Өңірде аталмыш бағдарламаны нақты жүзеге асырудың арнайы Жол картасы әзірленіп, оған қажетті қаржы да қаралған. Соның негізінде 115 іс-шара бекітіліп, кезең-кезеңімен жүргізілуде. Бұл жайында 2023 жылғы атқарылған жұмыстар қорытындысы бойынша БАҚ өкілдеріне берген брифингте партияның облыстық филиалы төрағасы Наурызбай Байқадамов мәлімдеді.
Брифингте филиал төрағасы партияның сайлауалды бағдарламасының мән-маңызына кеңінен тоқталды. Аталмыш бағдарлама сайлаушылардың ұсыныс-пікірі негізінде арнайы әзірленген. Нәтижесінде, былтыр жоспарлы іс-шаралардың 95 пайызы орындалып отыр.
«Өткен жылы Жол картасы бойынша 115 іс-шараның 109-ы, яғни 95 пайызы орындалып, бесеуі орындалу сатысында тұр. Сонымен бірге жыл қорытындысында 1 шара орындалмай қалды. Атап айтқанда, «Байқоңыр қаласындағы сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін қайта жаңғырту» жобасының мемлекеттік сатып алу конкурсы қорытындысына шағым келтіріліп, сот процесі ұзаққа созылып кетті. Соның салдарынан бөлінген қаржы игерілмей қалды. Жол картасын іске асыру барысында биліктің партия алдындағы жауапкершілігін арттыру бойынша Партиялық бақылау комиссиясының жұмыстары жаңа бағытта жүргізілуде. Алдағы уақытта атқарылуы тиіс жоспарлы жұмыстарды ширата түсетін боламыз», – деп мәлімдеді Наурызбай Байқадамов.
Жалпы, есепті кезеңде партияның қоғамдық қабылдау бөлмелеріне азаматтардан 4 484 өтініш тіркеліп, олардың 3 179 өтініші оң шешілді. 1 256 мәселе бойынша нақты кеңес берілген. Мұнымен қоса, шалғай елді мекендерде 16 мобильді қабылдау өтіп, оларда 184 мәселе қаралып, 76-ы оң шешілген. Сондай-ақ партияның «Құқықтық көмек» жобасы аясында өткен 134 қабылдауда 367 мәселе қаралған. Нәтижесінде, 244 тұрғынға кеңес беріліп, 104 тұрғынның құқығын қорғау бойынша сүйемелдеу шаралары жүргізілген.
Негізінен, қоғамдық қабылдауларда көтерілетін мәселелердің басым бөлігі әлеуметтік қолдау бағытын қамтиды. Атап айтқанда, азық-түлік және қаржылай көмек, жұмыспен қамту мен еңбек қатынастары, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және инфрақұрылым бағытында мәселелерін айтып келушілер қарасы қалың. Сол сияқты денсаулық, білім беру бағытында шағымын айтушылар да аз емес. Филиал төрағасы тұрғындардың ұсыныс-пікірлері мен өтініштері ескерусіз қалмайтынын жеткізді.
Ербақыт ЖАЛҒАСБАЙ,
Қызылорда облысы