Норвег режиссерлері Джо Вемюнд Свендсен мен Петтер Соммердің «Өзіміздің жігіттер» (For vi er gutta) аталатын деректі туындысы бар.
Жан жылытар жай керек...
845
оқылды

Достық, бауырмалдық, музыкаға махаббат пен өмір құндылықтары туралы фильмде орта жастағы 25 азамат әр сейсенбіде күйбең тіршіліктен бас алып, бала-шағасынан бөлек шығып, рок-әндер айтуға жиналады. Басқосу кезінде ән шырқап қана қоймай, басына түскен қызықтар мен қиыншылығы жайлы әңгіме-дүкен құрады. Сондағы картинаның айтпағы – ер-азаматқа орта жас күйзелісін еңсере алуға орта керек, «үйінен шыққанда қосылатын үйірі» болуы тиіс-ті. Ал бұл пәлсапа барша адамзатқа тән... 

Бүгінде психолог мамандар адамдардың, әсіресе жастардың әсіре меланхолик, яки флегматик болуының себебін қоғамнан оқшауланумен байланыстырады. Былтыр Qalam инновациялық білім қоры еліміздегі жастардың жай-күйін, өмір салтын білмекке әлеуметтік зерттеу жүргізді. Сарапшылар 18-35 жас аралығындағы 2 мың адамнан сауал­­нама алған. Өкінішке қарай, зерт­теу қорытындысындағы жастардың психоэ­мо­циялық жай-күйі жайлы деректер көңіл көншітпеді. Респонденттердің 21%-ы – ұйқысыздық, 16,6%-ы – апатия, 13,2%-ы – қорқыныш және 12,8%-ы күйзелістен зардап шегетінін айтқан. Бұл көрсеткіш дүниежүзілік статистикадан әлдеқайда жоғары, 4-5 есеге көп. ДДСҰ мәліметінше, әлемнің 3,8% күйзеліске душар, ал мұның 5,7% 60 жастан асқан қариялар. Сарапшылардың дерегінше, елімізде күйзеліске ұшырағандардың басым көпшілігі – жастар. 

«35 жасқа дейінгі азаматтардың күйзеліс­ке бейім болуы кез келген әлеуметтік орта үшін қауіпті. Дамыған елдердің зерт­теу­лері көрсетіп отырғандай, жастардың ұй­қысыздық, апатия, сенімсіздік, қорқыныш және басқа да жағдайларға жиі душар болуының салдары ішімдікке, есірткіге, түрлі ойынға тәуелділікке, антиәлеуметтік мінез-құлыққа әкеледі. Инфаркт, инсульт, онкологияның есебін арттырады. Сондықтан жалпы халықтың, әсіресе жастардың пси­хоэмоциялық жай-күйіне аса назар салуымыз керек», – дейді психолог-маман Ұлмекен Сапарова. 

Мамандардың айтуынша, бұл орайда жас­тардың уақытын тиімді өткізетін, тұл­ға ретінде дамуына және өзін белгілі бір әлеуметтік ортаның мүшесі сезінуіне мүм­кіндік беретін орындар керек. Qalam ұсынған зерттеуде мұндай орындардың әртүрлігіне 35,7% респонденттің көңілі толған, олардың жартысынан көбі елімізде жастардың пайдалы уақыт өткізуіне жағдай жасалмағанын айт­ты. Сәйкесінше, сауалнамаға қатысқан жас­тар­дың 40%-ы – әлеуметтік желілерге, ал 23%-ы компьютерлік ойындарға тәуелді. 

«Бүгінде жастардың көп ісі онлайн бітеді. Оқу, білім алу, жұмыс істеу, жақындарымен сөйлесу, достармен сырласу – бәрі-бәрі телефонға байлаулы. Уақытының көбін түрлі әлеуметтік желі мен мессенджерде өткізеді, жүзбе-жүз қарым-қатынас құруға аса зер сал­майды. Қуанышын да, қайғысын да, құ­пиясын да оп-оңай желі арқылы баршаға жа­риялай береді. Я болмаса, әлеуметтік желі­дегі күнделігіне, ескертпе жазатын қо­сым­шаларға жазады. Сырласы да, мұңдасы да – телефон. Терапияға келетін жастардың көбі «Мені ешкім түсінбейтіндей көрінеді» деп мұң шағады. Өйткені олар ешкіммен көп араласпайды. Жүзбе-жүз сөйлесу, қол алысу, жақындарыңмен құшақтасу сияқ­ты қарапайым қарым-қатынас біздегі пай­далы гормондардың бөлінуіне ықпал ете­ді. Оның үстіне, адам қоғам ішінде тұл­ға ретінде дамиды, тәжірибе алмасады. Өзі­не керегін табады және өзгеге қажет еке­нін се­зінеді. Шектен тыс оқшаулану – күй­зеліс­ке жетелейді. Бүгінде интроверт өмір, өз-өзіңмен бақытты болу сынды ұғым­дар кең насихатталды. Әрине, кей ала­са­пыран уақытта оңаша қалу адамның психоэмо­циялық жай-күйінің тұрақталуына жақсы көмектеседі. Бірақ күнделікті өмірде адамға, әсіресе жастарға отбасы мен жұмысынан бөлек орта керек», – деп атап өтті Ұлмекен Сапарова. 

