Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жұмыс сапарымен Шығыс Қазақстан облысына барды. Президент Өскемен қаласындағы көпбейінді онкология және хирургия орталығының базасында ашылған Сәулелік терапия және диагностика орталығының жұмысымен танысты.
Шығыстағы шырайлы істер
фото: Akorda.kz
510
оқылды

Қасым-Жомарт Тоқаевқа жоғары дәлдікпен диагностика жасауға және онкологиялық ауруларды емдеуге мүмкіндік беретін соңғы буындағы магнитті-резонансты томография (МРТ), Elekta Versa HD желілік үдеткіші, Discovery RT компьютерлік томографы сияқты заманауи медициналық құрылғылардың жұмысы таныстырылды. Сондай-ақ орталық радиологиялық суреттерді сақтауға және оларды тез тауып, нақты уақыт режимінде зерттеуге арналған PACS архивтеу жүйесімен жабдықталған.

Көпбейінді онкология және хирургия орталығының директоры Гүлмира Сағидул­линаның айтуынша, жыл сайын мұнда 3 мың­нан астам хиругиялық операция жасалады, оның 60 пайызында аз инвазивті емдеу тәсілдері қолданылады. Орталықта медицина мамандарының шетелдерде бі­лік­тілігін арттыру және қайта даярлау ісіне айрықша мән беріледі. Отандық және ше­телдік ­мамандар шақырылып, тұрақты түрде шеберлік сағаттары ұйымдастырылып тұрады.

Бұдан бөлек, Қасым-Жомарт Тоқаевқа Шығыс Қазақстан облысындағы онко­логиялық қызметтің қазіргі жай-күйі жө­нінде баяндалды.  Өңірде қатерлі ісіктерді ерте анықтау көрсеткіштері айтарлықтай артып, ауру деңгейі үшінші, төртінші сатыға дейін асқынып кеткен сырқаттардың саны қысқарған. Сәйкесінше, онкологиялық аурудан қайтыс болатын азаматтардың саны азайып келе жатқаны байқалады.

Мемлекет басшысы орталық дәрігер­лерімен әңгімелесіп, медициналық ұйым­ның жұмысына табыс тіледі. Сондай-ақ елімізде осындай заманауи медициналық орталықтар ашу маңызды екенін атап өтті.

– Өте жақсы медициналық мекеме екен. Заманауи әрі сапалы құралдармен жабдықталған. Науқастарды емдеу керек. Қазір мұндай ауруханалар жалпыұлттық маңызға ие болды. Өкінішке қарай, онкология дерті жүрек-қан тамырлары ауруларынан кейін екінші орында тұр, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

ТИТАН НАРЫҒЫНДАҒЫ БІРТҰТАС КӘСІПОРЫН

Мемлекет басшысы «Өскемен титан-маг­ний комбинаты» акционерлік қо­ға­мын­дағы өндіріс жұмыстарының жай-кү­йімен және кәсіпорынның даму перспек­тивасымен танысты.

Комбинат шикізат өндіруден бастап одан дайын өнім алуға дейінгі өндірістің бүкіл циклін қамтитын кеуекті титан, ти­тан құймалары мен қорытпаларын шы­ғара­тын әлемдегі біртұтас кәсіпорын­дардың бірі саналады. Өндіріс құрылымы 5 негізгі және 6 қосалқы цехтан, сондай-ақ еншілес әрі бірлескен кәсіпорындардан тұрады.  Әлемдегі титан нарығының 11 пайызы Қазақстанға тиесілі, ал аэроғарыш саласындағы титанның 20 пайыздан астамын біздің ел қамтамасыз етеді. 

Мемлекет басшысына комбинат өнімін Airbus, Boeing, TIMET, ATI, Safran, UKAD, Pratt&Whitney, General Electric, Dynamet, Howmet, POSCO, Baoti, MIDHANI секілді әлемдік ірі компаниялар сертификаттағаны туралы баяндалды. Қазақстан титаны кеме жасау ісінде, энергетика, аэроғарыш салаларында, мұнай-газ кәсіпорнында және медицинада кеңінен пайдаланылады. Өнім АҚШ-қа, Ұлыбританияға, Францияға, Оңтүстік Ко­реяға, Үндістанға және Қытайға экс­портталады.

