Сарыағаштағы 5 жасар қыздың өліміне қатысты істі болған пробация қызметкеріне сот шешім шығарды, – деп хабарлайды Aikyn.kz otyrar.kz-ке сілтеме жасап.
«Ісіне салғырттық танытты» деп күдікке ілінген пробация қызметкеріне қатысты сот үкімі шықты. Сарыағаш ауданында 5 жасар қызды азаптап өлтірді деп өмір бойына сотталған Гаибназаров бас бостандығынан шектелген кезде пробация қызметкерінің қарауында болған. Сот шешімімен сезікті 2 жылға бас бостандығынан айырылды. «Қылмыстық кодекстің 371-бабы 2-бөлігінде көрсетілген қылмысты жасағаны үшін кінәлі деп танылсын. Күдікті 2 жылға бас бостандығынан айырылсын», – деп үкім шығарды Сарыағаш аудандық сотының судьясы Жасұлан Орынбаев.
Сонымен қатар сотталушы 2 жыл құқық қорғау органдарында лауазымды қызмет атқару құқығынан айырылды.
Еске салайық, өткен жылдың шілдесінде Сырығаш ауданы Жібек жолы ауылында 5 жасар қыздың өлімі бүкіл қазақстандықтардың жағасын ұстатқан еді.
Қылмыскер көрші үйде тұратын ер адам болып шықты. Оның қорасынан бірнеше пышақ жарақаты бар қыздың денесі табылды. Бұл ретте, ата-анасының айтуынша, сотталушы ауыл тұрғындарымен бірге 5 жасар қызын іздеуге қатысқан.
Сот Сайдолим Ғаибназаровты өмір бойына бас бостандығынан айыру, химиялық кастрация жасау және қыздың ата-анасына 100 миллион теңге төлеуге үкім шығарды. Аса ауыр қылмыс жасағанға дейін ол кісі өлтіргені үшін 10 жылға жуық жазасын өтеп, 2023 жылы мамырда досын жарақаттағаны үшін үш жылға бас бостандығын шектеу жазасына кесілген.
Көпшіліктің наразылығынан кейін Сарыағаш аудандық сотының төрағасы қызметінен босатылды.