Алдағы жылы Еуразия ұлттық университеті студенттерді жатақханамен толық қамтамасыз етуді жоспарлап отыр.
ЕҰУ-да төрт жаңа Студенттер үйі салынады
2,048
оқылды

4 жаңа Cтуденттік үй құрылысына жеке инвестиция тартылуда. Олардың бірі биылғы жазда пайдалануға берілмек.

ЕҰУ екі жыл ішінде студенттік үйлердің санын көбейтіп, 5 мыңнан астам орынды пайдалануға беруді жоспарлап отыр. Мағжан Жұмабаев көшесінде бой көтеріп жатқан жаңа заманауи жатақханаға университет студенттері биыл орналаса алады.

«Бүгінгі таңда мемлекеттік-жекеменшік әріптестік тетігінің арқасында инвесторлар студенттік үйлердің құрылысына үлкен қызығушылық танытуда. Биыл жаңа оқу жылының алдында жаңа Студенттер үйін пайдалануға беріледі. Алдағы уақытта тағы 3 студенттік үйді салуды жоспарлап отырмыз. Бұл – жатақханаға деген сұранысты  жабады», – деп атап өтті ЕҰУ ректоры Ерлан Сыдықов.

Мағжан Жұмабаев көшесіндегі ЕҰУ-дың жаңа Студенттік үйін инвестор-құрылыс жүргізуші «AEK Munai» ЖШС салуда. Қазіргі уақытта екі блоктан және 5 қабаттан тұратын ғимараттың құрылысы қарқынды жүргізілуде. Студенттік жатақхананың жалпы ауданы 4 мың шаршы метрден асады.

 

«Биыл біздің компания өз қаражатына студенттік жатақханалар салуды шешті. Біздің алғашқы жобамыз Еуразия ұлттық университетінің Студенттік үйін салудан басталды. Ғимаратта шамамен 300-ге жуық орын қарастырылған. Жатақхана дизайнерлердің көмегімен жобаланды. Ғимарат заманауи әрі жайлы болады. Бірінші қабаттарда студенттерге ыңғайлы болу үшін коворкинг аймақтар орналасады», – деді «Bastau Damu KZ» ЖШС директоры Арман Халелов. 

Айта кету керек, 2023 жылы Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында Астанада студенттік жатақхана құрылысының жобалық кеңсесі құрылған болатын. Осы бағытта инвесторлар, ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі, Астана қаласы әкімдігі, «Қаржы орталығы» АҚ және жоғары оқу орындары арасында жемісті ынтымақтастық туралы меморандумдар жасалды.