Алдағы он жылда комбинат жалпы со­масы 207 миллиард теңге болатын 25 ин­вес­тициялық жобаны жүзеге асыруды жос­парлап отыр.

Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев өндіріс цехтарын аралап көріп, комбинат жұмысшыларымен әңгімелесті.

– Бұл комбинат көптеген өлшем бо­йын­ша озық мекеме саналады. Заманауи құралдармен жабдықталған. Қазақстан титан өндірісі бойынша әлемдік нарықта жетекші орын алады. Еліміз үшін мұндай кәсіпорындар өте қажет. Жұмыстарыңыз табысты болсын, – деді Президент.

АГРОӨНЕРКӘСІПТЕГІ ЖАҢА ТЕХНОЛОГИЯ

Мемлекет басшысы Өскеменде Шы­ғыс өңіріндегі элиталық тұқым шаруа­шылығының қызметімен танысты.

Президентке көпжылдық практикалық және ғылыми-зерттеу жұмыстарының нәтижесінде сұрыпталған күнбағыстың жаңа будандары, сондай-ақ соя мен бидай сорттары таныстырылды. Кәсіпорын дайындайтын тұқымдар отандық ша­руалар­дың арасында жоғары сұранысқа ие әрі Ресей Федерациясының 7 өлкесіне экспортталады.

Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде майлы дақылдардың егістік алаңын көбейтудің перспективасы жөнінде сұрады. Мекеме басшысы Фарид Әбітаевтың айтуынша, соңғы кезде майлы дақылдарды егу көлемі жыл сайын 12-15 пайызға артып келеді, сәй­кесінше, нарықтағы сұраныс та жо­ғары.

Бұған қоса, мол жем-шөп қоры мен селекциялық жұмысты сауатты жүргізудің арқасында агроөнеркәсіп кешені сүт өнімдері бағытындағы жетекші мал шаруашылығының қатарына кірді.

Бүгінде серіктестіктің тауарлы сүт фермаларында 3 мыңға жуық ірі қара бар. Олардың көбі – голштейн-фриз тұқымына жататын сиырлар. Фермада тәулігіне 40 тонна сүт өндіріліп, еліміздегі төрт сүт өңдеу зауытына жөнелтіледі.

Мемлекет басшысы кәсіпорынның ауыл шаруашылығы ғылымындағы табы­сын оң бағалап, мұндай тәжірибені ел­іміз­дің басқа өңірлеріне тарату қажет екенін айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев «Шығыс-Сүт» корпорациясының өндіріс алаңын аралап көрді. Мемлекет басшысына жаңа техно­логияларды пайдалана отырып, сүт өңдеу­мен және сүт өнімдерін шығарумен айна­лысатын кәсіпорынның жұмысы жөнінде мәлімет берілді. Корпорация 100-ден астам тауар түрін шығарады.

Бүгінде компания өтімді ауыл шаруа­шылығы өнімдерінің үлесін арттырып, экс­порт көлемін ұлғайтуға күш салып отыр.

Корпорацияның иелігінде 4 шаруа­шы­лық, соның ішінде сиырларды автоматты түрде саууға және жемдеуге арналған құрылғымен жабдықталған роботты ферма бар. Бұған қоса, кәсіпорын өнім шығару үшін өңірдегі 22 елді мекеннен сүт жи­найды.

Қасым-Жомарт Тоқаев кәсіпорын жұ­мысшылармен әңгімелесіп, қазіргі ауыл шаруа­шылығы жоғары технологиялық салаға айналуы керек екенін атап өтті. Сондай-ақ компания ұжымына табыс тіледі.

Президентке Д.Серікбаев атындағы Шы­ғыс Қазақстан техникалық универ­ситетімен бірлесіп ашылған оқу кабинеті таныстырылды. Мұнда жұмысшылар өндірістен қол үзбей, агроменеджменттің қыр-cырын меңгереді. Кәсіпорын өсім­діктерді қорғайтын заттар өндіру ісі бойынша үздіктердің бірі саналатын швейцариялық Syngenta компаниясымен және ауыл шаруашылығы техникасын шығарушы америкалық John Deere компаниясымен де осындай ынтымақтас­тықты жолға қойып жатыр.

Қасым-Жомарт Тоқаев Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетіне барып, жоғары оқу орнының қызметімен танысты және оның базасында құрылған «Лу Бань шебер­ханасы» оқу орталығын аралап көрді.

