Қызылорда облысының Еңбек ауылында зейнеткерлерден жасақталған вокалды-аспапты ансамбль құрылды. Өнер ұжымының кәсіби музыкалық білімі жоқ. Бұрынғы агроном, сушы, комбайншы, темір шебері секілді, еңбек адамдары ұйымдастырған концерт.
Зейнеткерлер ансамбль құрды
фото: Aikyn газеті
739
оқылды

Қонысбек Медеуов музыкаға 15 жасынан бастап жақын болған. Көше әндерін шырқап, гитара шертудің шеберіне айналады. Ол кезінде жас комбайншы ұжымның белді мүшесі болған. 

– Ән жағынан оқуға түсу деген ойымызға келмепті. 1975 жылдан бастап комбайнға көмекші болдым, механизатор болып шаршайсың ғой, содан күрішші де болдық, – дейді ол.

Қонысбек Медеуов ауыл ша­руа­шылығында 50 жылға жуық тер төгіп, құрметті демалысқа шықты. 30 жыл бұрын ансамбль құрған ауылдастары да әр саланың білікті маманына айналған. Агроном, сушы, темір шебері, мұғалім, дәрігер болып еңбек еткен олар зейнеттік демалыста жүріп, ауыл жастарына үлгі болар бастаманы қолға алғанды жөн санағанын айтты. Осылайша, «Армандастар» ансамблі сахнаға қайта оралды. 

– Өз-өзін көрсетейін, мақта­найын, тартқыштығын білдірейін деп емес, өзінің келешек ұрпағына осындай елде жұмыспен қатар, мәдени іс-шара жасап жүрген аға буынның еңбектерін дәріптесек дейміз. Болашақта да осындай өнерге ағаларының орнын басуға жас өнерпаздар келсін деген ниет­теміз, – дейді ансамбльдің алғашқы жетекшісі Ермекбай Шаймаханов.

Кешегі күндермен қауыштырар ерекше концертті тамашалауға келгендердің қарасы қалың. Құра­мы нағыз еңбек адамдарынан жа­сақ­талған вокалды-аспапты ансам­бль танымал әндерді шырқап, ауылдықтардың ыстық ықыласына бөленді. Ансамбльдің ең алғашқы мүшелері – қазір 80 жастан асқан, немере сүйіп, шөберенің қолынан су ішкен жандар. Бір кездері еңбек даласында тер төгіп, түрлі музыка­лық аспапты шебер меңгерген аға буынның өнегелі өмірі өскелең жасқа өнеге болары анық.