«Үшінші орта» қайда бар?

Аристотель «адамды әлеуметтік жа­нуар» деп санады және адамның тұлға ре­тінде дамуын оның қоғамдағы орнымен, өз­ге­лермен қарым-қатынас орнатуымен ты­ғыз байланыстырды. Бұл орайда әлеу­мет­танушылар қолдап келген маңызды бір концепция – «үшінші орта» туралы пандемиядан кейін қайта айта бастадық. COVID-19 пандемиясы кезінде енгізілген карантин қарым-қатынастың бөлек тәртібін орнатты – бүкіл әлем болып жеке-жеке оқшауланып, онлайн кездесулерге ауыстық. Мұндай форматқа үйренгеніміз соншалық, қашықтан оқу, жұмыс істеу, түрлі шара өткізу қалыпты құбылысқа айналды. Оқшаулану қолтықтасып, қосақтасып жүретіндердің де қатарын азайтты. Адамдар жалғыз өмір сүруге, өз-өзімен тамақтануға, жалғыз кино мен театрға баруға, саяхаттауға әбден бейімделді. Оның үстіне, әлеуметтік желілер де әлеуметтен алшақтауға сеп болып отыр. Әйтсе де, бес жылдан бері тұрмысымызға ден­деп ене бастаған онлайн өмір қанша жер­ден ыңғайлы әрі тиімді болса да жүзбе-жүз дидарласуды, жұптасып өмір сүруді ал­мастыра алмайтынын мамандар айтып жүр. Осы орайда қандай да бір қауымға тән болу сезіміне себеп болатын бірден-бір орта – «үшінші орта». 

 «Үшінші орта» терминін америкалық әлеуметтанушы Рей Олденбург ұсынып, қолданысқа енгізді. Ғалым 1989 жылы бес­тселлер болған The Great Good Place авторлық еңбегінде бұл терминнің мән-маңызын жан-жақты талдап, түсіндіреді. Қысқаша айтқанда, адамның үш ортасы болуға тиіс: алғашқысы – үйі, отбасы, кейінгісі – жұ­мыс орны және үшіншісі – қоғамдық ке­ңістігі. Соңғысын Рэй Олденбург: «Үшінші ортаға» адамзат тарихында біздің өзара жақындасуымызға, белгілі бір қоғам қалып­тастыруымызға ықпал еткен және сондай әлеуеті бар барлық қоғамдық кеңістік жа­тады» деп тәпсірлейді. Яғни, кітапхана мен сән салондарынан бастап кофеханалар мен антикафелер сияқты кез келген әлеуметтік жағдайдағы адамдардың бейресми диа­лог құруға мүмкіндік беретін орындар (кө­шелер, саябақтар, базарлар маңызды қоғам­дық кеңістік болғанымен, бұл сипатқа сәй­кеспейді) Рей ұсынған терминге ие. 

Рей Олденбург ұсынған «үшінші ортаға» арналған орындардың бірнеше маңызды элементі бар: алдымен әңгіме-дүкен құруға жайлы болуы керек. Одан соң әртүрлі ыстық және суық сусындарға ерекше мән берілуі тиіс. Және ең маңыздысы – өзін белгілі бір қоғамның мүшесі сезінуге мүмкіндік сый­лайтын атмосфера жасау шарт. Әлемде «үшінші орта» концепциясын ұстанатын көп­теген орынның сипаты ұсынатын су­сын­дарымен тығыз байланысты болған. Не­містердің «сыра бақшасы» (вiergärten), ағыл­шындардың «джин сарайы» (gin palaces), басқа да шайхана, сырахана, шарапхана, кофехана және тағы тағыларын мысалға айтуға болады. Көптеген мемлекеттегі осын­дай тамақтанатын орындардың аты әдетте «кофе» сөзінен бастау алатыны да қызық бір дәлел: чехте – kavama, немісте – кaffeeklatsch, ал французда café деп аталады.

