Алматыда тау бөктерінде лай көшкіні болып, екі үйді басып қалды. Жер үйдің ішінде төрт адам басылып қалған деген болжам бар, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Құтқарушылардың айтуынша, үйінді астында қалғандардың екеуі ересек, екеуі бала. Барлығы бір отбасының адамдары.
Қалалық ТЖД мәліметіне сүйенсек, Алматы қаласында 8 ақпанда сағат 02.20-да Медеу ауданында «Тау-Самал» шағынауданында топырақ көшкіні болды. Алдын ала ақпарат бойынша, техногендік сипаттағы топырақ батпаққа айналып, жылжып кеткен.
Оқиға орнына дереу «Қазселденқорғаудың», Алматы қалалық «109» құтқару қызметінің, Республикалық жедел-құтқару жасағының, Алматы қалалық ТЖД күштері мен құралдары ТЖМ 28237 әскери бөлімінен, жедел медициналық көмек бригадасынан, Медеу ауданының әкімдігінен 160-тан астам адам және 30 бірлік техника жұмылдырылды.
Екі үйге зақым келгені анықталды.
«Техногендік сипаттағы топырақтың ылғалдануынан, көлемі 3 200 текше метр болатын жылжыма түсті. Екі жеке тұрғын үйге, оның ішінде біреуіне ішінара зақым келген. Алдын ала ақпаратқа сәйкес, үйлерде төрт адам, оның ішінде екі бала болған», – делінген ТЖД хабарламасында.