Бүгінде мектептерде 270 мыңнан астам орын жетіспей отыр.
Алдағы үш жылда мектеп тапшылығы 4 есеге артуы мүмкін – Мәжіліс депутаты
548
оқылды

Мәжіліс депутаты Қайрат Балабиев білім саласындағы мемлекеттік және жекеменшік мектептерге біркелкі қаржы бөлінбеуі, сондай-ақ жергілікті кәсіпкерлердің жекеменшік мектептерге мемлекет тарапынан қолдауға мұқтаж екендігін айтты. Депутат осы мәселе бойынша ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Тамара Дүйсеноваға сауал жолдады, – деп хабарлайды Aikyn.kz

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Орта білімнің сапасы – табысты ұлт болудың тағы бір маңызды шарты. Әрбір оқушының білім алып, жан-жақты дамуы үшін қолайлы жағдай жасалуға тиіс» деген болатын.

«Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, Қазақстанда 7 611 білім ұясының 707-сі – жекеменшік. Оқушылар саны 245 мыңнан астам және олардың тең жартысы – 1-4-сынып оқушылары. 

Бүгінде мектептердегі орын тапшылығы өзекті мәселеге айналып, 270 мыңнан астам орын жетіспей отыр. Мемлекет тарапынан тиісті шаралар қабылданбаса, бұл көрсеткіш алдағы үш жылда 4 есеге артуы мүмкін.  

Бұл мәселені шешу­дің бір жолы – жекеменшік мектептер. Сондықтан Үкімет мемлекеттік мектептермен қатар жекеменшік оқу орындарына да бірдей көңіл бөліп, тиісті қолдау көрсетуі керек», – деді депутат. 

Қ.Балабиевтің айтуынша, қазіргі кезде мемлекеттік пен жекеменшік мектептерді қаржыландыру тәртібінде айтарлықтай айырмашылық орын алып отыр. 

«Мемлекет есебінен жекеменшік мектептерде тегін білім алатын аз қамтылған отбасы балаларына берілетін әлеуметтік  көмек – ыстық тамақ пен мектеп формасымен қамту, оқу құралдары мен оқулықтар сатып алу – қарастырылмаған.

Сол себептен әлеуметтік жағдайы төмен отбасы балалары орын жетіспеуінен жай мектептен жекеменшікке ауыстырылса, мемлекеттен берілетін көмектен құр қалады.

Жекеменшік мектептерде мемлекет есебінен оқитындардың әлеуметтік жағдайы ескерілмеуі және мемлекеттік көмектің болмауы оқушылардың арасында теңсіздік тудырып отыр», – деп атап өтті ол. 

Депутат осы айтылғандар негізінде Тамара Босымбекқызынан Қазақстандағы жекеменшік мектептерге мемлекет тарапынан қойылған талаптар мен ережелерді қайта қарап, мынадай өзекті мәселелерге назар аударуды сұрады:

  1. Жекеменшік білім беру ұйымдарындағы бастауыш сынып оқушыларына және жоғарғы сыныпта оқитын аз қамтылған отбасы балаларына тегін тамақтандыруды ұйымдастыру;
  2. Жағдайы төмен отбасы балаларына бөлінетін барлық әлеуметтік көмекті жекеменшік мектептердегі оқушыларға да мемлекеттік мектептердегідей берілуін қамтамасыз ету;
  3. Жалпы мектептердегі тұрмысы төмен отбасы балалары мен жетім балаларға мемлекет тарапынан көрсетілетін қаржылық және басқалай көмекті жекеменшік мектептердегі осы деңгейдегі оқушыларға да берілу мәселесін қарастыру бойынша тиісті шешімнің қабылдануына ықпал етуіңізді сұраймын.