Қазіргі таңда осы көне жәдігерлердің көмбесі саналатын Арал аудандық тарихи-өлкетану музейінің мұңды күй кешіп тұрғаны көпшілікті алаңдатып отыр. Ауданда 1988 жылдан бастап жұмысын бастаған музейде 10 мыңдай экспонат сақтаулы. Онда 5 тақырыптық зал бар. Оның әрбірі теңізді өлкенің өткенінен сыр тартатын құнды деректерге толы. Атап айтқанда, «Археология және этнография», «Өнер мен әдебиет», «Галерея», «Тәуелсіз Қазақстан», «Өлке тарихы» экспозициялық залдары жұмыс істейді. Оның ішінде теңіз төскейі еңбеккерлерінің атқарған жұмыстарын ұлықтауға арналған «Еңбек даңқы» залы, Лениннің 1921 жылы Арал балықшыларына жазған хаты, социалистік еңбектің 16 батыры жайындағы тың деректер музейде тұр. Сонымен қатар 1919 жылы тамыз-қыркүйек айларында болған «Арал доғасы» азаматтық соғысының диорамасын да табуға болады.
Дейтұрғанмен, музей ғимаратының қазіргі жағдайы мәз емес. Ұрпақтан ұрпаққа аманат болып жеткен құнды жәдігерлер қоры жинақталған мекеме ғимараты талапқа сай еместігі айтылып келеді.
Негізі, бұл музей ғимараты 1954 жылы салыныпты. Алғашында ғимарат интернат ретінде жұмысын бастаған. Балаларды білім нәрімен сусындатып, ұлағатты ұрпақ қалыстаптыру бағытында жұмыс жүргізген. Бертін келе, мәдениет үйі ретінде қайта құрылымданады. Талай жыл өнердің қара шаңырағы болған ғимарат кейіннен музейге беріледі.
«Негізі, Арал ауданындағы 1988 жылдан бастап жұмыс істеп келе жатқан музейде теңізді өлкенің тарихынан мағлұмат беретін құнды деректер аз емес. Алайда ғимараттың тозығы жетіп тұрғаны ащы да болса ақиқат. Осы орайда апатты жағдайда тұрған ғимаратта аудан тарихынан сыр шертетін баға жетпес құндылықтарымызды сақтау оңайға соқпайды. Сондықтан жаңа да заманауи музей ғимаратына көшіріліп, келушілерге қолайлы жағдай жасау назардан түскен емес. Бұл көп жылдан бері көкейде жүрген мәселе болатын. Осы келеңсіздік биыл түбегейлі шешіледі деген жоспар бар. Биыл облыс әкімінің тапсырмасымен ауданнан «Руханият» орталығын салу бастамасы жүзеге асырылады. Соның негізінде аудан музейінің экспозициясын аталмыш орталыққа көшіру жұмыстары жоспарланып отыр», – деп түсіндірді Қызылорда облысы тарихи-өлкетану музейінің басшысы Сапар Көзейбаев.
Жалпы, облыстық мәдениет мұрағат және құжаттама басқармасының мәлімдеуінше, музей ғимараты 2022 жылдың 20 шілдесінде облыс әкімі Н.Нәлібаевтың бекітуімен құрылыс салуды қажет ететін, білім, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық нысандар тізіміне енген. Бұған дейін музей ғимаратының апатты жағдайда тұрғаны ескеріліп, жаңа нысан салу мәселесі көтерілгені белгілі. Тіпті, бір кездері арнайы жер телімі қарастырылып, 600 млн теңгеге жаңа ғимарат салу көзделіп отырғаны мәлім болған еді. Алайла бұл бастаманың соңы сиырқұйымшақтанып, қаржы мәселесі қолбайлау болып тұрғаны айтылды.
Теңізді өңірдегі тарихи нысанның тағы бірі – аудандық мәдениет үйі ғимараты. 1936 жылы бой көтерген бұл ғимарат та жетімнің күйін кешіп тұр.
Аталмыш ғимараттың көрермендер залының сыйымдылығы 300 орынға негізделген. Бірақ мекеменің сырт келбеті көз сүйсінерлік күйде тұрғанымен, ішкі сапасы адам шошырлық жағдайға жеткен. Ғимараттың ескіргені соншалық, жаңбыр мен қар суынан ғимарат ішін ауық-ауық су шайып кетеді. Қабырғалары да қақырап, электр желілері өте ескі жағдайда тұр. Өңір халқы осылай деп мұңын жеткізді.
«Арал аудандық мәдениет бөлімінде 20 жыл бас маман болып, кейіннен 14 жыл аудандық мәдениет үйінде басшылық қызметте болдым. Алғашында мәдениет үйі мекемесі қазіргі музей ғимаратында болды. Ал қазіргі ғимарат ол кезде «Маяк клуб», яғни теңіз портының клубы болып жұмыс істейді. Кейіннен аудандық мәдениет үйі болып қайта құрылымдалды. Өзім басшылық жасаған кезеңге көз жүгіртсек, сол кездің өзінде ғимараттың сапасы сын көтермейтін жағдайға болатын. Төбесінен су кетіп, қабырғалары сыз тартып тұратын. Сол уақыттан бері бірнеше мәрте күр-делі жөндеу жұмыстары жүргізілгенін де білеміз. Бірақ жағдай түзелген жоқ. Әлі күнге дейін мәдениет үйінің жағдайы мәз емес. Бұл ғимарат ауданымыздағы тарихи нысанның бірі саналады. Соған орай ғимаратты сақтап қалуға мән беру қажет деп ойлаймын», – деп ойымен бөлісті аудан тұрғыны, мәдениет саласының ардагері Байнияз Тілепов.
Ал облыстық мәдениет, мұрағат және құжаттама басқармасы ғимараттың тозығы жетіп тұрғанын растап, алдағы уақытта бұл мәселені шешімін табатынын мәлімдеп отыр.
«Арал аудандық мәдениет орталығы» коммуналдық мемлекеттік қазыналық кәсіпорын ғимараты 1936 жылы салынған. Ғимарат өте ескі. Жыл сайын еріген қар мен жаңбырдан көрермендер залы, бірнеше кабинеттің төбесінен су ағып, қолайсыздық туғызып тұр. Яғни, ғимараттың төбе жабындысы ескіріп, электр және жылу жүйелері толық ауыстыруды қажет етеді. Соған орай нысанды күрделі жөндеуден өткізуге шешім қабылданды. Оның жоба-сметалық құжаттамасы да әзірленген. Алдағы уақытта барлық келеңсіздік қалпына келтірілетін болады» деп түсіндірді басқарма тарапынан.
Қазір «Арал аудандық мәдениет орталығы» коммуналдық мемлекеттік қазыналық кәсіпорында 8 үйірме жұмыс істейді. Онда 134 бала дәріс алады. Алайда бүлдіршіндердің қауіпсіздігі әзірге құзырлы орындардың қаперіне кірмей тұрған секілді.
Қалай десек те, аудандағы тарихи маңызы зор нысандардың келешек тағдыры тұрғылықты халықты толғандырып тұр. Алдағы уақытта талай жыл жырға болған қос ғимаратты жөндеу, сақтап қалу жұмыстары оң шешімін табады деп үміттенеміз.
Ербақыт ЖАЛҒАСБАЙ,
Қызылорда облысы