Біріккен Араб Әмірліктерінде Шәмші әндері шырқалды. Бұл – Kazakhs of the world аясында ұйымдастырылған төртінші жоба.
Дубайда Шәмші әндері шырқалды
480
оқылды

Бағдарламаның мақсаты – біртуар қазақ таланттарын дүниежүзіне таныстыру. Бұған дейін Францияның Канн қаласы мен Дубайдағы Тода театрында «Сазген сазы» ансамблінің концерті ұйымдастырылып, әлемге танымал қазақ моделі Алла Елшін туралы танымдық кеш өткен.

Дубай қаласында өткен камералық концерт – шет мемлекетте өтіп жатқан Шәмші әлемімен таныстыратын алғашқы шығармашылық кеш. 

Көрнекті композитор, ән жанрының майталманы Шәмші Қалдаяқовтың 300-ден астам шығармасы болса, оның елуге жуығы елге етене таныс. Біртуар тұлғаның ғажайып сазды, лирикалық назға толы туындыларын білмейтін қазақ кемде-кем. 

Kazakhs of the world жобасы аясында Қазақ­станнан келген әртістердің шетелдік концерттерін өткізу дәстүр бізде. Ол Францияда Каннан басталды. Біз сондай-ақ Швейцарияда және Женевада концерт өткіздік. Ал бүгін Дубайда Kazakhs of the world жобасы екінші рет өтіп отыр. Бүгін біз Шәмші Қалдаяқовтың шығармашылық кешін ұйымдастырдық», – деді жоба продюсері Даут Шай­хисламов.

Камералық кеште композитордың ұлы Мұхтар Қалдаяқов әке шығармашылығындағы туындылардың шығу тарихын әңгімелеп, маэстро өнер көрсетті. Өзі ғана емес, ұлы Нұрсұлтан да әйгілі музыка жазушысының мұрасын скрипкамен орындады. 

– Камералық концертте әкем жақсы көрген «Сағынышым менің» әні орындалды. Бұл әнді біз оркестрлік бағдарламаға жақында ғана қостық. Оны баритон әнші Расул Жармағамбетов орындап шықты. «Құшақ жайған қандай адам» әнінің сөзін де, әнін де әкем өзі жазған. Халық бұл әндерді тыңдағанда таң атыруға дайын», – деді сазгердің ұлы, дирижер Мұхтар Қалдаяқов. 

Елден жырақта жүрген отандастарымыз үшін мұндай кешті тамашалау – жиі бола бермейтін мүмкіндік. Көрермен арасында Дубайда өткен концертті көруге өзге әмірліктерден арнайы келгендері де болыпты. Қазақ даласын тербеткен Шәмші әуендері әмірлік көрермендерін де тебірентіп жібергені рас. 

С.БЕГІМБАЕВА