Премьер-Министр Ол­жас Бектенов мемлекеттік са­тып алулар мен квази­мемлекеттік сектордың са­тып алуларында отандық тауарлардың үлесін арт­тыра отырып, оларды тү­бе­гейлі жеңілдетуді және жеделдетуді тапсырды. Бұл туралы Үкіметтің бас­пасөз қызметі хабарлады.
Отандық тауарлар үлесі артады
521
оқылды

Үкімет басшысы қолданыс­тағы рәсімдер көбінесе мемле­кеттік сатып алулар үдерісінің әдейі кешіктірілуіне әкеліп соқ­тыратынын, оның салдарынан жаңа жобаларды іске асыру және тұтастай алғанда экономиканың дамуы баяулайтынын атап өтті.

«Мұндай жағдайда пәрменді түрде алға жылжу керек, өйткені қазіргі сатып алу жүйесі бәрін те­жеп отыр. Конкурстарға шағым­дану рәсімінің төңірегінде тұтас астыртын бизнестер пайда болды. Кейіннен бұл мәселеге қайта айналып соқпас үшін біз жағдайды түбегейлі өзгертуіміз керек», – деді О.Бектенов Үкі­меттегі кеңесте.

Бұл ретте ол тиісті ынталан­дыру тетіктері арқылы сатып алу­лардағы отандық тауарлардың үлесін едәуір арттыру қажеттігіне тоқталды. Бұл – республикада әлі жолға қойылмаған жаңа өндіріс­терді қолдауға да қатысты мәселе.

Олжас Бектенов мемлекеттік органдарға қысқа мерзімде сарап­шылармен және бизнес-қоғам­дас­тықпен бірге қажетті шара­ларды пысықтауды, оларды Пар­ламент қарауындағы заң­нама­лық түзетулерге енгізуді тапсырды.

Сондай-ақ жиында QazTech мемлекеттік басқарудың бірың­ғай цифрлық платформасын іске қосу және тұрғын үй саясатын реформалау мәселелері қаралды.