Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.
«AMANAT» партиясы Премьер-Министр лауазымына Олжас Бектеновті ұсынды

Президентке «AMANAT» партиясының атынан Премьер-Министрдің кандидатурасы ұсынылды, –  деп хабарлайды Aikyn.kz Ақордаға сілтеме жасап. 

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа Парламент Мәжілісінің және «AMANAT» партиясының Төрағасы Ерлан Қошанов Премьер-Министр қызметіне Олжас Бектеновтің кандидатурасын ұсынды. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, Мемлекет басшысы ұсынылған кандидатураны Мәжілістегі партиялардың фракцияларымен жуық арада талқылайды. 

Олжас Абайұлы Бектенов 1980 жылы 13 желтоқсанда Алматы қаласында туған.

Қазақ мемлекеттік заң академиясын (2001 ж.) үздік бітірген, мамандығы «Заңгер».

ІІ дәрежелі «Айбын» (2014 ж.) және «Даңқ» (2021 ж.) ордендерімен марапатталған.

2002-2005 жылдары –  Алматы қаласы Әділет басқармасы бөлімінің бас маманы.

2005-2006 жылдары –  ҚР Премьер-Министрі Кеңсесінің заң бөлімінің сарапшысы, бас сарапшысы.

2006-2009 жылдары ҚР Президенті Әкімшілігінде жұмыс істеді.

2009-2012 жылдары –  ҚР Әділет министрлігінің Тіркеу қызметі және құқықтық көмек көрсету комитеті төрағасының орынбасары.

2012-2014 жылдары –  ҚР Экономикалық қылмысқа жəне сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттігінің (қаржы полициясы) орталық аппаратында департамент бастығы.

2015-2016 жылдары –  Астана қаласы әкімінің аппарат басшысы, ҚР Президенті Әкімшілігі Басшысы Хатшылығының меңгерушісі.

2016-2017 жылдары –  Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Ұлттық бюросының (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет) Астана қаласы бойынша департаментінің басшысы.

2017-2018 жылдары –  Ақмола облысы әкімінің орынбасары.

2018-2019 жылдары – Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары.

2019-2022 жылдары –  Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының бірінші орынбасары.

2022 жылдың ақпанынан бастап Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы қызметін атқарды.

Еске сала кетейік, кеше Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының Үкіметі туралы» Жарлыққа қол қойды.

Әзірге ҚР Премьер-Министрі міндетін уақытша атқару Роман Васильевич Склярға жүктелді.