Жиынға облыс әкімі, әкім орынбасарлары, барлық деңгейдегі депутаттар, сондай-ақ жергілікті атқарушы органдардың өкілдері қатысты. Іс-шара барысында жиналғандар филиалдың жұмысымен, оның ағымдағы қызметімен, Жол картасын іске асыру аясымен, сондай-ақ партиялық жобалармен танысты.
– «АМАNАТ» партиясы Парламент Мәжілісі мен барлық деңгейдегі мәслихаттарға сайлауда сенімді жеңіске жетіп, өзін еліміздегі ең мықты саяси партия екенін растады. Біз партиялық тізімдер бойынша да, бірмандатты округтер бойынша да жоғары қолдауға ие бола отырып, аралас сайлау жағдайында халықтың сенім мандатын алдық.
Ауыл әкімдерінің сайлауында да біздің партиядан түскен кандидаттар жеңіске жетті. Қарағанды облысының 165 ауылдық округінің 163 әкімі «АМАNАТ» партиясының мүшелері.
Бұл партияның қазақстандықтардың көз алдында нақты істермен жинақталған беделінің, партияның сәтті транфсормациялануының және оның барлық құрылымдық бөлімшесі мен әрбір партия мүшесінің үйлесімді жұмысының заңды нәтижесі, – деді «АМАNАТ» партиясының Қарағанды облыстық филиалы төрағасы Бекзат Алтынбеков.
Мәслихат – жергілікті өкілді орган. Аймақтағы тұрғындардың әл-ауқаты мен еліміздің жалпы дамуы мәслихаттар мен әрбір депутаттың сапалы жұмыс істеуіне тікелей байланысты.
– «АМАNАТ» фракциясының депутаты – көшбасшы, мемлекетшіл, патриот адам. Шешім қабылдайтын және өз сайлаушыларының алдында «уәдесіне тұруға» дайын партияның өкілі.
– Партияның толық ауқымды трансформациясы 2022 жылғы 1 наурыздан Жаңғырту бағдарламасы жарияланған кезектен тыс XXII съезде басталды. «АМАNАТ» өз трансформациясы аясында: жаңа саяси тұғырнама қабылдады; аймақтық филиалдардың дербестігін нығайтты; партияның фракциясы қызметінің ашықтығын арттырды; жастар қанатын трансформациялады; әйелдер қанаты құрылды; партия жанындағы кеңестердің жұмысын оңтайландырды; мобильді қоғамдық қабылдауларды ұйымдастырды; халық арасында сұранысқа ие жаңа партиялық жобаларды іске қосты (Жер аманаты, Ауыл аманаты, Қарызсыз қоғам, Құқықтық көмек, Жастарға жұмыс және т.б.); диалог алаңдарын ұйымдастырды (Талқылау, Бір толқында).
Осы орайда былтыр қыркүйек айында Қарағанды облысының барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының алғашқы форумын өткіздік. Форум жұмысына облыс басшылығы, партия хатшысы, Парламент Мәжілісінің депутаттары қатысты, – деп атап өтті Бекзат Алтынбеков.
Сол уақыттан бастап облысқа қарасты әр аудан, қаласынан мәслихат депутаттарына 72 сауал түскен. Сұрақтар облыстық басқармаларға жіберіліп, бүгінде 12 басқармадан жауап алынды. Алайда облыстық Денсаулық сақтау басқармасы, Мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы, Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасынан жауап келмеген.
«АМАNАТ» партиясының мәслихат депутаттарының басты мақсаты – партияның республикалық, аймақтық сайлауалды бағдарламаларында белгіленген міндеттер мен уәделерді және бірмандатты округтер бойынша депутаттың сайлауалды уәделерін орындау. Партия жанындағы қоғамдық қабылдау бөлмелерінде және сайлауалды үгіт-насихат кезеңінде сайлаушылардан 4 мыңнан аса аманат жиналған.
Алайда облыс бойынша 138 фракция мүшелерінің 12 депутаты бірінші жартыжылдықта бірде-бір қабылдау өткізбегені анықталған.
Жиын барысында барлық мәслихаттағы партияның фракция мүшелері кем дегенде тоқсанына 1 рет қоғамдық қабылдау өткізуін қамтамасыз ету қажет екені де айтылды.
Сайлауалды бағдарламаны іске асыру жөніндегі облыстық Жол картасы аясында 2023 жылы 126 іс-шара жоспарланған болса, оның 110 тармағы орындалды, 3-і орындалуда, 13 тармақ орындалмаған.
«Жер аманаты» жобасы аясында жерді мемлекетке қайтару жоспары 580 мың гектар болса, оның 542,9 гектары қайтарылған.
Жиында партия жүзеге асырып отырған барлық іс-шара, партиялық жобалар мен Жол картасының орындалуы, мәслихат депутаттарының жұмысы туралы БАҚ пен әлеуметтік желілерде кең көлемде жарияланып жатқаны да сөз болды.
Өткен жылдың өзінде облыстық баспасөз қызметі республикалық және өңірлік медиа жоспар аясында 30 мыңнан аса материал жариялаған.
Алайда кейбір депутаттар әлеуметтік желіде мүлдем жарияланым жасамайды. Депутаттың жұмысы, партияға қатысы бар екенін туралы парақшаларында мәлімет жоқ. Осы олқылықты жою туралы талап қойылды.
Жиын соңында сәуір айында «АМАNАТ» партиясынан сайланған ауыл әкімдерінің бірінші форумы, «Жастар Рухы» жастар қанатының слеті, барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының оқуы жоспарланып отырғаны айтылды.
Ә.БЕЛГІБАЙҰЛЫ