ChatGPT-ден қалғысы келмейтін технологиялық алпауыттардың әрқайсысы өздерінің ЖИ жүйелерін жасауда айтарлықтай нәтижелерге жеткені gizmodo.com сайтының мақаласынан анық байқалды. Aikyn.kz осы материалға сүйеніп Google-дің жаңа Gemini AI моделінің мүмкіндіктерін талдайды.
Gemini-мен сөйлесуге болады. Фото jurnalfaktual.id сайтынан алынды
Google жаңа Gemini AI моделін ұсынып, премиум жазылым қызметін іске қосты және ЖИ-ді смартфондардың ядросына орнатты. Бұл технологиялық нарықта цунами тудыратын жаңалық болатынын әлем баспасөзі жазуда.
Google тарихында ең үлкен жаңартулар ұсынды. Компания өзінің келесі буын жасанды интеллект моделінің Gemini толық нұсқасын шығарды. Google өзінің чат-ботының атын Bard-тан Gemini-ге өзгертіп, арнайы Gemini мобильді қосымшасын қолданысқа енгізді.
Дегенмен әрбір интернет қолданушының өміріне тікелей әсер ететін жаңалық бар. Компания өзінің Google Assistant-іне енді Gemini-ді қосты. Бұдан былай миллиондаған адамдар нарықтағы ең қуатты жасанды интеллект үлгісімен дауыстық командалар арқылы сөйлесетін болады.
«Әрбір ұшыру үлкен, бірақ бұл ең үлкені», – дейді Сисси Сяо, Gemini Experiences және Google Assistant вице-президенті баспасөз мәслихатында сөйлеген сөзінде. «Google үшін Gemini – бұл жай ғана модель емес. Бұл шынымен де біздің заманауи технологиялар мен олардың айналасында құратын бүкіл экожүйе туралы ойлау тәсілін өзгерту болып саналады. Бұл миллиардтаған пайдаланушыларға әсер ететін қызмет түрі мен өнім».
Gemini мобильді қосымшасы енді Android құрылғыларында қолжетімді және компания iOS жүйесіндегі Google қолданбасына да Gemini-ді қосты. Ал компанияның ең қуатты AI Gemini Ultra қолданбасын айына $19,99 төлеп қолдауға болады. Google қызметтерінде жасанды интеллектің барлығы қазір Gemini деп аталады. Бұл компанияның енгізген имидждік үлкен өзгерісі.
Осы уақытқа дейін Google өзінің чат-бот технологиясын көпшіліктен жасырып келді. Егер сіз арнайы веб-сайтқа кірсеңіз және компания өзінің барлық ЖИ құралдарын «эксперименталды» деп атағанын байқайсыз. Бір жылға жуық сақтықтан кейін Google өзінің ЖИ өнімдерін ұсынуға дайын сияқты.
Google-дың ұзақмерзімді жоспары Assistant-ті толығымен Gemini-ге ауыстыру болуы мүмкін. Apple дәл осындай жолмен жүреді. Кең таралған қауесеттерге сәйкес, осы жылдың соңында шығарылатын алдағы iOS 18 операциялық жүйесінде Siri жасанды интеллект көмекшісі қосылады деп болжануда.
Gemini-ді таныстыру. Фото habr.com сайтынан алынды
Google мәліметтері бойынша, Gemini Ultra нарықтағы ең озық ЖИ деп танылған. Компания Gemini Ultra – математика, физика, тарих, заң, медицина және этика сияқты 57 ғылыми бағыт бойынша ЖИ білімі мен есептерді шешу қабілеттерін өлшейтін MMLU (Массивті көптілді түсіну) деп аталатын стандартталған сынақта адам сарапшылардан озған алғашқы ЖИ моделі.
Google-дің жаңа жасанды интеллект бизнесі ChatGPT-ке көп жағынан ұқсас. ChatGPT-дің тегін GPT-3.5 жүйесінде жұмыс істейтін сияқты Gemini-дің тегін нұсқасы Gemini Pro деп аталады. Gemini Ultra-ның барлық мүмкіндіктерін пайдалану үшін айына $19,99 төлеу керек.
Телефондағы Gemini көмегімен енді толық ЖИ құрылғысына ие бола аласыз.
Осындай серпінді дамыған заманда сіз болашақта телефоннан дауыстық командалар беріп, әртүрлі тапсырмаларды орындауды сұрай аласыз және ЖИ сіздің сұрауыңызды қашанда дұрыс түсінетін болады. Осындай армандарға жетуге Google бізді бір қадам жақындатты.