Операцияны өткізу кезінде өз қызметінде медициналық препараттарды пайдаланатын 900-ге жуық кәсіпорын мен ұйым тексерілді.
«Дәрмек» операциясы:  48 медицина қызметкері жауапқа тартылды
Фото: polisia.kz
1,478
оқылды

ІІМ есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл бөліністерінің қызметкерлері ел аумағында «Дәрмек» республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасын өткізді, – деп хабарлайды Aikyn.kz Polisia.kz-ке сілтеме жасап. 

Операцияны өткізу кезінде өз қызметінде медициналық препараттарды пайдаланатын 900-ге жуық кәсіпорын мен ұйым тексерілді.

Есірткі және улы заттармен жұмыс жасау саласында 22 қылмыстық құқық бұзушылық анықталды. 230 адам, оның ішінде 48 медицина қызметкері әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Сақтау ережелерін бұзғаны үшін 43 келі есірткі және психотроптық заттар, 9 мыңнан астам дәрі және медициналық препараттардың 15 мыңға жуық ампуласы тәркіленді. 

Лицензиялау нормалары бұзылған және техникалық нығайту талаптарына сай келмейтін сақтау объектілеріндегі 3 мың тоннадан астам прекурсордың айналымы шектелді.

– Мысалы, тексеру барысында Солтүстік Қазақстан облысының өнеркәсіптік объектілерінің бірінде улы заттармен жұмыс жасау ережелері бұзылғаны анықталды. Ол жерден 45 келі сынап табылып, тәркіленді.

Сонымен қатар елордадағы медициналық ұйымдардың бірін тексеру кезінде есірткі құралдарын сақтау және жою ережелерінің бұзылғандығы анықталып, 350 ампула морфин тәркіленді. Мұндай құқық бұзушылықтар үшін 160 АЕК мөлшеріне дейін айыппұл немесе 40 тәулікке дейін қамауға алу түріндегі жаза қарастырылады. Бұл бағытта жұмыс жалғасуда, – деді департамент бастығы – ІІМ ресми өкілі Шыңғыс Алекешев.