Арнайы ескерткіш қойылған бір ғана күй бар. Ол – «Ерке сылқым» күйі.
«Ерке сылқым» күйінің феномені неде?
3,778
оқылды

Әр ғасырдың танымал күйлері болады. Олар көп емес, бір қолдың саусағымен ғана санауға келеді. Міне, «Ерке сылқым» сол аздың бірі. Кез келген адамнан барып «Өзіңіз білетін үш күйді атай аласыз ба?», – деп сұраңыз. Осы үш күйдің біреуі «Ерке сылқым» болады.

Бұл мақаланы жазу керек деп жүргенімізге бірнеше жылдың жүзі болды. Ойымызда мақала жоспарын құрап, теріп-талдап тастасақ та, басын қосып, бүтін жазба ретінде оқырманға ұсынудың реті келмеген еді. Күні кеше ғана күйдің авторы Әбдімомын Желдібаев дүниеден өтті деп хабар естіген соң, алғашқы ойға келгені осы болатын. Бір жағынан күйші атамыздың рухы алдында тағзым ретінде, екіншіден қарапайым қазаққа «Ерке сылқым неге танымал болды?» деген сұрағына жауап беру үшін бұл мақаламызды жазбаққа ниет еттік.

Құрметті оқырман, сөз басынан ескерте кетейін. Бұл мақаламызда «ғажап, таңғажайып күй» дегендей жалпылама мақтауды оқи алмайсыз. Біздің мақсатымыз күйді қарапайым оқырман (кәсіби музыкадан хабары жоқ) түсіне алатындай талдап жазу. Және бұл күйдің қазақтың оң жамбасына келіп, «Неге дәл осы күйдің бағы жанды?» деген сұраққа жауап іздеу.

 

«Ерке сылқым» күйіне қойылған ескерткіш. Шу қаласы С.Сейфуллин атындағы көше.

ХХ ғасыр қазақ даласына жаңа музыка мәдениетімен келді. Бұл, әсіресе, ғасырдың екінші жартысында анық байқалды. Мысалға, Құрманғазы мен Тәттімбет, Біржан мен Мұхит сынды өнерпаздар қалыптастырған/жалғастырған ән мен күйдің арнасы басқа жаққа бұрылды. Мұның себебі де бар. Сол уақытта қазақ даласында Кеңес Одағының музыкалық мәдениеті жайылып, дала мен қалада Одақтың әуендері үздіксіз насихатталды. Бұл насихат эстрада бағытында да, кәсіби классикалық өнер бағытында да жүрді. Заманның озығы сол деп есептелді.

Бір жайтты түсіндіре кетейін. Әр заманның өз сарыны болады. Егер заман деп күнтізбелік жыл санаумен есептесек, ХІХ ғасырдың ән мен күйі ХХ ғасырға мүлдем ұқсамайды. Сол сияқты ХІХ шыққан туындылар XVIII ғасырға тән емес. Тізбек осылай кете береді. Бұл айырмашылықты тындарман өзі-ақ ажырата алады. Ресми ғылымда мойындалған Байжігіт (XVIII ғ.) пен Тәттімбеттің (ХІХ ғ.) күйлерін мысал ретінде тыңдасаңыз, айырмашылығын оңай байқауға болады.

ХХ ғасырдың үшінші онжылдығынан бастап, заман өзінің сарынын да алып келді. Рухты әуеннің орнына, жылаңқы күй шертіле басталды. Бұған әсер еткен екі фактор. Бірі – ашаршылық пен репрессия болса, екінші себеп – домбыра мойнында перне санын 19-ға жеткізу. (Қарапайым оқырман бұл жерде таң қалған шығар. Домбыра онсыз да 19 пернелі емес пе деп... Қазір 19 перне. Алайда Құрманғазы мен Тәттімбет домбырасы, яғни ХХ ғасырдың алғашқы онжылдықтарына дейін бұл мүлдем басқаша болатын)

Бірінші себептегі ашаршылық пен репрессияның жайы түсінікті деп ойлаймыз. Заман тарылып жатқанда оптимистік күй шығару қисынға келмес. Ал екінші себепті нақтырақ түсіндіріп өтейік. 

Байырғы домбырада перне саны он тоғыз болған жоқ. Перне орны болды. Бірақ перненің өзі байланған жоқ. Күйші пернені жылжыту арқылы, қажетті дыбыстарды пайдаланып отырған. Оркестр пайда болып, барлық пернелерді қолдану керектігін түсінген ғалымдар, домбыра мойынына пернені толықтай байлап тастады.

Перне саны көбейген соң, күйшілердің де әуенді құбылтуға көп мүмкіндігі туды. Мысалға, ертеде «мұңлық перне» деп айтылатын бүгінгі сегізінші перненің орны бұрын қолданбаған. Тек буын алмасқанда үстіңгі перне орны ғана болмаса, астыңғы пернені байырғы күйлерде кездестіру қиынның қиыны.

«Ерке сылқым» күйінде Кеңес музыкасына тән, сағыныш пен өкініш сезімін тудыратын «тылсым» (үшінші перне) және «мұңлық пернелер» (сегізінші перне) қолданылады. Енді қызықты қараңыз, халыққа танымал «Салтанат», «Көңіл толқыны» деген күйлерді білесіз ғой. Ол күйлерде де осы екі перне қолданылады.

 

Бұл тек күйде емес, ән өнерінде де кездеседі. Мысалға, Шәмші Қалдаяқовтың әндері осы сарында келеді. Сөзсіз, ырғағы мен нотасы басқа. Бірақ жалпы сарыны сол. Егер домбыра тарта алсаңыз, Шәмшінің кез келген әнін алып, домбыраға салып көріңіз. Қалай тартсаңыз да «тылсым» мен «мұңлық пернені» баспай кетпейсіз.  

Сөз басында жазып кеттік. Кеңес Одағы музыкасының өз ерекшелігі болды. ХХ ғасырдың екінші жартысынан бастап барлық ақпарат құралдарынан белгілі бір музыкалық жанр ғана орындала басталды. Сізге күндіз-түні бір ғана сарынды насихаттай берсе, амал жоқ қаныңызға сіңіп қалады. Бір айдан кейін ұнай бастайды, бір жылдан кейін басқа әуендерді қабылдамайсыз. Он жылдан кейін бұл сенің ұлттық музыкаң сияқты көрінеді.

Бұл жерде кей адамдар конспирологиялық әңгіме де айтылуы мүмкін. Яғни, Кеңес Одағы саясаты халықты тамырынан ажырату үшін әдейі осылай жасады деп. Бірден ескертіп кетейін, біз нақты білмейміз. Қолымызға нақты құжат түспеген соң, нақты ештеңе айта алмаймыз. «Ия, солай» немесе «Жоқ, олай емес» деп кесіп жаза алмаймыз. Бір ғана белгілі жайт – қазақ музыкалық өнерін басқа арнаға бұрылып кетті. Бұл – факт.

Құрметті оқырман, «Ерке сылқым» күйі – өз уақытының жемісі. Композитордың заман талабына сай күйді тудыруы да, сол күйді халықтың да қолпаштап алып кетуі таңқаларлық. Өз уақыты мен өз орнында болу деген осы шығар.  

«Ерке сылқым» күйі халық арасында неге аса танымал болды деген сұрақтың жауабы осы. Бұл – біздің пікіріміз. Егер өзге де пікіріңіз болса, Aikyn.kz сайтына жолдаңыз. Кезіндегі үрдісті жалғастырып, баспасөз бетінде талқылау жасайық.