Су тасқынының салдарынан балалар үйреншікті балабақшасына бара алмай қалған.
Көкшетауда балабақша су тасқыны салдарынан уақытша жұмысын тоқтатты
838
оқылды

Көкшетауда Қылшақты өзенінде су деңгейінің көтеріліп, өзен суының шамадан тыс тасуы себебінен «Ертөстік» балабақшасы жұмысын уақытша тоқтатуға мәжбүр болды. Балабақшаға балаларын жібере алмаған ата-аналарға бос орындары бар басқа балабақшалар ұсынылды, – деп хабарлайды Aikyn.kz тілшісі. 

Whatsapp әлеуметтік желісінде су тасқынының салдарынан су басқан балабақшада тәрбиеленетін балалар үйреншікті балабақшасына бара алмай қалған. Қашан қалпына келтірілетіні белгісіз болғандықтан әлеуметтік желілерде ата-аналардың наразылығы туындады. Ата-аналардың Whatsapp чаттарын кезіп кеткен хабарламада балабақша жөндеуге жабылып, балалардың демалысқа жіберілетіні айтылған.  

– Құрметті ата-аналар! Балабақша жазғы уақытқа жоспарланған жөндеуге қазір жабылатын болды. Жөндеудің қанша уақытқа созылатыны белгісіз. Сіздер жылына екі айға демалыс ала аласыздар. Білім бөлімінен балалар ұсынылған басқа балабақшаға баруына болады. Егер қаламаса демалысқа өтініш бере алады. Тиісінше жазғы уақытта демалыс болмайды. Сондықтан үйде болатынын жазғандар демалысқа баратынын, яки болмаса басқа балабақшаға баратынын жазыңыздар. Мұны бүгін, яғни басқа балабақшаларда әзірге орын болып тұрған кезде жазу керек, –делінген хабарламада.

Бұл әрине ата-аналар тарапынан үлкен дүрбелең туғызған. 

– Бізге мұнда бірдеңе айтады. Ал шын мәнінде жағдай мүлде басқаша. Балабақшалар бізге өз еркімізбен өтініш жазуға мәжбүрлеп жатыр. Басқа балабақшалар іс жүзінде тұратын мекенжай бойынша қабылдамайды. Бұл сұмдық қой, – деп жазды ата-аналардың бірі. 

Көкшетау қалалық білім бөлімі аталған жағдайға байланысты ресми пікір білдірді. 

– Құрметті ата-аналар! ТЖ салдарынан Көкшетау қаласында Қылшақты өзенінің тасуы себебінен «Ертөстік» балабақшасында су деңгейінің көтерілуі орын алды. Оқу процесін жалғастыру мақсатында ата-аналарға бос орындары бар қаланың балабақшалары ұсынылды, Төтенше жағдай кезеңінде демалысқа өтініш жазудың қажеті жоқ. Өйткені Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрінің 2022 жылғы 31 тамыздағы №385 бұйрығымен бекітілген мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру, тиісті үлгідегі қосымша білім беру ұйымдарының қызметі Қағидаларының 15-тармағының 3) тармақшасына сәйкес төтенше жағдай (әлеуметтік, табиғи, техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар), карантин кезеңінде тәрбиеленушінің мектепке дейінгі ұйымда орны сақталады, – деді ведомстводан. 

Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, Ақмола облысы