"ҚазАвтоЖол" қызметкері қызметтік міндетін атқару кезінде қаза тапты, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
2024 жылғы 10 ақпанда сағат 14.00 шамасында Самара-Шымкент автожолының 1 285 шақырымында қайғылы оқиға болды.
Жол-көлік оқиғасының (жол бойында тұрған көлікті соққан) салдарынан тікелей қызметтік міндетін орындау кезінде "ҚазАвтоЖол" ҰК" АҚ Қызылорда облыстық филиалының бас маманы Сақтапберген Бақытжанұлы Сыдықов қайтыс болды.
Оқиға Самара-Шымкент автожолында Арал ауданы Сазды ауылы маңында қозғалыс қайта жанданған уақытта болған. Қатты жылдамдықпен келген Toyota Alphard көлігі жол бойында тоқтап тұрған көлікке соқтығысқан, сол уақытта автокөлік ішінде компания қызметкері жұмыс істеп отырған. Салдарынан ол тілге келместен сол жерде жан тапсырды. Марқұм Қызылорда облыстық филиалының бас маманы болып, компанияда 6 жылдан астам жұмыс істеп, өзін адал, кәсіби қызметкер ретінде танытты. Сақтапберген Сыдықовтың артында төрт баласы мен жары қалды.
"ҚазАвтоЖол" ҰК" АҚ қызметкерлері марқұмның туған-туыстары мен жақындарының қайғыларына ортақтасып, көңіл айтады, артында қалған отбасына компания тарапынан барлық қажетті қаржылық қолдау көрсетіледі.