«AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі, депутат Нартай Сәрсенғалиев Бас прокурор Берік Асылов, Қаржылық мониторинг агенттігінің төрағасы Дмитрий Малаховқа депутаттық сауал жолдады.
Amanat Home мен Amanat Halyk-қа сеніп, баспанасыз қалған азаматтар көп – Нартай Сәрсенғалиев
1,128
оқылды

Бүгінгі депутаттық сауалыма алаяқтардың қармағын қауып, қолындағы қаржысынан қапыда айырылып, әділдік таппай шақшадай басы шарадай болған жандардың жанайқайы себеп. 

«Л-капитал» деген қаржылық ұйымның құрбаны болған қандастар мына хатты Мәжіліске үмітінің соңғы сәулесіндей сеніммен жолдады. Өйткені «Л-Капитал» акционерлік қоғамының «там-тұм теңге салсаң таудай табыс табасың» деген жалған жарнамасына алданған адам саны қазір 1451-ге жетті. Жарнама жасап жалаулатқандардың сапында елге танымал өнер жұлдыздары бар. Жапа шеккендердің біразы зейнеткерлер мен жалғызбасты аналар. Сол 1451 жәбірленушіге келтірілген шығынның жалпы көлемі 10 499 000 000 теңге. Осынша қаржыны «Л-Капиталдың» басшылары ізім-ғайым жоқ қылды деп арызданған отандастарымыз аталған іс бойынша соттың тым созбаққа салынып кеткеніне, прокуратура органдардың баяу әрекетіне наразы. 

Бұл жерде тағы бір түйткіл бар, «Л-Капитал» акционерлік қоғамына алданғандар саны 1451-ден әлдеқайда көп. Себебі, мына арызда қаржылық құйтырқылықтың құрбандары санатында әскери бөлім қызметкерлері, оның ішінде Гвардейский қалашығындағы әскерилер, түрлі деңгейдегі мемлекеттік қызметкерлер, бюджеттік мекеме қызметкерлері бар делінеді. Бірақ олар арыз жазудан тартынып отыр, себебі де түсінікті шығар. 

2008 жылы құрылған әрекеті қаржылық пирамидаға ұқсас ұйымды Алматы қаласының Әуезов аудандық Әділет басқармасы ресми тіркеген. Алғашында елге қаржылық сауаттылықты үйрететін бизнес тренингтер мен семинарлар өткізіп бастаған ұйым ақырында мыңдаған адамды қаржылық қақпанға түсіріп отыр, міне мына хатта барлық схема толық көрсетілген. Депутаттық сауалға қоса жолдаймын.

«Л-Капиталдан» қаржылық сауатымды арттырамын деп барған халық қазір солармен соттамыз деп жүріп өз сауаттарын өздері арттырып алды. Аталған қаржылық ұйым бір кездері елдің күдігін жою үшін түрлі жобаларға инвестиция салдық деген құжаттарды көрсеткен. Бірақ ол ақшалардың қайда кеткені де салымшыларға беймәлім қазір. Сонда соңғы ақшасын салған халыққа кім қорған болады? Беймәлім қаржылық ұйымдар ағайынды алдап Қазақстанда қашанғы алшаң басып жүре береді? Интернет алаяқтықтың құрбаны болған қандасты қорғай алмаса, қаржылық пирамиданың қақпанын қапқан отандасты арашалай алмаса, олардың қолды болған ақшасын қайтара алмаса онда құзырлы орындардың құзыры не нәрсеге жетеді деген заңды сұрақ туады. 

Қарапайым елдің мобильдік аударымына қарауыл қойып қадағалап, қажет болса шара қолданамыз деп халыққа дөң айбат шеккен мемлекеттік органдар шын ұрыларды ауыздықтауға келгенде сылбырлық танытпауы керек. 

Осы арызды жолдаған елдің нақты талабы:

1. 1451 жәбірленушінің арызының негізінде басталған сот процесі неге созбаққа салынып кетті? Алматы қаласындағы Бостандық аудандық соты неге Айыптау актісінде нақты айғақтар жоқ деп істі прокуратураға 3 рет қайтарды? 

2. Істің созбаққа салынуына құзырлы орындардардың қандай да бір қатысы бар ма? Бұл бағытта тиісті қызметтік тексеріс жасалуы қажет. 

3. «Л-Капиталға» ақша салуға адамдарды үгіттеген танымал адамдарды, өнер жұлдыздарын заң алдында жауапқа тарту. 

Халықты қан қақсатып отырған тағы бір түйткіл кооперативтер. Депутаттардың атына Amanat Home мен Amanat Halyk кооперативтеріне ақша салып не баспанасын ала алмай, не салған ақшасын қайтара алмай отырған азаматтардан арыз түсті. 

Бұдан бөлек, үкімі шыққан сот шешімін орындауда тиісті органдар сылбырлық танытады деп кейиді көпшілік. Себебі: Әділет министрлігінің Атқарушылық іс жүргізу органдарының автоматтандырылған ақпараттық жүйесіндегі «Борышкерлердің бірыңғай тізіліміне» және салымшылардың ақпаратына сәйкес «Amanat Home» кооперативін сотқа беріп, шешімі шығып, ол орындалмай, ақшасы кері қайтпаған 453 адам бар. Оларға келтірілген залал 1 193 231 420 теңгені құрап отыр.

Сондықтан қаржылық құйтырқылықтарды жүзеге асыратын қылмыскерлерге қатысты қосымша тетіктерді қарастыру керек. Бас прокуратураның дерегінше, Қылмыстық кодекстің 217-бабы, яғни «Қаржылық (инвестициялық) пирамиданы құру және оған басшылық ету» бойынша 2022 жылы – 104 іс, ал 2023 жылдың тоғыз айында – 89 іс сотқа жіберілген. Істің саны қысқарғанмен, жапа шеккендер азаймай тұр. Себебі 2022 жылы – 892 адам қаржылық пирамиданың құрбаны болса, 2023 жылдың тоғыз айында жәбірленушілер саны – 2079 адамды құрады. 

Ұсыныстар: 

1. Халықтың ақшасын алып алдап соққан қаржылық ұйымдарды ауыздықтайтын ведомства аралық тұрақты комиссия керек. Себебі әр мемлекеттік орган қазіргідей өз бетінше қызмет етсе іс нәтижелі болмайды. Оның айқын дәлелі, бір жылда қаржы пирамидаларынан келген залал 2,1 есе көбейген. 

2. 2023 жылдың мамырында Қаржылық мониторинг агенттігі 22 қаржы пирамидасын анықтап тізімін жариялады. Сонымен ақпараттық жұмыс тосылып қалды, тиісінше агенттікке аталған бағытта ақпараттандыру жұмысын арттыру керек. Себебі, ресми сайттағы Қаржы пирамидаларының тізімін бүгінге дейін 70 мыңнан астам адам ғана көрген. Бұл өте аз көрсеткіш, тиісінше елді ақпараттандырудың қосымша тетіктерін табу қажет. Себебі бір жылда Қазақстанда қаржылық пирамида құрбандарының жалпы саны үш есе артқан. 

3. Былтыр 5 айда Қаржылық пирамидаға қатысы бар деген күдікпен  4000-ға жуық сайт пен аккаунттар бұғатталған. Бірақ бұл да жеткіліксіз. Сондықтан аталған бағытта арнайы жоба дайындап, күдікті сайтты бұғаттауды жедел жүзеге асыратын тетік қарастыру қажет. 

Осы депутаттық сауалға заңнамада белгіленген мерзім ішінде жазбаша жауап күтеміз.