ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу Қытайдың Қазақстандағы елшісі Чжан Сяоны қабылдады, – деп хабарлайды Aikyn.kz министрліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Кездесу барысында тараптар Қазақстан-Қытай ынтымақтастығының мәселелерін талқылады, сондай-ақ оны одан әрі дамыту перспективалары туралы пікір алмасты.
Сұхбаттастар биылғы жылы жоспарланған аса жоғары және жоғары деңгейдегі екіжақты сапарлар мен іс-шаралар кестесін қарастырды. Көпжақты құрылымдар шеңберіндегі елдердің өзара іс-қимылына бөлек назар аударылды.
М.Нұртілеу сауда-экономикалық байланыстарды арттыру бойынша бірлескен күш-жігерге ерекше назар аударды. Атап айтқанда, екі ел арасындағы транзит-көліктік ынтымақтастықты дамытудың және Қазақстанның Қытайға шикізаттық емес экспортын арттырудың маңызды рөлі аталып өтті.
Өз кезегінде Ч.Сяо көтерілген мәселелердің маңыздылығын айтып, қытайлық тараптың аталған сұрақтар бойынша белсенді өзара ықпалдасуға дайын екенін білдірді. Ол Қытайдың Қазақстандағы елшілігі биылғы жылы жоспарланған іс-шараларды ойдағыдай ұйымдастыру мақсатында тығыз әрекеттесуді жалғастыратынын хабарлады.