Еуразия ұлттық университеті бакалавриат деңгейіндегі оқу үдерісіне жаңашылдық енгізуде.
ЕҰУ кадр даярлауда жаңашылдық енгізді
1,900
оқылды

2024-2025 оқу жылынан бастап 1-курс студенттері жасанды интеллектті оқып, ғылыми-зерттеулер жүргізетін болады.

Жаңа оқу жылында ЕҰУ барлық педагогикалық бағыттар бойынша бакалавриат деңгейіне арналған Minor бағдарламасын енгізеді.

Студенттер инклюзивті білім берудің үш қосымша пәнін оқиды: «Инклюзивті сыныпта оқытудың әмбебап дизайны», «Ерекше білім беруді қажет ететін баланың отбасына психологиялық-педагогикалық қолдау көрсету» және «Ерекше білім беруді қажет ететін тұлғаларды тьюторлық қолдау». Осы бағытта ЕҰУ қызметкерлері ерекше білім беру қажеттіліктері бар студенттермен жұмыс жасау бағытында оқытушыларға арналған әдістемелік ұсынымдар әзірледі.

Дарынды жастарды ғылымға тарту мақсатында 2024-2025 оқу жылынан бастап бакалавриат бағдарламаларына екі жаңа модуль енгізіледі. Олардың бірі ғылыми компонентті қарастырады және студенттер оқудың бірінші жылынан зерттеу жұмыстарымен айналысады. Екінші модуль жасанды интеллектті зерттеуге бағытталған. Студенттер осы бағытта білімдерін кеңейтіп, озық цифрлық технологияларды меңгереді.

«Жыл сайын техникалық, инженерлік және педагогикалық мамандықтарды меңгеруге ниет білдіргендер саны артып келеді. Біздің университет еңбек нарығының қажеттіліктеріне және технологияның дамуына сәйкес білім беру бағдарламаларын үнемі жетілдіреді және, жаңаларын әзірлейді. Біз жұмыс берушілермен, шетелдік университеттермен, ірі компаниялармен бірлесіп еңбек нарығының сұранысы бойынша жаңа инновациялық білім беру бағдарламаларын әзірлеудеміз.

Қазір бізде 40-қа жуық инновациялық бағдарлама бар. Олардың 18-і педагогикалық, инженерлік және техникалық бағыттарды қамтиды. ЕҰУ-да оқыту процесі 3 тілде жүргізіледі және 45 білім беру бағдарламасы ағылшын тілінде қарастырылған. Сондай-ақ, университетіміз қысқартылған білім беру бағдарламасы бойынша үш жыл математика пәні мұғалімдерін дайындаса, биылғы жылы «Ғарыштық техника және технологиялар» білім беру бағдарламасы бойынша докторантура ашылды», – деді ЕҰУ Академиялық мәселелер  департаментінің директоры Байжұман Қашхынбай.

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде педагогикалық, инженерлік, техникалық бағыттағы жоғары білікті кадрларды даярлауға көп көңіл бөлінеді. Бүгінгі таңда университетте осы салаларда  үш деңгей бойынша 12 мыңнан астам студент білім алады. 244 білім беру бағдарламаның 100-і педагогикалық, инженерлік-техникалық бағыттар бойынша қарастырылған.