Бір қызығы Димаш Қанатұлы осы уақытқа дейін бірде-бір мекемеге дәл осылай кездесуге бармаған екен. Бұл әншінің ең бірінші кездесуі деп айтсақ артық болмас. Әрине, бұл шекарашылар үшін үлкен қуаныш, әрі мақтаныш!
«Ұлық болсаң кішік бол» демекші, Димаштың сөйлеу мәдениетінен, жүрісінен қарапайымдылықтың иісі аңқып тұрады. Әншімен сұхбат барысын полковник Д.Белгожаев пен майор А.Достаев екі тілде жүргізіп отырды. Орыс тілінде қойылған сауалдарға тек мемлекеттік тілде жауап берген Димаш тағы бір қырынан көрініп, тіл жанашыры екенін байқатып, кездесу соңына дейін ана тілінде сөйледі.
Сахна төріндегі жайлы орындыққа жайғасқан әншіге зал толы курсанттар өздерінің сауалдарын қойды. Шекарашылардың қара шаңырағындағы қызықты кездесуде курсанттардың бірі оған жасыл күнқағарлы шекарашылардың фуражкасын сыйға тартса, енді бірі Александр Бектің «Арпалыс» атты кітабын тарту етті. Ал енді санаулы айлардан соң қос жұлдызды иығына қадап лейтенант атанатын бітіруші түлектердің бірі курсант Н.Алдажұман Димаш ағасын өздерінің маусым айында бітіруші лейтенанттар кешінің құрметті қонағы болуға өтініш жасады. Әрі қарай Шекара академиясының әнұраны нақышына келтіре шырқалды.
Өз кезегінде «Жас шекарашы» балалар әскери-патриоттық клубының тәрбиеленушілері де әншіге бір құшақ гүл мен «Қазақстан» шоколадын сыйға берді. Кездесу барысындағы қызықты әңгімені мұқият тыңдаған курсанттар мен әскери қызметшілер мұндай қайталанбас тарихи сәтті қалт жібермей, кезек-кезек естелікке суретке түсіп, мәре-сәре болды.
Көзі қарақты оқырмандарымызға қосымша ақпарат ретінде танымал әншінің өсіп-өнген жанұясы жайлы жаза кеткенді жөн көрдік.
Дінмұхаммед (Димаш) Құдайберген, 1994 жылы 24 мамырда Ақтөбе қаласында Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткерлері Қанат Құдайбергенұлы мен Светлана Айтбаеваның отбасында дүниеге келген. Димаштың ата-анасы – танымал әншілер Қанат және Света Айтбаевтар. Димаштың әкесі Қанат Айтбаев – облыстық филармония басшысы, анасы – Светлана Айтбаева, облыстық маслихат депутаты. Димаштың ата-әжелері де өнер адамдары.
ҰҚК Шекара академиясының тәрбиелік, Әлеуметтік-құқықтық және идеологиялық жұмыстар басқармасы бастығының орынбасары полковник Дәурен Белгожаев басқарма ұжымымен, кездесуді ұйымдастырып, әріптестеріне есте қаларлықтай ұмытылмас тарихи сәтке бастамашылдық танытты.
Жанат ЖАБЫРБЕКОВ,
ҰҚК Шекара академиясының
баспасөз хатшысы