Қазір қоғам дертіне айналған сыбайлас жемқорлық бүгінгі күннің өзекті мәселесі болып отыр. Қоғамға жегі құрттай жабысқан дертке тұсау қойып, алдын алу немесе оған жол бермеу жемқорлықтың жойылуына себеп болары анық.
Қанағат Әбілқайыр: Періштелер жоқ жерде қылмыстың түр-түрі болады
1,148
оқылды

Дегенмен аталған дерттің жойылмай келе жатқаны әр қоғам мүшесін алаңдататыны рас. Айналамызда болып жатқан түрлі күрделі мәселе, ұлт болашағына кесірін тигізетін дерт туралы қалам тербеп, оқырман назарына сатирамен жол тартқан жазушы Қанағат Әбілқайырмен осы тақырып төңірегінде әңгімелестік. Айта кетейік, сатирик-жазушының 17 ақпанда «Періштелер жоқ жерде» атауымен жарық көрген кітабының тұсаукесері өтті. Автор жаңа туындысында да қоғамдағы келеңсіз оқиғаларды сатира арнасына түсіріп, өзекті тақырыптарды жан-жақты сынайды.

– Темірбек Қожакеев «Сатира – күш­тілер қаруы» дейтін еді. Рас, кезінде са­ти­ра күштілер қаруы болды. Бүгін ше? Күші бар ма?

– Бағыма орай Темірбек ағаны көру, шәкірті болу бұйырды. Талай студенттің ол кісінің қаталдығына, тепкініне шыдамай оқудан шығып қалғаны жиі айтылады ғой. Бірақ маған өте жақсы қарады. Мүмкін, шығармаларым сол уақытта газет-журналға жиі жарияланып жүргені себеп болды ма, әлде аздап сатиралық дүниелер шимайлап жүргенім көмек болды ма? Әйтеуір, ол кісіден қысым көргенім жоқ. Бір шығармамда телевизорды телебезер деп сипаттағам. Қазақтың кәдімгі «безеріп» деген сөзі ғой. Соған қатты риза болған. 

Ал сұрағыңызға келсек, қазір сати­­раның қадірі қашып тұр. Кешегі күшті­­лердің қаруы бұл күнде өзін-өзі қорғауға дәрменсіз. Біріншіден, арыда Б.Майлин, беріде О.Әубәкіровтер шырағын жаққан сатира жанрында қазір жазып жүргендер саусақпен санарлықтай ғана. Екіншіден, қоғам ғана емес, Жазушылар одағының өзі сатираны керек етіп отырған жоқ. Поэ­­зияда, прозада, драматургияда мү­­­шайралар, әдеби байқаулар жиі өтіп жатады. Кейінгі бес жылда бұл додаға детектив жанры қосылды. Осы жағы са­тира жазып жүргендерді ғана емес, өзге­ні де ойландыруға тиіс.

– Сатиралық шығармаларды бұрын әзіл-сықақ театрлары жиі пайдаланатын еді. Қазір өздері – автор, өздері – орын­­даушы. Бүгінгі театр сатириктерге зәру емес пе?

– Рас, бұрын «Тамаша» деген жалғыз ғана әзіл-оспақ театры болды. Соған сол кездегі белгілі сатириктер дүниелерін ұсы­­натын. Ол кезде және бәрін сүзгіден өткізіп отыратын көркемдік кеңес бар еді. Қазір бәрі өзгерді. Күлкі театрлары, КТК (Көңілді тапқырлар клубы) ойнай­­­тындар көбейді. Әттең, баяғы көркемдік кеңес жоқ. Әркім ойына келгенін жа­­­­зып, айтып, сахналап жатыр. Бәрін жоқ­­­­қа шығармаймын, дегенмен күлкі­­­ден қа­­дір кетті. Отбасы-ошақ қасындағы әзілдер, белден төмен бейәдеп қылықтар сахнада көрсетіліп жатыр. Сатира – күш­­ті­­­лер қаруы ғана емес, сатира сах­нада өнер, мәдениет, тәрбие құралы болуы керек. Сатиралық көрініс көрер­­­­мен деңгейіне түспеуге тиіс. Керісінше, көрерменнің ой-өрісін дамытып, ой­лан­­­дыруы қажет. Бізде қазір осы жағы ақсап тұр.

– «Қазақ сатирасы қартайды» деген пікірге қалай қарайсыз?

– Қазақ сатирасы қартайды десем, мен де қартайған болып шығам-ау. Бұл пікірмен келіспеймін. Мәселен, өзім ұстаз тұтатын, ерекше құрметтейтін Тұр­сынжан Шапай ағамызды алайық. Кез келген шығармасы қай уақытта оқысаң да өзекті. Жеткізе алмай жүрген ойыңды сол кісіден тауып ала қоясың. Алдағы 20-30 жылда да ол кісі қозғаған тақы­­­рыптар құнын жой­­­­майтынына сенім­ді­мін. Сондықтан қар­­­­­­тайды дегеннен көрі дағдарыста де­­­ген жөн сияқты. Өйт­­­кені Тұрсынжан аға сияқ­­ты санаулы қа­­­ламгер бол­­­маса, сатира жа­­зып жүр­ген адам аза­йып кетті.

