Қазақстанға Starlink жабдығының 500 дана болатын алғашқы партиясы жеткізілді. Бұл туралы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин өзінің Telegram каналында жазды, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
«Алматыға жабдықты қабылдау барысын арнайы тексеру үшін келдім. Келесі аптада Түркістан және Ақмола облыстарындағы Starlink жүйесін орнатуға толық дайын мектептерге жабдықтарды жеткізу басталады. Аталған облыстардың әкімдіктері дайындық жұмыстарын жақсы жүргізді. Қалған өңірлерге 10 күннен кейін жеткізіле бастайды. Барлығы 20 күн ішінде 2000 жинақ келеді, олар елдегі 2000 шалғайдағы ауыл мектебін жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз етеді», – деп жазды министр.
Сонымен қатар министр аталған жаңалықтың Мемлекет басшысының шешімінің арқасында жүзеге асып жатқанын атап өтті.