«AMANAT» партиясының ара­ласуымен Ақтөбе қала­сын­­дағы жалғызбасты ана үйлі болды.
Партияның қолдауымен үйлі болды
952
оқылды

Ақтөбе қалалық мәслихатының депутаты, фракция мүшесі Шынар Ершілікке өзінің ауыр тұрмыстық жағдайын айтып келген жалғызбасты ана Шакизат Колданова саяжайлардың бірін паналап отырған екен.  

Шакизат Колданованың  3 баласынан бөлек қолына қарап отырған құлағы естімейтін анасы мен мүмкіндігі шектеулі нағашы ағасы бар. Жанұяға туыстары көмектесіп саяжайды алып бер­ген көрінеді. Ескі саяжай қазір өте қатты суық болып кеткен.  4-5 жылдан бері жылымайтын аядай үйге от жағып, алыстағы құдықтан су тасып ішіп отырған. Отбасының тұрмыс тауқыметі әбден қажытқан жалғызбасты ана, «AMANAT» партиясына көмек сұрап  хабарласқан екен. 

– Жолдасым қайтыс болған­нан бері саяжайдағы суық үйді паналадық. От жағып, су тасимын. Қанша жерден от жақсақ та ал­ғашқыда жылынғанымен, жарылған қабырғалар жылу ұстамай тез суып кетеді. Балаларымнан бөлек қарт анам мен ауырушаң нағашы ағама қатты қиын соқты. Олардың күтіміне қарағандықтан тұрақты жұмысым да болмай қалды. Мәселемді депутат Шынар Ершілікке жеткізген едім, үйіме Олжас деген жігіт келіп, жағ­дайымды біліп кетті. Бір айға жетпейтін уақыт ішінде үйлі болдым. Ризашылығым шексіз, – дейді Шакизат.

Шынар Ершіліктің айтуынша, Шакизат Колдановадан өтініш түскен бойда жағдайын біліп, көмек көрсетудің жолдары қарастырылған. Қоғамдық қорлар көпбалалы ана­ларға басымдық берілетінін айтып, көмектен бас тартыпты. Сондықтан Олжас Асқаров, Болат Алиев сияқты еріктілердің қолдауына жүгінген. 

– Шакизат Колданованың жағдайы өте қиын болды. Шиеттей 3 баласы, қарт анасы, мүмкіндігі шектеулі ағасы барлығы бірдей суық үйде отырды. Әкімдік уақытша үй бөлгенімен, өз баспанасындай бола алмайды. Тұрақты жұмысы жоқ адамға жаңа үй алу қиын. Сондықтан көмек ұйымдастырдық. Еріктілерге, жомарт жандарға ризамын, – дейді Ақтөбе Қалалық «AMANAT» партиясы мәслихатының депутаты, фракция мүшесі Шынар Ершілік.

Қазір Шакизат Колданова қаладан өзі таңдаған жерден екі бөлмелі үй алып, жайлы тұрмыс кешуде. «AMANAT» партиясының қолдауына барлық отбасы мүшелері ризашылығын білдіріп отыр.