Қарағанды облысында алдағы су тасқыны кезеңіне дайындық жалғасуда. «AMANAT»-тың өңірлік партиялық бақылау комиссиясының мүшелері Теміртау қаласындағы Самарқан су қоймасына барды.
Атап айтқанда, партиялықтар су тасқынының алдын алу және көктемгі қауіп-қатерге дайындық шараларымен танысты. Бүгінде өңірдегі 150-ге жуық елді мекенге қауіп төніп тұр.
«Төтенше жағдайлар департаментінің барлық бөлімшесі сақадай-сай тұр. Биыл – қар қалың. Тиісінше, қызыл су көлемі де көп болуы мүмкін. Біз кез келген қауіп-қатерге дайынбыз. Барлық ресурсымыз жедел әрекет ету режиміне келтірілді», – деді облыстық Төтенше жағдайлар департаменті басшысының орынбасары Ақылбек Ахметжанов.
Мамандар партиялық бақылау комиссия мүшелерін төтенше жағдай болғанда қабылданатын шаралар жоспарымен таныстырды. Бүгінде Самарқан, Ынтымақ, Шоқай және Жартас сияқты ірі су инженерлік құрылымдарында мониторинг жүргізілді. Наурыздан бастап су қоймалары тікұшақпен бақыланып, ғарыштық мониторинг жүргізіледі.
«Жағдайды көзбен көріп, зерттеп-зерделеген соң су тасқынына қатысты ықтимал қауіп-қатерді талқылап жатырмыз. Біздің аймақ «қауіпті тізімде» тұр. Өзен-көлдердің, су қоймалардың жағдайын жіті бақылап отыру қажет. Өңір көктемгі су тасқынына дайын екеніне сенімді болуымыз керек», – деді Қарағанды облыстық партиялық бақылау комиссиясының төрағасы Александр Куприенко.
Айта кетейік, қала және ауыл тұрғындарын су тасқынынан қорғау – «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасында қамтылған негізгі міндеттердің бірі. Атап айтқанда, 2027 жылға дейін 14 жаңа су қоймасын салу және жұмыс істеп тұрған 16 су қоймасын қайта жаңарту жоспарлануда.