Кофеханалар – демократия жаршысы

Таяу Шығыста пайда болған кофеханалар XVII ғасырда Англияда «үшінші ортаға» айналды. О баста Еуропада бұл қою сусын тіптен қауіпті саналған, өйткені кофеханалар саяси дебатшылардың сүйікті орны болды. 1650 жылы Джейкоб есімді еврей Оксфордта алғаш кофехана ашады. Бұл мекеме тез танылып, студенттер, академиктер мен қо­ғам­ның әртүрлі тобының өкілдерін қы­зықтырды әрі ғылыми, қоғамдық және саяси мәселелерді талқылау орталығы болды. Бастапқыда Англияда кофейнялар «пенни (пұл) төлейтін университеттер» деп жиі аталған. Өйткені ол уақытта кофеханаға кіру ақысы – бір пенни тұрған, онда тұтынушы тек сусын ішіп қана қоймай, ондағы түр­лі әдеби, танымдық, интеллектуалды, әлеу­мет­тік, саяси пікірталастарға қатысқан, дәріс­тер тыңдай алған. Мұнда газеттер те­гін таратылған. Әлеуметтанушылар XVII ғасырдағы кофеханалар күнделікті га­зет­тердің пайда болуына ықпал етті және қо­ғамның іскерлік, мәдени және саяси өмірінің нағыз орталығы болды деп санайды. Көп ұзамай Кембридж бен Лондонда осыған ұқсас орындар пайда болды.

1675 жылы ағылшын патшасы ІІ Карл кофеханалар жұмысына тыйым салғанда бұл қоғамның наразылығын тудырғаны соншалық, патша он күнге жетер-жетпестен жарлығын өзгерткен. Сол заманның әлеу­меттанушылары алғашқы кофеханаларға демократияның жаршысы деп баға берген, өйткені онда сөз еркіндігі мен теңдік болған. 

Ұлыбританияның көптеген ірі сауда компаниясының алғашқы штаб-пәтері кофейняларда орналасты. Лондондағы брокерлер жүз жылдан астам уақыт бойы кофеханада жиналып, жұмысын бастады. Мәселен, әйгілі Lloyd’s of London сақтандыру қоры Эдвард Лойдтың кофе үйінен бастау алады. Бұл мысалдар көрсеткендей, кезінде кофехана – адамдардың жақындасуына және түрлі бағытта тиімді қарым-қатынас жасауына жайлы әрі жағымды алаң болды. Тарихта «үшінші ортаға» айналған тек кофеханалар емес, әртүрлі заманда әлемде шайхана, сырахана, шарапханалар да белгілі бір қауымдастықтар бас қосатын орын саналып, уақытында өте танымал саяси, әлеуметтік, мәдени ортаға айналды. 

Бүгінде де бестің шайын ішетін бірнеше форматтағы шайхана, кофейнялар бар. Десе де, Рей ұсынған «үшінші орта» кон­цепциясына сай келетіндері некен-саяқ. Әйгілі саяхатшы Т.Макалум Венаға сапары кезінде ондағы кофейняларды «баршаға арналған орын, ғашықтар мекені, талғамы мен қызығушылығы ортақ адамдарға ар­налған клуб, іскер азаматтар үшін кеңсе, арманшыл һәм қиялилардың шабыт алатын ортасы және жалғыздардың жылы баспанасы» деп сипаттаған. Бірқатар Еуропа елінде тамақтанудан бөлек мақсатты ұстанатын, Макалум жазған сипатқа ие орындар күні бүгінге дейін жұмыс істеп келеді. 

 

P.S. 

90-жылдардың басында «үшінші орта» саналып келген мекемелердің басым бөлігі қоғамдық тамақтану желілеріне айналды. Оның үстіне, заманауи, мобильді технологиялар, қала берді, 2019 жылдан бергі пандемия кәсіп жүргізудің тіптен бөлек үлгісін талап етті де, мұндай орындар тәтті тағам ұсыну, жеткізу қызметін дамыту, қашықтан қызмет көрсетудің маңызын арттырды. Алайда соңғы уақытта мамандар «үшінші орта» концепциясын қайта жаңғыртуды ұсынып келеді.

Айдана НҰРМҰХАН