Жергілікті шенеуніктердің мәліметінше, су тасқынының алдын алу қазір мүмкін емес.
Моторлы қайық пен азық-түлік сатып алған: Ақмолада үш ауыл жолсыз қалмақ
553
оқылды

Сандықтау ауданында үш бірдей ауыл су тасқыны кезінде көпірдің болмауы салдарынан сыртқы әлеммен мүлде байланыссыз қалуы мүмкін. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында Сандықтау ауданы әкімінің орынбасары Қайрат Омаров айтты, – деп хабарлайды Aikyn.kz порталының тілшісі. 

Аталған ауданда өткен жылы да Арбузинка, Богородка және Веселое ауылдары айлар бойы жолдарын су шайып кетіп, іс жүзінде «аралға» айналған еді. Арбузинка селосында жергілікті серіктестік көпір салып үлгергенімен қалған екі ауыл су тасқыны кезінде тағы да тасқын судың ортасында қалуы мүмкін. 

– Қазіргі уақытта елді мекендерге бір жарым айға жететін азық-түлік қоры мен ең қажет заттары жеткізіліп жатыр. Ауыр науқастар мен жүкті әйелдер су тасқыны кезінде Веселое, Каменка, Богородка, Барақпай және Красная Поляна ауылдарынан шығарылады, – дейді Сандықтау ауданы әкімінің орынбасары Қайрат Омаров. 

Жергілікті шенеуніктердің мәліметінше, су тасқынының алдын алу қазір мүмкін емес. Тек барынша шығын көлемін азайту бағытында жұмыстар жүргізіліп жатыр. 

«Күзде су өткізу құбырларын қоқыстан тазарту, су арықтарын тереңдету және тазалау жұмыстары жүргізілген. Қазіргі сәтте су өткізу құбырларын тазартып, қарын күреу жұмысы жүріп жатыр. Ауылдық округ әкімдіктері мен жол ұйымдарына автомобиль жолдарында су өткізу құбырларын тазарту жөнінде хат жолданған. Елді мекендерден аудан әкімдігі мен шаруашылық субъектілерінің күшімен қар тасымалдау жұмысы белсенді жүргізіліп жатыр, – деп толықтырды Қайрат Омаров. 

Аудан әкімдігінің мәліметінше, тек ақпан айында ғана аудан аумағындағы елді мекендерден 78150 текше метр қар сыртқа шығарылған. Алайда, өткен жылдарда ауылдарда зардап шеккендер қайықпен қауіпсіз жерлерге көшіріліп, азық-түлік те қайықпен жеткізілген еді. Жағдай қайталануы мүмкін деп есептеген аудан әкімдігі су тасқынына әзірлік мақсатында YAMAXA моторлы қайығын да сатып алыпты. 

– Моторлы қайық су тасқыны кезінде эвакуациялық шаралар мен су басқан аймақтарда тұрғындарды өткізу қажет болған жағдайға алынды. Қайық сондай-ақ жазғы уақытта суға шомылу маусымы кезінде қауіпсіздік мақсатында да қолданылмақ. Мұнымен қоса қар құрсауы кезінде адамдарды эвакуациялау және азық-түлік жеткізіп беру үшін қарда жүретін арнайы шаналы көлікті де сатып алдық, – деді Қайрат Омаров. 

Айта кетсек, ауданда су тасқынына әзірлік және салдарын жою үшін 32 миллион 472 мың теңге қаржы бөлінген. 

 

Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, 

Ақмола облысы