Идеяның тууына жастар арасында қазақ тілінің қолдану аясының тарлығы, жас буын өкілдерінің қазақша сөздер мән-мағынасын ұғына бермеуі сияқты мәселелер түрткі болған екен.
– «Өзге тілдің бәрін біл, өз тілінді құрметте» демекші, көп тілде сөйлеу тенденциясы қарқынды дамыған заманда қазақ тілінің байлығын сақтап қалу, оны насихаттау маңызды деп санаймыз, – дейді жоба авторлары.
Мобильді қосымшаның құрылымына келер болсақ, ол негізгі төрт бағытты қамтиды. Оның ішіне қазақ әдебиетінде шоқтығы биік ұлы тұлғалардың қанатты сөздері, ел арасында қолданыстан шығып қалған мақал-мәтелдер, тұрақты тіркестер мен көнерген сөздер кеңінен енгізілген. Қосымшаның бірінші бөлімінде «Қанатты сөздер» бағытындағы нақыл сөздер авторлардың есімі бойынша жіктеліп орналастырылған болса, екінші «Мақал-мәтелдер» бөлімінде Отан, табиғат, білім, отбасы және тағы басқа тақырыптарға көбірек ден қойылған. Ал «Тұрақты тіркестер» және «Көнерген сөздер» бөлімдерінде сөздер әліппе реттілігі бойынша орналастырылыпты.
Жоба авторлары заманауи қосымшаның ерекшеліктерін де атап өтті.
«Біз қазақ тілі пәнінің мұғалімдерімен бірігіп, әрбір сөзге терең лингвистикалық талдау жасап, оның түсіндірмесін шығардық. Осылайша, қосымшада әр сөздің түсіндірмесі, қолдану аясы, оның ішінде әдеби кітаптардан мысал ретінде алынған үзінді және орыс, ағылшын тілдерінің аудармасы, тіпті аудио жазбасы ұсынылған», – дейді жас өнертапқыш Азиза Жақыпбек.
Қазір жастардың қазақ тілінен бөлек бірнеше тілді бірге алып жүретінін ескеріп, қосымшаға өзге екі тілдің аудармалары енгізілген. Бұл артықшылықтар арқылы өзге ұлт өкілдері қазақ тілінің күнделікті тұрмыста қолданатын сөздерін жаттап қана қоймай, қанатты сөздеріміздің мағынасын түсіне алатын болады.
«Ағылшын тілі – әлемдік тіл екені дүйім жұртқа мәлім. Naqyl söz қосымшасы арқылы шетелдіктерге қазақша мақал-мәтелдер, тұрақты тіркестер, қанатты сөздерді үйрену және түсіну ыңғайлы болады деп ойлаймыз», – дейді жоба авторы Алуа Едігеева.
Жас өнертапқыштардың туындысын келешекте кез келген адам жүктеп, қолдана алатыны белгілі болды. Оның мақсатты аудиториясына шектеулер қойылмаған. «Мақал – сөздің мәйегі» демекші, жаңа қолданба сөздік қорын қазақ нақылдарымен байытқысы келетін және мағыналы сөйлегісі келетін кез келген адамға қолайлы болары анық. Қазір аталған қосымшаның деректер қоры әлі де толықтырылып жатыр. Жақын арада Play-Market және AppStore электронды дүкендерінде қолжетімді болмақ.
Арнагүл УАТХАН,
ЕҰУ-ның 4-курс студенті