Саламат Сатеков қарапайым жүк тасымалдаушы. Жүгіруді ол жай қызығушылықтан ғана бастаған.
Жүк тасушы жігіт Қарағандыда өткен марафонда топ жарды
632
оқылды

38 жастағы желаяқ жігіт 16 жастан бері жүгірумен айналысып келеді екен. «Жүгірген өзіме ұнайды. Рақаттанып қаламын. Сол үшін күнделікті жүгіруді әдетке айналдырдым», – дейді ол.

Қарағандыда өткен 15 халықаралық желаяқтар марафонына қатысу үшін  Саламат алдын ала дайындалған. 

«Бастапқыда өзім жүгіріп жүрдім. Кейін Atyrau LongRunners клубында достарымен жүгіре бастадым. Алғаш рет белгілі бір аэрокомпания ұйымдастырған челлендж-марафонға қатысып, Бангкогқа жолдама жеңіп алдым. Марафон талабына сай, он сегіз күн ішінде 958 шақырымды бағындырдым. Кейін Алматыда 42 шақырымдық марафонға қатысып, қола медаль жеңіп алдым», – дейді Саламат. 

Кейін Саламат Қарағандыда өтетін марафонға бел шешпестен екі ай дайындалған. «Аптасына 300 шақырым жүгіріп жүрдім» дейді Саламат. Осылайша Саламат 12 сағаттық марафонды сәтті жүгіріп өтіп, жеңіске жетті.

Жүгіру – Саламат үшін хобби ғана. Екі баланың әкесі он жылдан астам уақыттан бері Атыраудағы құрылыс компанияларының бірінде жүк тиеуші болып жұмыс істеп келеді.

«Жұмысым оңай емес. Ептілікті, шыдамдылықты қажет етеді. Енді адамдардың бәрі бірдей қаржыгер немесе адвокат бола бермейді ғой. Жүкті де біреу тиеуі керек қой», – дейді Саламат.

Ең бастысы, Саламат нәтижеге жетуде ең ауыр жұмыстың да кедергі емес екенін дәлелдеді.

Баян Жанұзақова