2024 жылдың 1 наурызында «AMANAT» партиясы Астана қалалық филиалы жанындағы «Экономика және кәсіпкерлік жөніндегі сарапшылар қауымдастығының» дөңгелек үстел форматындағы отырысы өтті.
Мемлекеттік сатып алуда отандық тауарлардың үлесі артады
1,022
оқылды

2024 жылдың 1 наурызында «AMANAT» партиясы Астана қалалық филиалы жанындағы «Экономика және кәсіпкерлік жөніндегі сарапшылар қауымдастығының» дөңгелек үстел форматындағы отырысы өтті.

Отырысқа «AMANAT» партиясы Астана қалалық филиалының Атқарушы хатшысының міндетін атқарушы Мұхаммед Болысбек, Экономика және кәсіпкерлік жөніндегі кеңес төрағасы Болат Омаров, Астана қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті Түсіндіру жұмысы басқармасының басшысы Қымбат Исенова, Астана қаласының активтер және мемлекеттік сатып алу басқармасы басшысының орынбасары Бауыржан Қайратұлы, «Атамекен» ҰКП «Сауда және қызмет көрсету» өңірлік кеңесінің Төрағасы Нұрлан Нұрмағамбетов қатысты.

Күн тәртібінде Шағын және орта бизнеске қатысты «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» ҚР кодексіндегі негізгі өзгерістер және қолданыстағы Мемлекеттік сатып алу жүйесін талқылау, оларды заңнамалық түзетулерге енгізу үшін тиісті ынталандыру тетіктерінің көмегімен сатып алудағы отандық тауарлардың үлесін арттыру үшін ұсыныстар әзірлеу бойынша екі мәселе қаралды.

Жиынға қатысқан кәсіпкерлер қолданыстағы салық кодексінің түсініксіздігіне шағымданып, бюджетке төленетін өзге де міндетті төлемдер төңірегінде сөз қозғады.

Сондай-ақ, Мемлекеттік сатып алу жүйесіндегі кейбір олқылықтар жайы қозғалып, ұсыныстар білдірілді. Отырыста көтерілген мәселелер мен олардың шешу жолдары тізілген тиісті құжат ҚР Парламенті Мәжілісіне жолданбақ. 

Айта кетейік, бұл мәселе Үкімет отырысында көтерілді. Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Олжас Бектенов мемлекеттік сатып алулар мен квазимемлекеттік сектордың сатып алуларында отандық тауарлардың үлесін арттыра отырып, оларды түбегейлі жеңілдетуді және жеделдетуді тапсырған еді.

Сонымен қатар, Үкімет басшысы мемлекеттік органдарға қысқа мерзімде сарапшылармен және бизнес-қоғамдастықпен бірге қажетті шараларды пысықтауды, оларды Парламент қарауындағы заңнамалық түзетулерге енгізуді тапсырды.