Президентке білім ошағының ғылыми-инновациялық экожүйесі туралы мәлімет берілді. Ректор Сәуле Рахметуллинаның айтуынша, былтыр университет базасында Smart engineering құзыреттер орталығы ашылған. Орталық машина жасау, тау-кен және металлургия кешені салаларындағы импортты алмастырушы технологияларды дамытуды көздейді.

Мемлекет басшысына жастардың ин­новациялық жобалар жасауына мүмкіндік беретін медицина бағытындағы техно­парктің негізін қалау жоспары жөнінде баяндалды. Қазірдің өзінде университетте әзірленген 40-тан астам медициналық имплантат түрі клиникалық сынақтан өткізіліп жатыр.

Сондай-ақ Қазақ-неміс универ­ситетімен бірлесіп, металлургия, пайдалы қазбаларды игеру бағытында Ғылым және технология институтын ашу жоспарланған.

«Лу Бань шеберханасы» «Автомобиль­дердің инновациялық конструкциясы» және «Автомобильдердің SMART технологиясы» сияқты екі зертханадан тұрады. Орталықтың бір ерекшелігі – мұнда студенттер практикалық дағдыларды меңгеріп, автомобиль жүйелеріне симуля­циялық сынақ жүргізе алады. Сондай-ақ орталықта электромобильдер мен гибридті көліктерге техникалық қызмет көрсету және диагностика жасау үшін жаңа технологияларды игеру ісіне айрықша мән беріледі.

Мемлекет басшысы жол қозғалысын интеллектуалды тұрғыда ұйымдастыруға арналған SMART-үстелмен танысты. Со­ны­мен қатар Президентке гибридті авто­мобильдерді, электромобильдерді және оларды қуаттау принциптерін үйренуге арналған оқу стендтері көрсетілді.

Елімізде «Лу Бань шеберханаларын» ашу бастамасын былтыр мамыр айында Сианьда өткен «Орталық Азия – Қытай» саммитінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин көтерген болатын.

Университет мақсаттарының бірі – осы «Лу Бань шеберханасы» базасында отандық автомобиль құрастыру өнеркәсібі үшін жоғары білікті техникалық және инженерлік кадрларды даярлау.

Орталықты аралап көрген Президент студенттермен әңгімелесіп, оларға табыс тіледі. Сондай-ақ экономиканы дамыту үшін елімізде «Лу Бань шеберханасы» сияқты орталықтардың санын көбейту маңызды екенін атап өтті.

СПОРТ – САЛАМАТТЫ ӨМІР КЕПІЛІ

Мемлекет басшысы Шығыс Қазақстан облысына жұмыс сапары кезінде Ольга Рыпакова атындағы жеңіл атлетика орта­лығын және оның базасында ашылған Жеңіл атлетика бойынша Облыстағы балалар мен жасөспірімдерге арналған олимпиадалық резерв мектебін аралап көрді.

Олимпиада чемпионы Ольга Рыпакова Президентке оқу-жаттығу жиындарын жыл бойы тұрақты түрде өткізу үшін орта­лықта барлық жағдай жасалғанын айтты. Мектеп ашылған сәттен бері Қазақстанның жеңіл атлетикадан барлық қысқы чемпио­наттары осы жерде өткізіліп келеді. Бүгін­де орталықта 713 жас өрен жаттығады. Олар республикалық және халықаралық жарыстардан ұдайы жүлделі оралады. Cпортшылар 2023 жылы 281 медаль жеңіп алған.

Ольга Рыпакова елімізде жеңіл атлетиканы дамытуға қатысты бірқатар ұсынысын жеткізді. Атап айтқанда, ол өңірде спорт медицинасы орталығын құру маңызды деп санайды. Бұл Алтайдың әсем де жанға жайлы табиғаты аясында өтетін жеңіл атлетика бойынша оқу-жаттығу жиындарын емдеу-оңалту процедура­ларымен сабақтастыруға мүмкіндік береді. Бұдан бөлек, 2015 жылдан бастап спорт аренасында Олимпиада чемпионы Ольга Рыпакова атындағы турнир өткізіліп келеді. Аталған жарысқа World Athletics Continental Tour деңгейі берілген. Яғни, бұл спортшылар әлемдік рейтингте ұпай жинай алатын ең жоғары деңгейдегі сайыс саналады. Даңқты спортшы осы турнирдің мәртебесін «күміс» деңгейге дейін көтеруге ықпал етуді сұрады. Ол үшін жеңіл атлетика манежінің жабындысын жаңарту, сондай-ақ жүлде қорының сомасын арттыру қажет. Мемлекет басшысы Премьер-Министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова мен ШҚО әкімі Ермек Көшербаевқа аталған мәселені бақылауға алуды тапсырды.