– Қазір осы жанр­ға қалам тербеп жүр­­ген жастар бар ма? Әлде, сатираның ауы­­­­лына ешкім ат ізін сал­май кетті ме?

– Жастардан Ол­­­­­жас Қасым жазып жүр. Бірақ өлеңге қатты беріліп кетті ме, сатирасын сирек байқаймын. Өзім қа­­­тарлыдан Қанат Ескендір мен Бейбіт Сарыбай бар еді. Олар да жазғанын жасырын жинап жүрмесе, ашық жария­­­лауды қойды. Ал мен байқамаған жастар өсіп келе жатса, оған тек қуаныштымын. Астанаға ат­танар күні осы жанрға адал­­­дық танытып келе жатқан заман­­­дасым Үміт Зұлхарова хабарласты: «Жазушылар одағында сатириктердің басқосуы бола­­­ды. Біраз мәселені талқылаймыз» деді. Қуандым, бірақ жолға дайындалып қо­­йып едім, қатыса алмадым. Жақсы дү­ниелер ай­­тылған шығар, мәселелер оңынан ше­­шілген болар деген үміттемін. 

– «Періштелер жоқ жерде» кітабы­ның тақырыбы жеңіл емес. Қоғамдағы келеңсіздікті қаншалықты сатира ті­лінде жеткізе алдыңыз?

– Білесіз, періштелер жоқ жерде қыл­­­мыстың түр-түрі болады. Адам өлті­­­­ру, зорлау, жемқорлық, кісі ақысын жеу. Қысқасы, өзге тіршілік иесі жасай алмайтын, адам ғана жасайтын айуан­­­­дықтың бәрі періштелер жоқ жерде жа­са­­­­­­лады. Мен бұл кітабымда 30 жыл­­­­­дағы барлық жауыздықты, сатқын­­­­­дық­­ты, аярлықты, жауапсыздықты, жемқор­­­­лықты жеткізгім келді. Төлен Әбдік, Тұр­сынжан Шапай, Амангелді Кеңшілік сияқты мықты ағаларымның пікірлеріне қарағанда сол үдеден шықтым-ау деп ойлаймын.

– Сатириктерді іздейтін оқырман бар ма?

– Іздейтін кітаптарын іздеп жүріп, сатып алатын оқырман өте көп. Міне, Астанадағы Ұлттық академиялық кітап­ханада күні кеше «Фолиант» баспасынан шыққан кітабымның таныстырылымы өтті. Сол шараға аязға қарамастан көп адам жиналды. Бәрі кітап алды. Қатты қуандым. Әттең, оқырман іздегенімен билікке, одаққа сатира жанры керек болмай тұр. Мәселен, бұрын Ғабит Мүсіреповтер бас­­­­қар­­ған «Ара» деген сати­­­­­ра­лық журнал бар еді. Әр ба­­­сылымда сатираға ар­­­­­налған бір бет бар еді. Ол журнал жабыл­­­­ғалы көп болды. Сати­­­ралық беттер де жабы­­лып бітті. «Араға» шық­­қан бір фельетон­­нан бір әкім немесе бір ми­­нистр қыз­­­­­метінен кетіп, кет­­пеген күннің өзінде қатаң тек­­серу жү­­­ріп жа­­­­­татын. Қа­зір сати­рада он­­­дай күш жоқ. Мүм­кін би­­­лік сати­­­­раның сол кез­дегі кү­­шінен қор­­­­қа­тын шы­­ғар. Сон­­­дықтан жылы жауып қой­ған бо­лар.

– Саяси сатираны кө­­­теріп жүрген әзілкештер көрші Ресейде өте көп. Олар­да үл­­­­­кен мектеп қалыптасқан. Он­дай мектеп бізде неге жоқ?

– Рас, Ресейде бір өзі бір театр бола­тын авторлар көп. Олардың тағы бір ерекшелігі – өз жазғандарын өздері орындайды. Мұның бір артықшылығы автор өз дүниесін түсініп жеткізеді. Орыстардың, Украиндердің күлкі театр­­ларын жиі көремін. Көрем де қызығам. Саясатқа, әлеуметтік мәсе­­лелерге қо­­­­рықпай барады. Соны әдемі жеткізеді. Ал бізде кезінде марқұм Көпен Әмірбек пен Толымбек Әлімбекұлы тәжірибе жасап көрген. Сәтті шығып еді, әттең жалғасын таппады. Негізі, бұл өнер ғой. Екінің бірінің қолынан келмейді. Де­генмен жалқаулық, ізденбеу де қол бай­лайды-ау.

– Әңгімеңізге рақмет!

Әңгімелескен 

Сымбат БАУЫРЖАНҚЫЗЫ