеді. 

Ал «Родной» киносын көрген бо­ларсыз. Көрмесеңіз айта кетейік, ажы­­расқысы келген отбасының өмірі және оларға кездескен көрші отбасымен қа­­­рым-қатынасы, жолдағы қызықты оқи­ғалары туралы айтылады. Ал кеше ғана көрермен назарына шыққан «Родной-2» осы оқиға желісінің жалғасын баяндамақ. Осы киномен қатарласа прокатқа шық­қан «Сәлем, Европа!» болса жалғыз не­­мересі үшін Қазақстаннан Еуропаға автостоппен саяхатқа шыққан ата-әже­нің қызықты оқиғасы туралы айтады. Қарап отырсақ, бұл кинолар бір оқиға желісін комедия бағытында өрбітіп, халыққа қандай да бір ой салғысы келеді. Қағытпа қалжыңы көп десек те, отандық киноға ағыла бастаған жұртты көргенде қазақ киноиндустриясы дамып жатыр деген тұжырым жасаймыз. 

Жарнама мен маркетингтің қар­қын­ды дамуы режиссерлерді «биз­­несмен» болуға итермеледі. Өз шығармашылығын бизнес көзі ретінде пайдаланып, кино­­дан табыс тауып жатқандардың қатары аз емес, «тілге жеңіл, жүрекке жылы» тие­­тіні – комедия. Қазіргі кино­­­театр­­лардағы жағдай дәл осындай қарқынмен жалғасатын болса, әр айда екі-үш жаңа отандық киноөнім жарыққа шығады екен. Қысқасы, көрермен сұранысын қанағаттандыратын, талғамға сай жа­­­салған киноның көбірек шыққанын қол­­­дайтындар көбейсін дейміз. Жоғарыда атап өткен әр киноның өз берері бар, де­генмен жақында көрерменнің сана­­­сына жаңа деммен кіріп келген «Дәстүр» қазақ киносының жаңа қырын көрсетіп берді, бірақ одан кейінгі жарыққа шығып жатқан қазақ киноларының жағдайы қайтадан сол бұрынғы толқынына түсіп қалмаса болғаны.

Сымбат БАУЫРЖАНҚЫЗЫ