Бүгін семейлік оқушылардың тұрмыстық қалдықтан жасаған аспабы туралы әңгімелемекпіз. Бұл аспап-сейсмограф жаңадан бой көтеріп жатқан ғимараттардың сапасын анықтап, түрлі қауіптің алдын алуға көмектеседі.
Семей қаласындағы Шәкәрім атындағы көпбейінді №5 гимназияның оқушылары құралды мектепте еденге, қабырғаға орнатып, әсерін байқау үшін пайдаланып көрген. Тәжірибе нәтижесінде секіру кезіндегі қозғалыстың еденге қалай әсер ететінін байқаған.
– Ғимараттардың, техниканың еден мен қабырғаға тигізетін сейсмикалық әсерін қарастыру үшін осындай аспап жасап көрмек болдық, – деді физика пәнінің мұғалімі Алуа Бимбетова. Оның айтуынша, сейсмографтың механикалық түрін осыдан үш жыл бұрын Нұржамал Дәлеловамен бірге жасаған. Ал қазір аталған аспапқа бірқатар өзгеріс енгізіп, жұмыс істеу тиімділігін тағы да жақсартыпты.
– Жаңадан салынып жатқан ғимараттардың кейбірі белгіленген стандарттарға сай келмейді. Байқағаным, тербеліс амплитудаларының қабырғаларға әсер етуінен плиталар босап жатады. Содан кейін үйдің сапасын анықтай алатын немесе анықтауға көмектесетін құрылғы қарастыру керек деген ойға тоқталдым. Осыдан үш жыл бұрын механикалық сейсмографты тұрмыстық қалдықтардан жасаған едік. Механикалық сейсмографтың құрылымы мынадай: сезгіштікті білдіретін датчик жұмыс істейді, тербеліс болғанда датчик қозғалады да, ондағы тербеліс барабандағы өлшем көрсеткіштерімен сызылып жазылады. Сол өлшем арқылы амплитуданың ауытқыған көрсеткішін есептеп аламыз. Құрылғының соңғы нұсқасы мен алғашқысының жұмысын салыстырғанда, екеуінің де көрсеткіштері дәлме-дәл келді. Демек, бұл аспапты қолдану арқылы қауіптің алдын алуға болады. Жақындағы Алматы облысындағы жойқын сілкіністен тұрғындардың әлі де қорқынышы сейілер емес. Сейсмографты қолдану осындай қауіпті кездерде ғимараттардың қирауының алдын алар еді, – деді А. Бимбетова.
Ауыр зардаптардың алдын алуға көмектесетін құрылғыны жасаған Нұржамал Дәлелова Ө. Жолдасбеков атындағы математикадан зерттеу жұмыстары халықаралық конкурсынан ІІІ орынды иеленген екен. Ал қазір осы құрылғыны әрі қарай жетілдіру ісімен Айжан мен Шұғыла есімді оқушылар айналысып жүр.
Табиғи апаттардың алдын алуға болмаса да, оған дайындықты жақсарту – өз қолымызда. Тұрғындардың қауіпсіздігін болжай алатын, ғимараттың сапасын анықтайтын сейсмографтың қандай тұрмыстық қалдықтардан жасалғанын білу үшін жас өнертапқыштардың өзімен де сөйлестік. 9-сынып оқушысы Айжан Жұмабек біз байқай бермейтін күнделікті өмірде қолданатын тұрмыстық техникалардың да үй қабырғаларының қирауына әсер ететінін айтты.
– Біз қолданып жүрген кір жуғыш машинасы қосылған кезде еден мен қабырғаға әжептәуір соққы береді. Әсерінен күннен-күнге қабырға мен едендер босай береді. Сейсмографты мұндай жағдайға жеткізбес үшін қолдануға болады. Тербелістердің қазіргі салынып жатқан үйлерге әсері өте көп. Олардың адам өміріне қауіпті не қауіпсіз екенін ешкім білмейді. Оны осы сейсмограф зерттей алады. Бұл құрылғының барлық бөлігі тұрмыстық қалдықтардан жасалған. Оны күнделікті өмірде көреміз, қолданамыз. Соның бірі – автокөлік шеберханасындағы серіппе, қағаз таспа, қағаз таспасын жылжытқанда минималды үйкеліс тудыратын лайнер, барабанды орнату және қозғалтқышқа арналған қуат көзі. Қазір сейсмографтардың түр-түрі бар. Бірақ біз жасаған аспап құны жағынан қолжетімді, сапасы да өте жақсы және жеңіл. Бұл – аспаптың артықшылығы. Иә, аталған құрылғы бұрын жасалған, біз оны жақсартуға үлес қостық, қосудан да жалықпаймыз. Болашақта «Ардуино» бағдарламасын да қосқымыз келеді. Бұл бағдарлама арқылы салынып жатқан ғимараттың ішіне сейсмографты қойып, оны өзіміз қашықтықтан отырып бақылай алатынымыздай мүмкіндік жасағымыз келеді, – деді жас өнертапқыш Айжан.
Сейсмографты құрастыруға арналған қалдықтардың қолжетімділігі оның бірінші артықшылығы болса, екіншісі – бір шикізаттың орнын басқасымен ауыстыра алуда. Бұл туралы Шұғыла Уалхан айтып берді. Ол аспапты күнделікті өмірде кез келген адам пайдалана алатынын айтты.
– Аспапты жасау кезінде автокөлік шеберханасынан тапқан үш серіппені қолдандық, оны резинкамен, ал қозғалтқышқа арналған қуат көзінің орнына күн сәулесін пайдалануға болады. Құрылғыны әр адам тұрмыстық жағдайда жасай алады деп ойлаймын. Себебі қажеті материалдар барлығына қолжетімді, эксперимент жасағысы келетіндер де оңай жасай алады, – деді Шұғыла өз тәжірибесіне сүйеніп.
Сейсмографты сейсмикалық қауіпті аймақтарда, мысалы, таулы жердерде, ауылдық округтерде, жаңа құрылыстар мен білім алу барысында физика-география бағытындағы оқу мекемелерінде қолдануға болады. Жас өнертапқыштар болашақта ғимараттың қауіпсіздігін қашықтықтан анықтайтын сейсмограф құралды шығаруды жоспарлап отырғанын айтты.
Ғылым жолына енді қадам басып, қоғам игілігі үшін қызмет етіп келе жатқан жас өнертапқыштардың еңбегі әрқашан елене бермек. «Өз білімін өмірдің, өндірістің тәжірибелерімен нығайтып, байытып отыратын, тапқан ілімін, үлкенді-кішілі ашқан жаңалығын халықтың қажетіне беріп отыратын ғалым ғана өз дәрежесінде заман талабының өресінде болады» деген Қаныш Сәтбаевтың парасатты пайымына жаңалық ашуға құмар жастар мысал болып отыр.
Сымбат БАУЫРЖАНҚЫЗЫ