Космонавтиканың теориялық негізін қалған Константин Циолковскийдің «планета – адам санасының бесігі, бірақ бесікте мәңгі өмір сүре алмайсың» деген данышпан сөздері бар. Адамзат баласы саналы ғұмыр дәрежесіне көтеріле бастағанда-ақ аспан денелеріне қызығумен болған. Алдымен құстар сияқты қанат байлап жерден көтерілуді ойлады, бұл мақсатқа жеткен соң Жерден басқа планеталарға ұшқысы келді.
Адамзат жер бетінде мәңгі қалмайды, алдымен атмосферадан шығып, кейін бүкіл Күн жүйесінің кеңістігін жаулап алады. Иллюстрация istockphoto.com сайтынан алынды. Авторы: e71lena
«Адамзаттың жер бетінде мәңгі қалмайтынын, жарық пен кеңістікке ұмтыла келе ол алдымен атмосферадан қорқа шығып, содан кейін бүкіл Күн жүйесінің кеңістігін жаулап алатынын» да Циолковский болжап кеткен екен.
Жердің тартылыс күшін жеңіп, бортында адамы бар әлемдегі тұңғыш ғарыш аппараты ғарыш кеңістігіне алғаш рет 1961 жылдың 12-ші сәуірінде көтерілді. КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының 1962 жылғы 9 сәуірдегі Жарлығымен адамның ғарышқа тұңғыш ұшуына орай бұл күн 63 жыл бойы «Космонавтика күні» деп тойланып келеді.
Әлемдік ғарыш тарихындағы тұңғыш оқиғаға Қазақ елінің де тікелей қатысы бар. Адамды тұңғыш ғарышқа көтерген аппарат қазақ жерінен Байқоңырдан ұшырылды. Сондықтан ең ірі ғарыш айлағы орналасқан ел үшін ғарышкерлер мейрамының орны да ерекше.
Қазақтың үш батыры. Коллаж kazpravda.kz сайтынан алынды
Еліміздің ғарышты зерттеу бағдарламаларын қазақтан шық¬қан тұңғыш ғарышкер Тоқтар Әубәкіров бастап берді. Академик Өмірзақ Сұлтанғазиннің ғылы¬ми жетекшілігімен 1991 жылы жасалған ғарыштық ғы¬лыми бағдарламаны кейіннен «Мир» ғарыштық стансасында Талғат Мұсабаев жалғастырды. Бұдан кейінгі қазақстандық зерттеулер Халықаралық ғарыш стансасында жүргізілді. 2015 жылы Айдын Айымбетовтің стансаға ұшуы кезінде 10 ғарыштық эксперимент жүргізілген.
Ғарыштық бағдарламалар өте мықты қаржылай әлеуетті қажет ететіні белгілі. Бүгінде Қазақстанның KazSat-2 және KazSat-3 жерсеріктері еліміздегі ғарыштық байланысты қамтамасыз етуде.
KazSat-2 және KazSat-3 телерадио хабарларын тарату, телефония мен интернет қызметі сияқты телекоммуникациялық қызметтер көрсетуге арналған. Сонымен ғылыми және экономикалық салада да маңызды тапсырыстарды орындайды. KazSat-2 және KazSat-3 аппараттарының қызмет көрсету аймағына Қазақстан, Орта Азия елдері мен Ресейдің орталық бөлігі кіреді.
Марсқа адамдарды қоныстандыру 2050 жылы басталады. Фото naked-science.ru сайтынан алынды. Авторлығы: Wikipedia
Бүгінде технологиялық серпілістің әсерімен ғарышқа ұшу қалыпты оқиға деп саналады. Адамзат өркениеті енді Айдан басқа тіршілікке қолайлы планеталарды іздеуді бастады. Сондай бір бағдарлама бойынша Күн жүйесінде орналасқан Марсқа адамдарды қоныстандыру деп белгіленген.
Әлемдік ғарыш державалары Ресей мен АҚШ-тың, ЕуроОдақ елдерінің Роскосмос, NASA және EKA агенттіктері XXI-ші ғасырдың ортасында, 2045 немесе 2050 жылдарда Марсқа ұшуды басты мақсат деп жариялады.
Коммерциялық SpaceX компаниясы 2029 жылдың басында Starship зымыранының көмегімен Марсқа алғашқы экипажды жіберуді жоспарлап отыр. Марсты отарлаудың алғашқы қадамы ретінде қызыл планетаға экспедиция жеткізу идеясы адамның ғарыштық амбициясының ауқымын көрсетеді.
Марста Жердегі сияқты жыл мезгілдері ауысып тұрады және атмосфера бар. Иллюстрация nasa.gov сайтынан алынды. Авторлығы: Frassanito and Associates, Inc.
Неге ғалымдар Марсты отарлауға қолайлы деп таңдаған? Бұның бірнеше себептері бар. Біріншіден, Марс күні («сол» деп аталады) 24 сағат 39 минут, бұл Жердегі тәуліктің өлшеміне жақын.
Екіншіден, Марста Жердегі сияқты жыл мезгілдері ауысып тұрады. Және Марста атмосфера бар. Ол Күн және ғарыштық радиациялардан, микро-метеориттерден қорғайды, ғарыш аппараттарының ұшып, қонуын жеңілдетеді.
Үшіншіден, Марста су бар, олар мұздардың құрамында және шөгінділер түрінде кездеседі, оларды игеруге болады. Марс атмосферасындағы көмірқышқыл газының үлкен мөлшерін (95,32%) ескере отырып, тағамдық өнімдерді өсіруге, су мен оттегі алу мүмкіндігін жоғарылатады.
Қызыл планетаны отарлауда қиындықтар да бар. Дегенмен Марстың Жерге жақын орналасуы мен ұқсастығы онда адамның өмір сүруіне қолайлы болатынын көрсетеді.
Ғарыш айлағы бар Қазақстанның Марсты отарлау бағдарламасына қатысу әлеуеті жоғары деп саналмайды. Бірақ Байқоңырды пайдалану арқылы басқа елдермен бірлескен жобаларды іске асыруға барлық мүмкіндіктер бар екенін де естен шығармау керек.