Кеше Сенат Спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Орнықты даму саласындағы ұлттық мақсат-міндеттердің іске асырылуына мониторинг жүргізу жөніндегі Парламенттік комиссияның төртінші отырысы өтті.
Энергия көзіне қолжетімділік – парламенттік комиссия назарында
440
оқылды

Іс-шарада қатысушылар заманауи энергия көздерінің жалпыға бірдей қолжетімділігін қамтамасыз ету мәселелерін талқылады.

Отырысты ашқан Мәулен Әшімбаев қолжетімді, тұ­рақты және заманауи энергия көздерін дамыту қазір еліміз үшін өзекті мәселе екенін айтты. Қазақстанда электр желілерінің тозуы жағ­­дайды одан әрі ушық­тырып отыр. Осыған байланысты ба­­ла­малы энергия көздеріне баса мән берудің және «жасыл эко­­­н­о­микаға» көшудің жүйелі тәсілдерін қалыптастырудың маңызы арта түсуде.

«Халықтың электр энер­­гия­сымен қамтылғанына қара­мастан, бүгінде электр желі­­­лерінің тозуы үлкен проблема екені жасырын емес. Электр энергиясын өндіруге, генерацияға ауқымды инвестиция қажет. Елімізде газдандыру ісі әлі де болса ма­ңызды міндет болып қалып отыр. Жаңартылатын энергия көздерінің үлесі де өте төмен екенін айта кеткен жөн. Мемлекет басшысы атап өткендей, «жасыл экономиканы» дамыту – еліміздің қазіргі күн тәртібіндегі негізгі басымдық болуы қажет. «Жасыл эко­но­микаға» көшу халықтың өмір сүру сапасын арт­­­­тыруға және қоршаған ортаға жүктемені азайтып, табиғи ресурстарды үнемді пайдалануға мүмкіндік береді. Осы мақ­­­сатқа қол жет­кізуге ықпал ету – де­пу­­­­таттық корпустың негізгі мін­деттерінің бірі», – деген Мәулен Әшімбаев әріп­тестерін осындай ортақ мақ­саттарға жету жолында күш жұмылдыруға шақырды.

Парламенттік комис­сияның отырысына Сенат және Мәжіліс депутаттарымен бірге Энергетика, Экология және табиғи ресурстар министрлері, Қазақстандағы Біріккен Ұлттар Ұйымы Даму Бағдарламасының Тұрақты өкілі, өңір әкімдіктерінің өкілдері, Сенат жанындағы Жас сарапшылар клубының мүшелері, сондай-ақ қоғам­дық және халықаралық ұйым­­­дардың өкілдері қа­тысты.

Іс-шара барысында қаты­­су­шылар бірлескен жұмысты әрі қарай жандандыруға қа­тысты тың бастамаларға тоқ­талып, ұсы­ныстарын айтты. Олардың іске асырылуы алдағы кездесулерде талданып, сарапталады.