Көппәтерлі тұрғын үй кешенінің құрылысы 2013 жылы басталған.
Елордада құрылысы 11 жылға созылған тұрғын үй пайдалануға берілді
952
оқылды

Астанада құрылысы 11 жылға созылған тағы бір нысан аяқталды, – деп хабарлайды Aikyn.kz қала әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

«Future home» көппәтерлі тұрғын үй кешенінің құрылысы 2013 жылы басталған. Нысанның өзі 2017 жылы проблемалы деп танылды. Үлескерлер саны – 200-ге жуық отбасы. Бұл туралы Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек Instagram-дағы парақшасында жазды.

Нысанды ЕҚК-ге өткізу кезінде 4 және 7 қабаттары ғана салынған. Бұл үйді аяқтау үшін көптеген жүйелі жұмыс, оның ішінде инженерлік желілер бойынша да жұмыстар жүргізілді.

Кеше төрт блоктың тұрғындарына пәтер кілті табысталды. Ал бесінші блоктың үлескерлері жақын арада баспаналы болады. 

«Осыған дейін мемлекеттің қолдауының арқасында құрылысы ұзаққа созылған 140-тан астам тұрғын үй кешені аяқталды. Осылайша 15,5 мыңға жуық үлескер отбасының проблемасы шешілді. Биылға құрылысы ұзаққа созылған 10 үй қалады. Оларды осы жылдың 1-2 тоқсанында аяқтаймыз. Әрбір нысан бойынша қадамдық іс-шаралар жоспары бар. Құрылысы ұзаққа созылған нысандардың аяқталуы Мемлекет басшысының бақылауында», - деп жазды елорда әкімі.