Содан кейін Президент спортшы­лармен әңгімелесіп, мемлекет спорт ин­фра­құрылымын жақсартуға ерекше көңіл бөлетінін атап өтті.

– Мұнда балалардың футбол ойнай­тынын, жеңіл атлеттердің жаттығатынын көріп отырмын. Әрине, спортпен айналысу керек, сондай-ақ саламатты өмір салтын ұстанған жөн. Мен спортты да­мытуға баса мән беремін. Баршаңыздың мықты спортшы болуларыңызға, қоғам­ның басқа да салаларында жетістікке жетулеріңізге тілектеспін. Басты міндет – еліміздің лайықты азаматы болу. Сіздерді мықты маман, Олимпиада чемпионы, спортта үлкен жетістікке жеткен бапкер жаттық­тыра­ды. Сондықтан үлгі алатын адам­дарыңыз бар, – деді Мемлекет бас­шысы.

Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев­қа жергілікті жеңіл атлеттердің басты жетістіктері жөнінде мәлімет берілді. Атап айтқанда, 2023 жылы Астанада өткен Азия чемпионатында Надежда Дубовицкая әйелдер арасында биіктікке қарғып секіруден алтын медальға ие болды. Жақында Тегеранда өткен жеңіл атлетикадан XI Азия чемпионатында Елизавета Матвеева жеңімпаз атанды. Ал өткен жылғы VI Республикалық спар­такиадада аймақтың жеңіл атлетика құра­масы жалпыкомандалық есепте бірінші орын алды.

Мемлекет басшысы Өскемен қаласын­дағы Үстел теннисі орталығының жұмысы­мен танысты.

Президентке берілген мәліметке сәйкес, орталық үстел теннисі бойынша облыстағы балалар мен жасөспірімдерге арналған олимпиадалық резерв спорт мектебінің базасында құрылған. Мұнда ірі жарыстар, бұқаралық спорт шаралары мен оқу-жаттығу жиындары өткізіледі. Сон­дай-ақ инваклуб спортшылары, «Үміт» балалар үйінің тәрбиеленушілері үшін кә­сіби дәрістер, шоудаун (көзі нашар кө­ретіндерге арналған үстел теннисі) ұйым­дас­тырылады.

Ғимарат кәсіби теннис үстелдерімен және басқа да спорт құралдарымен жабдық­талған. Орталықта спортшылардың жарыстардан кейін және жарақат алған кезде физиотерапия ем-шараларын алып, қайта қалыпқа келуі үшін арнайы құрыл­ғылармен жабдықталған дәрігерлік-дене­шынықтыру диспансері бар.

Қасым-Жомарт Тоқаевқа спорттың осы түрі бойынша өңірдің жетістіктері туралы мәлімет берілді. Мысалы, өткен жылы облыс командасы Қазақстанның ашық чемпионатында жеңімпаз атанған.

Сонымен қатар Президентке тәжірибе алмасып, спорттық шеберлігін шыңдау үшін Үстел теннисі академиясын құру жоспарланып отырғаны жөнінде баян­далды.

Мемлекет басшысы спорт ареналарын аралап көріп, «Үміт» балалар үйінің тәр­биеленушілерімен сөйлесті. Президент облыс әкіміне аталған мекеменің жағ­дайын ерекше бақылауда ұстауды және тәрбиеленушілерді тұрғын үймен қамтама­сыз етуді тапсырды.

– Сіздермен жүздескеніме қуаныш­тымын. Ал орталыққа келер болсақ, ол, шын мәнінде, жүйелі жұмыс істеп жатыр. Жалпы, үстел теннисімен шұғылдану адами қасиеттер мен спорттық дағдыларды дамыту тұрғысынан пайдалы, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев орталыққа автобус сыйлап, жас спортшыларға табыс тіледі.