Қарғын су тіпті ондаған үйдің ішіне дейін кіріп кеткен.
Жолдар мен көпірлер жабылып жатыр: Көкшетауда бірнеше шағынауданды су басты
1,906
оқылды

Көкшетауда тасқын судың салдарынан вокзал маңы, элеватор, Сарырқа сияқты бірнеше шеткі аудандарды тұтастай су басты. Қарғын су тіпті ондаған үйдің ішіне дейін кіріп кеткен. Жергілікті атқарушы органдар шаһарда Қылшақты өзенінің бойындағы бірнеше көпірлер мен жолдарды уақытша жабуға мәжбүр болды,  деп хабарлайды Aikyn.kz порталының тілшісі. 

Қазіргі уақытта коммуналдық кәсіпорындар мен төтенше жағдай қызметінің сарбаздары су тасқынымен күресті жалғастырып, көлге айналған көшелерден су сору жұмыстарын жүргізуде. Бірақ техника мен жұмыс күшінің жеткіліксіздігі байқалып тұр. 

Қала әкімдігі су тасқынына байланысты тұрғындардан қозғалыс бағытын алдын ала жоспарлауды сұрады. 

«Су тасқыны қаупіне байланысты Абай көшесінде автомобиль көпірінің бір бөлігін жабу туралы шара қабылданды. Қала тұрғындарынан қозғалыс маршруттарын алдын ала жоспарлауды сұраймыз», – деді Көкшетау қаласы әкімдігінен. 

Қазіргі уақытта қалада бірнеше көшелер жабылып, су тасқынына қарсы жұмыстар жүріп жатыр. 

 

Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, 

Ақмола облысы