Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбайды қабыл­дады.
Кәсіби біліктілік маңызды
фото: Akorda.kz
470
оқылды

Қасым-Жомарт Тоқаевқа Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің былтырғы атқар­ған жұмысының есебі бері­ліп, алдағы кезеңге арналған жоспары таныстырылды. 

Агенттік төрағасы Дархан Жазықбай Президентке ман­саптық және позициялық мо­дель элементтерінен тұратын мемлекеттік қызметтің гибридті моделін қалыптастыру жұмыстары туралы баяндады.

Сонымен қатар ашық мем­лекеттік аппарат құру, атап айт­қанда, жеке сектордан білікті мамандарды тарту және жоғары оқу орындарын үздік бітірген түлектерді төменгі лауазымдарға конкурс өткізбей-ақ тағайындау шаралары жөнінде мәлімет берілді.

Президентке e-Qyzmet жүйе­сі бойынша мемлекеттік қыз­метке іріктеу жөніндегі пилот­тық жобаның қорытындысы таныстырылды. Соның нәтижесінде бос лауазымдарға орналасу үшін конкурсқа қатысушылар саны 2,7 есе артты. Биыл e-Qyzmet ірік­теу жүйесін барлық мемлекеттік органға кезең-кезеңімен енгізу жұмыстары басталды.

Бұдан бөлек, Қасым-Жомарт Тоқаевқа агенттіктің мемлекеттік қызмет көрсету сапасын бақы­лау және басқару жүйесін бюрокра­тиядан арылту салаларына қа­тысты жұмыстары туралы ақпарат берілді.

Кездесу соңында Президент сер­вистік және адамдарға бейім­делген мемлекеттік аппаратты қалыптастыру, мемлекеттік қыз­мет­шілердің кәсіби біліктілігін арттыру және мемлекеттік қызмет жүйесіне заманауи технологияларды енгізу ісін жалғастыруды тапсырды.